Аймақтар • 23 Мамыр, 2018

Қызылорда: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 600-ден астам іс-шара атқарылды

1591 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, аймақта атқарылып жатқан игі істерді таныстыру мақсатында баспасөз мәслихаты өтті.

– Қазіргі жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы заңдылық. Осы орайда Мемлекет басшысының «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар болмақ, – деп мәслихаттың беташар сөзін бастаған өңір басшысы әрі қарай бағдарлама аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Атап айтар болсақ, өткен жы­лы бағдарлама аясында об­лыста 600-ден астам іс-шара ұйым­дас­тырылып, 79 жоба жүзеге асыпты. Соның бірі – «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында облыс аумағында орналасқан 12 нысан жалпыұлттық тізімге, 35 нысан өңірлік маңызға ие ескерткіштер қатарына қосылса, интерактивті картаға әртүрлі деңгейдегі 150 ескерткіш қамтылыпты. 

Жоғарыдағы жалпыұлттық маңызға ие болған нысандар қатарында: Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сығанақ және ежелгі тарихи орындар: Жан­кент, Жент, Шірік-Рабат қала­шық­тары, Қорқыт ата, Бегім ана, Оқшы ата, Хорасан, Қылышты кешен-кесенелері мен Жанқожа, Бұқарбай батырлар мазары еніпті. 

Осылардың ішінде Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені мен оның жанынан ашылған этноауылға келушілер көп. Өткен жылы нысанды тамашалау үшін 15 мың адам ат басын бұрған. 

Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жаңадан «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылып, аймақтағы 12 музейдің экспозициялары жаңа­ланыпты. Өңірлік мәні басым «Тәрбие және білім», «Руха­ни қазына», «Атамекен», «Ақ­парат толқыны» сияқты кіші бағдарламалар әзірленіп, жол картасы негізінде 81 жоба жүзеге асырылыпты. Биыл осындай мақсатқа облыстық бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, демеушілер есебінен 22 млрд теңгеден астам қаржы тарту жоспарда бар екен. 

Өңір үшін тағы бір басты жаңалық Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік универ­ситетінде «Рухани жаңғыру» кафедрасы ашылып, ол жерде «Мәңгілік Ел және ұлттық дәс­түр», «Өркениеттің негіздері» атты арнайы пәндер оқытылуда. 

Мұның сыртында, орта арнаулы білім беру мекемелеріне арналған қазақ тілінде «Өлкетану» атты оқулық әзірленіп, оның са­рап­тамадан өткен соңғы нұсқа­сы баспа өндірісіне жолданса, облыс орталығындағы «Да­рын» қосымша білім беру мек­те­бі жанынан физика-математика мектеп-интернатын ашу үшін ұйымдастыру-дайындық жұмыс­тары жүргізілуде екен. 

Соңғы төрт жылдан бері ай­мақта халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық- музыкалық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналып, бұл мә­дени шараға Ресей, Татарстан, Баш­­құртстан, Тува, Әзербайжан, Өз­бекстан, Қырғызстан, Англия, Түр­кия, Қытай және еліміз өнер­паз­дары қатысып, жыл өткен сайын фес­­тиваль ауқымы кеңейіп келеді. 

 – «Сыр елі – жыр елі» дейтіндей болашақта облыс орталығында заманауи деңгейде жарақталған жыраулар мектебі «Қазақ дәстүрлі өнер академиясын» ашып, «Ру­ха­ни жаңғыру» бағдарламасы негі­зінде жыршылық дәстүрді насихаттайтын боламыз, оған ел көлеміндегі барлық талантты жас­тарды тартуды ойлап отырмыз, – дейді Қырымбек Елеуұлы. 

Сондай-ақ алдағы күндері облыстың тарихы мен мәдение­тінен сыр шертетін фотоальбом жарық көрмек. Бұл жинаққа АҚШ пен Еуропа елдері архивтерінен алынған Сыр өңірінің тарихына қатысты тың деректер тұңғыш рет жарияланбақ. 

Өңірде «Туған жер» жобасын сәтті жүргізу үшін былтыр кә­сіпорындар мен жергілікті әкім­дік арасында өзара әріптестік туралы меморандумдар жасалып, нәтижесінде меценаттар есебінен білім, мәдениет ұйымдарының ғимараттарын жаңартуға, балалар ойын алаңдарын, аллеялар мен скверлер салуға 6 млрд теңгеден астам қаржы тартылыпты. 

Аймақтың білім саласында да жаңалық жетерлік. Қазіргі таң­да қызылордалық 452 түлек келісімге сәйкес Ресей Федера­циясы үкіметінің бюджеті есебі­нен Мәскеу мен Санкт-Петер­бургтің беделді жоғары оқу орындарында инженерлік білім алып жа­тыр. «Қызылорда – осындай білім беруді ұйымдастырып отыр­ған еліміздегі бірден-бір облыс», дейді өңір басшысы.

Бұл іс әрі қарай да жалғаса бермек. Биылдан бастап М.Ломо­носов атындағы Мәскеу мемле­кеттік университеті «Кибер­қауіп­сіздік» және «Процестерді мате­матикалық модельдеу» ма­ман­дықтары бойынша қызылор­далықтар үшін арнайы 20 грант бөлсе, Татарстан басшысы жыл сайын 20 жасты өз елінің есебінен Иннополис университетінде ақпараттық және цифрлы технологиялар бойынша оқытуды қолдап отыр. Бұған қоса, 2013 жылдан бастап аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды бала жыл сайын облыс әкімінің гранты бо­йынша білім алуда.

Қысқасы, Сыр елінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруа ұшан-теңіз. Десек те облыс бас­шы­лығы Жоғарғы сотпен бірле­сіп, өңірлік дауларды сотсыз шешу мақсатында «Сотсыз тату­ла­су орталығын» құру туралы қанат­қақты жобаны қолға алыпты...

 – Ең бастысы, бізде қандай да жұмысты нәтижелі жүзеге асы­ратын мүмкіндік бар. Осыны терең ұғынған жағдайда ғана біз Елбасының халық игілігі үшін қо­йып отырған міндеттерін абыроймен атқара аламыз, – деп жиынды қорытындылады өңір басшысы. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»