Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Елордалық шығармашылық топ Атырауға жетті

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық әртістердің еліміздің бас қаласының 20 жылдығының құрметіне Қазақстанның қалалары бойынша үлкен гастрольдік туры жалғасуда. 22-24 мамырда Астананың мәдениет күндері Атырауда өтеді. 

Елордалық шығармашылық топ Атырауға жетті

Кешке музыка өнерін бағалаушылар үшін нағыз тосын сый жасалады. «Астанадан ақ тілек» концерті Облыстық халық шығармашылығы орталығында (бұрынғы Жастар мәдениет сарайы) ұйымдастырылады. Сахнада Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымдары өнер көрсетеді. Атап айтқанда, «Сарыарқа» халық музыкасы, эстрадалық би, «Шалқыма» би ансамбльдері, сондай-ақ классикалық және эстрадалық вокал солисттері. Концерт сағат 19.00-де басталады. 

Келесі күні Облыстық халық шығармашылығы орталығында (бұрынғы Жастар мәдениет сарайы) өтетін «Елордадан елге сәлем» концертіне елордалық филармония ұжымдары қатысады. Сахна төрінде Қазақ оркестрі, «Шалқыма» халық би ансамблі, халық ән бөлімі және классикалық және эстрадалық вокал бөлімі өз өнерін ортаға салады. 

24 мамыр күні сағат 19.00-де Облыстық халық шығармашылығы орталығында (бұрынғы Жастар мәдениет сарайы) «Астанадан ақ тілек» атты ГАЛА концертке елордалық филармония ұжымдары қатысады. Сахна төрінде Ринат Малцагов, Клара Төленбаева сынды эстрада жұлдыздары, «Арт-Домбыра» триосы өз өнерін ортаға салады.

Екі күн бойы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі таңғы сағат 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін бейнелеу өнерінің «Ақ тілекпен, Астана» көрмесі жұмыс істейді. Көрменің салтанатты ашылуы 15.00-де басталады. Экспозицияға отандық суретшілердің 100-ден аса туындысы шығарылады. Оның ішінде С.Смағұлов, М.Бекеев, Р.Құлбатыров, С.Аллабергенов, Н.Қаржасов және басқалары бар. Мұнымен қоса, көрмеде Жанна Спунердің жеке коллекциясынан алынған еңбектерді, астаналық шеберлердің мүсіндері мен картиналарын көруге болады. Елордалық көрмені тамашалауға келген қонақтар отандық қылқалам шеберлерінің шығармашылық әлеуетіне, олардың даралығы мен кенепте көрініс тапқан қоршаған ортаны бейнелеу өнерлеріне өз бағасын береді. 

Сонымен қатар, көрмеде авторы Өмірбек Тілеулиев болып табылатын «Елім-ай» сериясы көпшілік назарына ұсынылып отыр. Оның еңбектерінен қазақ халқының өткенімен танысуға болады.