Аймақтар • 23 Мамыр, 2018

Павлодарда киелі жерлерді атпен аралауға шықты

720 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ат үстінде жолға шыққан тарихи-танымдық топ мүшелері сапарларын Елбасының «Рухани  жаңғыру» мақаласының бір жылдығына арнады.  Облыстық мәслихат депутаты Орал Сартаев бастаған топтың мақсаты – еліміздің өңірлерін, киелі жерлерін, ауылдарын  бұрынғыдай салт атпен аралауға болатынын көрсету. Жастармен кездесіп, ұлттық ат спорты түрлеріне  қызықтыру. 

Павлодарда киелі жерлерді атпен аралауға шықты

Орал Сартаевтың айту­ын­ша, биыл екінші рет ұйым­дас­ты­рыл­ған салт аттылар сапары әлі де жалғасады. Былтыр «Алаш» пар­тиясының 100 жылдығына орай «Ұлыларға тағзым» аталатын атты экспедиция Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин ауыл­­дарына барып, тағзым етіп­­­ті. Аймауытов ауылында көк­пардан жарыс өткізді. Осы ауылдардағы Күреңбай сын­­шының зираты, Қабылбек, Қа­зі­рет қорымдарына, Майлы тон­дардың ескі зиратына, Нұр­ға­ли молданың мед­ре­сесі болған орын­ға, Қосым Пі­шем­­баевтың зира­тына дұға оқып қайтыпты. Салт ат­ты экс­педицияның екін­ші мақ­саты бұрынғы өткен баба­лар­дың көш жо­лын жаңғыр­туы­мен ерек­ше­лен­ді. Баянауыл, Ерей­мен­тау болсын, ұлы қазақ­тың әр жері – тұнып тұрған ұлы тарих. Ұрпағы тағ­зым етер күңгір-күңгір ғасыр дау­ысын оята білуміз аса қажет. Салт атты­лар экспедициясының мақ­саты осы. 

– Сондықтан біз де атала­ры­мыздың бұрынғы ат үстіндегі жо­­лын қайта жаңғыртып, жолға шық­тық. Арқа төсін жайлаған Сүйіндік елі жаз жайлауға бес қатар болып көшкен екен: Қар­­жас елі Ботақара, Аяулы, Нияз, бір шеті қазіргі Астанаға дейін же­теді. Екінші жақтан Айда­бол елі арқылы Өлеңті мен Шідер­ті­ні кесіп өткен. Үшінші жол – Ақбура-Тұлпар елінің жо­лы. Төр­тіншісі – Күліктердің көш жо­лы, бесіншісі – Қозған елі­нің жо­лы, Екібастұздан әрі Қан­жы­ға­лы елінің көш жолы екен, – дейді аудандық мәслихат депутаты Алдамжар Алтынбек. 

Экспедиция құрамында «Абы­лай» шаруа қожалығының бас­­шысы Абылай Жүнісов, атбегі Саят Сарбасов, Жаңатілек ауылы­нан Әли Адамбек, аудандық газет тілшісі Еламан Қабділәшім сияқты жастар бар. Сапарға шық­қан салт аттыларға аудан әкім­дігі мен «Нұр Отан» партия­сы аудандық филиалы қолдау көр­сетті. Соңдарынан Жұпар Әб­­ді­кәрімов, Ержан Байкеновтер бір апта бойы көлікпен жүріп отыр­ды. 

Еламанның айтуынша, салт атпен жолға шыққан жас­тар үшін бұл өте ерекше са­пар бо­лыпты. Салт атты экспе­дицияны. Жаңатілек ауылында Алда­­мжар аға күтіп алыпты. Дас­тарқан басын­да экспедиция мүшелері Имаш ақсақалдың әңгі­ме­лерін, қи­сса-дастандарын диктофонға жазып алып­­ты. Қиссашы «Ер Тарғын» жы­­рындағы Тарлан аттың сипа­тын, Мәдидің жырын айтып бе­­ріпті. Ауыл шетінде Жаяу Мұ­са­ның зираты, Тотия ана зи­ра­­ты, Қазыбек бидің сөре тасы си­­яқ­ты әр қазақ шежірелі сыры­на үңілуі қажет орындар бар. Қазыбек би Баянауылда қыс түсіп кеткенде дүниеден өтеді. Мәйітін сөре тасқа кереге жайып, былғарымен орап сақтайды. Көктем келе өсиеті бойынша қы­рық жігіт Түркістандағы Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесіне жер­лейді. 

