Аймақтар • 23 Мамыр, 2018

«Шолпан» хореографиялық ансамблінің құрылғанына 25 жыл

1091 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сонау 90-жылдардың басында Қарағандыдағы №39 гим­назияның жанынан шағын ғана «Шолпан» хореографиялық ансамблі құрылғалы бері 25 жыл өте шығыпты. Еліміз үшін қиын кезеңді елең қылмастан еңбек етіп, осы уақыт ішінде аса танымал ұжымға айналған өнерпаздар өңір мақтанышына айналған. 

«Шолпан» хореографиялық ансамблінің құрылғанына 25 жыл

Мерейтой салтанаты өткен Кен­шілер мәдениет сарайы өнер­сүйер қауымға лық толды. Ансам­бльді құрып, алғашқы күні­­нен жетекшілік етіп келе жат­қан Гүлнар Омарова мен өнер­­­паздарды облыстың мә­дениет, мұрағат және құжаттама бас­қармасының басшысы Ер­кебұлан Ағымбаев арнайы құт­тық­тады. Сонымен қатар облыс әкімі Ерлан Қошанов пен об­лыс­тың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иман­ға­лиев­тің құттықтаулары оқыл­ды. 

Ансамбльдің бұл күнде қа­лыптасқан өзіндік стилі, бай репертуары бар. 1998 жылдың өзінде «үлгілі» деген атаққа ие бол­ған ұжым облыстың, тіпті елі­міздің шегінен асып, бірқатар шет мемлекеттерге танылып үл­герген. Ансамбль мүшелерінің жасы 5 пен 23 жас аралығында. Би сабақтары өнерпаздардың жасына қарай бірнеше топқа бөлініп жүргізіледі. Осы ұжымда би билеген өнерпаздардың саны 400-ден асып кеткен. Осы ширек ғасыр ішінде Қарағанды облысындағы ауқымды шаралардың қай-қай­сысы да «Шолпан» ансамблі­нің қатысуымен өткен.

Өнер ұжымы түрлі деңгей­дегі сайыстарға жиі қатысып, үне­мі жүлделі орындардан көрі­неді. Алдағы жазда ансамбль мүшелерінің бір тобы Грузияда, екінші бір тобы Бурабайда өте­тін өнер бәсекесіне қатыспақ. Бір­ «әттеген-айы» – осындай бай­қауларға барып-қайту шығы­нын көбінесе өнерпаз балалардың өздері, яғни олардың ата-аналары көтереді. Жергілікті басқармалар мен концерттік бірлестік да­йын ұжымды түрлі шараларды ат­қарысуға қуана шақырғанымен, қаржылай қолдауға келгенде қау­қарсыз. Ансамбльдің тек­ шетелдерге сапарларына кейде Мәдениет және спорт минис­трлігі көмектеседі. 

«Шол­пан» үлгілі хорео­­­­гра­фия­лық ансамблі әлі күнге №39 гимназияның ғимара­тында жұмыс істеп келеді. Бі­рақ Гүлнар Меңдібайқызы өз ұжы­мымен бірге өңірге қанша ең­бегі сіңіп отырса да, осы өнер ұжы­мынан қанаттанған өзінің екі қызы жақында Астанадан «Шол­пан­ның» филиалын ашыпты. Қанат жайды дегеніңіз осы ғой. Ан­самбльдің репертуары үнемі то­лық­тырылып, жаңартылып отырады. Ұжымның Еуропа мен Азияның түрлі фестивальдары мен байқауларында жеңіп алған алтын медальдары мен Гран-при жүлделері баршылық. Он шақты баладан құралған шағын ғана мектеп үйірмесінен осындай деңгейдегі үлгілі ансамбльге айналған басқа ұжым елімізде жоқ та шығар. 

Мерейтой кешіндегі құттық­таулар «Шолпан» үлгілі би ан­сам­блінің концертіне ұласты. Өнерпаздардың бірнеше буынын тәрбиелеп, дәстүрлі өнер мектебіне айналған ұжымға біз де үлкен шығармашылық табыс­тар тілейміз! 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