Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Семейдегі орманның өртенуі адам қолымен жасалған іс болуы мүмкін

902 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының директоры Мұрат Дәулетов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Кеше 21 мамыр күні 13 сағат 50 минутта Семей орманының өртті бақылау мұнаралары Энергетик кенті маңынан әлдебір түтінді байқаған. Содан кейін 14 сағат 08 минутта өрт сөндірушілердің екі көлігі жетіп, олар бірден іске кірісіпті.

Семейдегі орманның өртенуі адам қолымен жасалған іс болуы мүмкін

Фото: автор

- Біз өрт сөндірушілерден «көмек керек пе?» деп сұрадық,-деді «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының директоры Мұрат Даулетов,-олар көмек керек емес деді. Сөйтіп тұрғанда орман алқабының тағы екі-үш тұсынан оттың тұтануы басталды. Бұны байқаған соң, от шыққан тұсқа өзім дереу жеттім. Кіру мүмкін емес. Орманның осы тұсына техника кіре алмайтын болған соң, біраз кедергі, қиындықтарға тап болдық. Сол себепті еріксіз тікұшақтарды көтеріп, су аспаннан жаудыруға тура келді. Екі тікұшақ жанталаса өртті жоғары жақтан сөндіруге тырысты. Көк түтін басып кеткенін бүкіл қала көріп отыр.  Шеткі тұстарына техниканы да әкеліп қойдық, өрт бері қалаға қарай келсе сөндірмек ниеттеміз. Бүкіл біздің филиалдардағы өрт сөндіретін көліктерді жинап, жұмылдырдық. Екі сағаттың ішінде 40 өрт сөндіру көлігі, 3 тікұшақ, 10 трактор, 4 автобус, су шашуға арналған «Зеленстрой» мекемесінің 5 су тасушы көлігі бар, 350 адам жұмыла өрт сөндіру жұмыстарына кірісті.

Мұрат Дәулетовтың айтуынша, тез арада  су толтыру мәселесі де қиындық туғызып, қалалық гидранттарды пайдалануға тура келген. Кешкі 19.50-де өрттің басым бөлігі ауыздықталды. Жел секундына 10-12 метр жылдамдықпен соққан. Қазірде күйген, қоңырсыған ағаштың түптері толығымен өшіріліп жатыр. 350 адамның тең жартысы ғана жұмыс істеуде. Көпшілігі тарады, қазір қауіп жоқ. Өрт ауыздықталды, деп айтуға болады. Келген шығын әлі есептелген жоқ.

- 300 гектардай жер өртеніп кетті,-деді журналистердің сұрағына жауап беру барысында Мұрат Дәулетов,-бірақ, ол жерлер күйік, күлден толық аршылған соң, қайтадан қарағай, шырша сияқты орман ағаштары мен орман өсімдіктерін отырғызамыз. Біз жыл сайын 14-15 миллион көшет, орман өсімдіктерін отырғызамыз, бұл жер толық қалпына келеді. Ол үшін біздің тәжірибеміз жеткілікті.

Энергетик кентіне өрт сөндіру көліктерінің кіре алмауы да кеше үлкен проблемаға айналған. Мұрат Дәулетовтың айтуынша, Энергетик кентінің орманмен жалғас тұсына тұрғындар қоқыс қағаздары мен қалдықтарын төге береді екен. Осы қоқыстардың тау боп үйіліп кеткені соншалық, өрт сөндіру көліктері кіре алмапты. Тұрғындардың осы жауапсыз әрекетін айтып, тәртіпке ешкім шақырып отырған жоқ.

- Кеше біз орманнан шыққан өрт қаланы алып кетпесе деп жанталастық,-деп жалғады сөзін Мұрат Дәулетов,-барлық күшімізді өрт үйлерді қоса алмасын деп сол жаққа да жұмылдырдық. Шеткі үйлер тіпті 200-300 метрде ғана болды. Семей қалалық ТЖ басқармасы өрт сөндіру қызметімен бірлесіп, ақыры тілсіз жауды тоқтаттық.

- Өрттің шығу себебі неде? - деген сұраққа Мұрат Дәулетов былай деп жауап қайырды:

- Бұған кінәлі тек қана адамдардың ісі дей аламын. Кеше жаңбыр жауып, найзағай түскен жоқ. Бізде көбінесе найзағай түсіп, өртеніп жатады. 21 мамыр күні күн ашық болды. Орманның осы тұсында адамдар көп жүреді, қалай болса солай қоқыс тастап кетуі мүмкін, балалар ойнап өртеп кетуі де мүмкін, біреу шылым шегіп, тастап жіберді ме, кім білсін, біреу тіпті әдейі өртеу де мүмкін, әлі анықталған жоқ. Не болса адам ісі болып отыр. Биыл Бесқарағай ауданындағы Канонерка тұсында балалар ойнап, тұтатып алған еді. Мен өзім барып дереу өшірттім, әрине өртенген жоқ, орман ол кезде аман қалды. Ал Семейде кеше өртенген жер Энергетик кентіндегі жер үйлер орналасқан орманның тұсы, өрт сол жерде басталған. Өрт бірден үш жерде болғанына қарағанда, біреу әдейі өртеді ме деп отырмыз. Бұл әлі болжам. Сондықтан, құрметті тұрғындар, орман біздің байлығымыз! Оны қастерлей білейік дегім келеді.

Раушан НҰҒМАНЕКОВА