– Ал екінші күні Шәмен ата зи­ра­тына, ерте заманда жыл­қы­ның қылы қосылып, бие сү­ті­мен иленген «Қыз зиратына», Алтынбек ата бейітіне, Ни­яз қожа зиратына дұға жасап, Құрманбай абыз қорымына аял­да­дық. Абыздың ұрпақтары Аллаберген Қаратай, Сембай Адамбек қарсы алды. Ұрпақтары баба басына келушілерге арнап үй салып, зиярат етуге лайық жасапты. Ауыл ақсақалдары Дəу­лет Сүлейменов, ауыл әкімі Қуа­ныш Шалбаевтар айтқан көне әң­гі­ме­лерді де жазып алдық, – дейді Еламан.

Құрманбай абыз Байқонақұлы (1821-1891) Қызылжарда, Таш­кент­тегі «Көкілташ» медре­се­сін­де, Сириядағы Шам қала­сында оқып хасида ілімін меңгерген. Баянауылға келген соң Қоңыр әулие үңгірінде 11 жыл шырақшы болған. Баянауылдың Мұса мыр­засы Құрманбай абыздың қа­сиетін мойындап, Тайжеген қыс­тағына қоныстандырған екен. Ол жер Сəтбай қонысы Айрық­пен көршілес орналасқан. Ға­лым Қаныштың әкесі Имантай ақса­қалмен де сыйлас болыпты. Ел ішіндегі осындай мағыналы әңгі­ме­лерді ауыл ақсақалы Мұхамет-Қайыр Шəріпов айтып беріпті.

Салт аттылардың келесі аял­да­­ған жер – Құндыкөл ауылында Ринат Тимаш, Ақбота Жұмаш, Айбота Әли сынды па­луандардың белдесуі өтіпті. Жас па­луан­дар Бауыржан Күл­жан, Құдайберген Серғазин және «Баянауылдың тұңғыш барысы» Дәулет Мәжиттен тәлім алған­дар. Салт аттылар да құр кел­мепті, «Рухани» жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл кітапханасына кітаптар сыйлады. Көкдөмбақ ауылында шаруа қожалығын басқарып, ауылына бас-көз болып жүрген Қайыр Рамазанов қарсы алды. Ауыл маңындағы Әбжалап диуана, Түркілердің табыну орнына барып тәу ету де парыз.

Келесі күні Үкібай би Найза­бек­­­ұлы мен Кеншінбай би Ораз­бай­­ұлы бейіттеріне дұға жасап, Жаңажол ауылы арқылы Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесе­не­сіне тоқтады. Кесене басында құрбандық шалынып, ас берілді. Әулиенің шөбересі Жастілек Сүйіндікұлы, әкелі-балалы Жұм­кен мен Тілек Сейітов, Жеңісбек Пəзілдер бір-бірімен айтысып, өлең-жырдан шашу шашты. 

Бұдан соң топ мүшелері «Ертіс-Қарағанды» арнасын қи­ып өтіп, Ерейментауға аттанады. Ертіс өзенінің су қорына не­гіз­деліп 1974 жылы іске қо­сыл­ған арнаның ұзындығы 458 шақырым. Арна бойындағы 22 су кө­тергіш стансасы суды 420 метр биіктікке көтереді, 11 су торабы, 2 бөген, 17 көпір және автомобиль жолы салынған. 

Бұған дейін Баянауылдағы Ұлт­тық парк директоры Сүйіндік Ахмет­жанов, өлкетанушы Ал­тын­­бек Құрмановтар баста­ған экспедиция Ерейментау ба­тыр­­­ларының бірі – Олжабай То­лы­­байұлы рухына тағзым ету үшін жолға шыққан еді. Ақын Сайлау Байбосынның айтуынша, Ереймен тауының баурайындағы ауылға 2005 жылы Олжабай батырдың есімі берілген. Бұрын ауылда түгелдей неміс ұлтының өкілдері тұрыпты. Енді міне, атамызды еске алар, жоқтап, соңынан іздеп келген ұрпақтары да жетті, дейді.

