Әлем • 23 Мамыр, 2018

Жаһан жаңалықтары: Мбаппе сатылмайды

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ПСЖ командасының президенті Нассер әл-Хелаифи 19 жастағы шабуылшы Килиан Мбаппе ешқандай сомаға сатылмайтынын айтты.

Жаһан жаңалықтары: Мбаппе сатылмайды

«Мен Мбаппенің трансфер нарқын айтқанымды қалайсыздар ма? Егер сіздер маған миллиард еуро ұсынсаңыздар да мен оны сатпаймын», деп мәлімдеген ол Sky Sports басылымына. Мбаппе ПСЖ клубына өткен жылдың жаз айында «Монако» сапынан ауысып келген еді. 

Айта кетейік, Париж командасы жас футболшыны бір жыл жалға, кейіннен 180 млн еуроға сатып алу келісімшартымен алған еді. Ол бір маусым ішінде ПСЖ сапында 21 гол соғып үлгерді.

Швеция атағын қорғап қалды

Хоккейден Данияда өткен әлем чемпионатының финалында Швеция құрамасы Швейцарияға қарсы ойнап, буллит сериясында жеңіске жеті.

Екі құрама арасындағы финалдық текетірестің негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталды. Швейцария құрамасы сапынан шайбаны Нино Нидеррайтера (17-минут) мен Тимо Майера (24-минут) соқса, швециялықтардан Густав Нюквист (18-минут) және Мика Зибанеджад (35-минут) екі голмен қарымта қайтарды. Ал буллит сериясында Швеция құрамасының хоккейшілері мергендік танытып, 2:1 есебімен басым түсті. Осылайша, Швеция былтырғы әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

Үшінші орынды Канада құрамасын 1:4 есебімен жеңген АҚШ хоккейшілері иеленді.

Надаль өз рекордын жаңартты

Испаниялық теннисші Рафаэль Надаль Римде (Италия) өткен «Мастерс» турнирінің финалында жеңіске жетіп, аталған жарыстың сегіз дүркін чемпионы атанды.

Осылайша, Надаль «Мастерс» сериясындағы 32-ші жүлдесіне қол жеткізіп, өз рекордын жаңартты. Енді ол екінші орында келе жатқан Роджер Федерерден екі жүлдеге озып кетті. 

Сонымен қатар бұл испаниялық теннисшінің карьерасындағы 78-ші жүлдесі. 1968 жылдан бері жекелей сайыстағы жүлделер саны бойынша төртінші орынға көтерілді. Надальдің алдында Иван Лендл (94), Роджер Федерер (97) және Джимми Коннорс (109) бар.

Айта кетейік, Надаль Римдегі жеңісі үшін 1000 рейтингтік ұпай алып, әлемнің бірінші ракеткасы атанды.

Дайындаған Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»