Аймақтар • 23 Мамыр, 2018

Ахмет Бай­тұр­сынұлының балалық шағы өткен үйі қалпына келтіріледі

1745 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай облысында 29 киелі орын бел­гі­ле­ніп, олардың картасы жасалды. Солардың арасында 10 қасиетті орын: Торғай гео­глиф­тері, Қамысты мекені, Екі­дің діни ескерткіші, Барақ, Жәу­ке, Ыбырай Алтынсарин, Мір­жақып, Әбдіғапар хан, Кей­кі батыр кесенелері, сонымен қатар Амангелді батыр жерлен­ген орын ұлтымыздың мақ­та­ны­шы деуге негіз бар. Ал та­ри­хи мазмұны кейінгі ұрпақ­қа мұра боларлық 19 киелі орын­ның да рухани маңызы жо­ғары. Олардың арасында ұлт ұс­та­зы, Алаш ардақтысы Ахмет Бай­тұр­сынұлының кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен үй де бар. Оның орналасқан жері Жангелдин ауданындағы «Ахаң­ның Ақкөлі» атанған Ақкөл көлінен, сол жердегі Қа­ра­су мен Южный ауылдары­нан алыс емес. Сол маңда Бай­тұр­сын­ның әкесі Шошақ әуле­ті­нің қорымы да жатыр.

Ахмет Бай­тұр­сынұлының балалық шағы өткен үйі қалпына келтіріледі

Шамамен ХІХ ғасырдың орта тұсында салынған үйдің біз­дің уақытымызға тек іргетасы ғана жеткен болатын. Арқалық қа­ласындағы «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер орта­лы­ғының директоры Еле­на Цве­нтух ханымның бас­та­масымен 2009 жылдан бері Ахмет туған өл­кеге қатарынан бір­неше рет та­нымдық экспедиция жасалған болатын. 

– Бұл жерде Ахаңның әкесі Байтұрсынның кенже інісі Мәшен­нің шымнан салынған қыс­тауы болған. Сиыр қоралары  бертінге дейін сақталған. Ахаң осындағы қоржын үйде туған екен. Оның қабырғасы 1974 жылға дейін сақталған. Ау­ыл ақсақалдары ол кезде «Ахаң­­ның үйі ғой» дегенді сы­быр­­­ласып айтады екен, – дейді осы төңіректің тарихын қолмен қой­ғандай білетін, Ахаң әуле­ті­нің шежіресін «Баба­мыз бекзат данышпан» деген кішкентай кі­тапшаға сыйдырған Ибрагим Ағытай ақсақал. 

Расында, Ахмет Байтұрсынов ту­ған бұл үйде өткен ғасырдың 50-ші жылдары осы айналадағы шаруашылықтың қойшылары тұрыпты. 

– Біздің экспедиция ең ал­ғаш 2009 жылдың жазында кел­ді. Ол кезде үй іргетасының но­байы ғана қалған екен. Ауыл ақса­қалы, осы үйде 50-ші жылда­ры тұрған Қадыржан Бөрібаев ақса­қалды ұйып тыңдадық. Ол кісі «саманнан құйылған кесек­тен өрілген қоржын үй» деп сурет­теген еді, – дейді Арқалық қала­сын­дағы «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер орта­лы­ғы директорының орынбасары Игорь Роговой. 

Ахмет Байтұрсынов туған үй Южный мен Қарасу ауыл­­дарының қақ ортасында орна­ласқан. Екі жағына да 3,5 ша­қы­рым жерде тұр. Екі ауылдан Манат Уәлин, Балғабай Қалиев, Жетпісбай Қадырханов, Бәлдік Бекетов сияқты жігіттер білек сыбанып шығып, асар ұйымдастырады да, Қадыржан ақсақал сызып берген жобамен бір жазда үйді салып үлгереді. 

– Үй қайта тұрғызылғаннан кейін, 2011 жылы жазда біздің экс­педиция тағы да келді. Үйдің ішіне кілем, көрпеше төселіп, ауыл тұрғындары ас берді. Ба­­­лалар Ахметтің өлеңдерін оқы­­­ды, мен айтып жеткізе ал­май­­тын керемет әсерлі отырыс болды. Сол жолы ауыл ақ­са­қалдарының көзіне жас ал­ға­нын көрген едім. Содан кей­­ін Ахмет Байтұрсыновтың 140 жылдығы мен «Қазақ» га­зе­тінің 100 жылдығында да осы үйде басқосу өтті, деп жал­ғастырады әсерін Игорь Ива­нович. 

Бірақ уақыттың көшіне саман үй төтеп берер емес. Ахаң ұрпақтары қалпына келтірген үйдің тағы да тозығы жетіп тұр. Облыс әкімі Архимед Мұ­хамбетов биыл «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясын­да облыстағы киелі орын­дарды жөндеп, қалпына кел­ті­руге демеушіліктен тартылған 88,5 миллион теңге қаржы жұм­са­ла­тынын айтты. Биыл Ахмет Бай­тұрсынов ту­ған үйге, Барақ батырдың ке­се­не­сі­не және Қасиетті Нико­ль­ский шір­кеуі­не қайта қал­пына кел­ті­ру жұ­мыстары жүргізіле­ді. Ахмет ұр­пақ­тарының бірі Иб­ра­гим Ағытай аға Ахаң үйінің жо­ба­­­сын мамандарға айтып отырып жасатып та қойыпты. Үй дай­ын болғанда оған келушілер де көп боларына ауылдастардың се­німі мол.Торғайдағы Ақкөл ма­ңына табаны тиген кім болса да: «Ахаң үйіне тізе бүгіп шығайық» деп қалайша айтпас екен? Игі хабар қазақ даласына қуанышпен тарап жатыр.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазқстан»

ҚОСТАНАЙ

Суретте: Ахмет туған үй орнында қалған кесек