Экспедициямен бірге Олжа­бай батырдың шөпшегі, акаде­мик Әлкей Марғұланның қызы Дәнел апамыз, батырдың алтыншы ұрпағы Мырзакәрім Хақанов, ға­лым Қырықбай Аллаберген, Болат қажы Байпақбаевтар да іле­се жетеді. Олжабай батыр зира­ты басына барып, құран бағыштайды. Батыр баба туралы тарихи деректер айтылады. Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қырықбай Алла­бер­ген­нің айтуынша, Олжа­бай батыр туралы Сақау ақынның «Олжабай батыр» жыры, Жаяу Мұсаның «Ер Олжабай» дастаны бар. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың бірнеше нұсқадан тұ­ратын «Он сан орта жүзге ұран болған ер Олжабай» деген әңгімесі бар. Тарихи дерек­терде хан Абылай оны «Ер Олжабай, Қу жар­ғақ (атқан оқ Олжабайға тиме­гендіктен)» деп атаған екен. 1741 жылдың шамасында Баянауыл маңында жоңғар әскер­­лерімен болған шайқас ел есінде «қалмаққырылған» деп қалды. Олжабайдың өз қолымен жазып қалдырған қара кітабы болған. Онда соғыстар жайлы әңгімеленіп, Қазыбек би, Абылай, Бөгенбай есімдері ата­лады. Батырдың туы 1937 жылға дейін сақталған. Әлкей Мар­ғұ­лан Олжабайдың шөпшегі болса, ақын Олжас Сүлейменов – же­тінші ұрпағы. Батыр зира­ты­ның қасында Шорман биге ескерткіш тас орнатылыпты. Көп сырды бүгіп тұрғандай. Экспедиция мүшелері Тәуке ханның Билер кеңесінің мүшесі болған, «Жеті жарғыны» жазуға қатысқан Едіге Төлебайұлы жерленген зиратқа келіп тәу етеді. Бидің басына е­с­кер­ткішті 2016 жылы Далба же­рін­дегі ұрпақтары орнатыпты. 

– Иә, ұлы бабалар жолы, өт­кенге тағзым жасау – парызы­мыз. Орал ағамыз бастаған «Ба­ба­лар жолымен» экспе­ди­ция­­с­ы­ның сапары жазылып, фо­то­суреттерімен үлкен бір та­рихи-танымдық кітап болып жа­рық­қа шығары да сөзсіз. Сапар со­ңында Бозтал ауылына келіп жет­тік. Ақсақалдары бата беріп, жі­гіттер аттан түсірді, бойжеткен­дер қы­мыз ұсынды. Үмбетей жырау атын­дағы мәдениет үйінің өнер­паз­дарының өнеріне қол соқтық, – дейді Еламан. 

– Тарихи-танымдық сапар­дан үлкен ой түйдік. Баян­ауыл мен Ерейментаудың әр ауы­лын­да, әр жотасында қазаққа қа­тысты ше­жірелі құпиялар аз емес. Арғы та­рих зерттеушілерді күтіп жатқандай. Ал бергі тарих деп көз салсақ, біз келген Бозтал ауылынан Екінші дүниежүзілік соғысқа 80-ге жуық адам аттаныпты. Аталарымызға ескерткіш орнату суретші ағамыз Сайлау Жылқыбайдың бастамасымен қол­ға алынды. Баянауылдың жақ­пар тастарын әкеліп, белгі ор­наттық. Тас бетіне 75 жауын­гер­дің есімдері жазылды, – дейді Орал Рахмашұлы.

Ескерткіштің ашылу рәсі­мін­де ауыл әкімі Қанат Мұқанов, Орал Сартаев пен Алдамжар Алтын­бек сөйледі. Ақын Сайлау Байбосын жыр арнады. 

Жиынға Ерейментау ауданы әкімінің міндетін атқарушы Абай Əлжанов, Бозтал ауылының əкімі Қанат Мұқанов, Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Мә­де­ниет Ахметовтер, әнші Жə­нібек сал Мәліков, ақындар Сайлау Жылқыбаев пен Сайлау Байбосын қатысты. Жиналған жұртшылық салт атты экспедиция мүшелерін «Жорытқанда жолдарың болсын!» деп шығарып салыпты. Қазақтың екі ауданы Баянауыл мен Ерейментау арасындағы мәдени-рухани үйлесім ұзағынан жарасым тапсын деп тілек арнады.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы

Суретті түсірген Еламан Қабдыләшім 
 

Соңғы жаңалықтар