Аймақтар • 23 Мамыр, 2018

Курчатовта «Токамак ITER» құрылысын бастау үшін жаңа жобалар ашылмақ

1228 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр Курчатов қаласында қазақстандық «Токамак ҚТМ-нің» (Токамак – тороидальная камера с магнитными катушками) алғашқы бөлігі іске қосылды. Бұл жоба өткен жылы елорда төрінде өткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан ерекше жоба ретінде көрменің басты экспонаттарының біріне айналды. Міне, көрмеге келушілердің зор қызығушылығын тудырған термоядролық энергия өндіретін осы  Токамактың қалған бөліктері 2025 жылға дейін толығымен іске қосылады деп күтілуде. Жуырда осы мақсатта еліміздің Ұлттық ядролық орталығы термоядролық энергетика саласы бойынша маманданған халықаралық ITER ұйымымен келісімшартқа отырды. Енді Курчатовта «Токамак ITER» құрылысын бастау үшін көптеген жаңа жобалар ашылмақ. 

Курчатовта «Токамак ITER» құрылысын бастау үшін жаңа жобалар ашылмақ

Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен «Қазақ­стандық термоядро­л­ық ма­териалтану реакторы Токамакты құруға ғылыми-техникалық қолдау (Токамак ҚТМ)» атты бағдарламаны жүзе­ге асыру мақсатында термоядролық реак­торды жасау үшін қазақстандық ғалым­дар 15 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп, нәтижесі халықаралық деңгей­де белгілі болды.  2010 жылы 5 қыр­күйекте «Токамак ҚТМ-нің» алғашқы жоба­сы іске қосылды. Онда алғаш рет қуа­ты 25 кА болатын «плазма» алынды. 

Осы орайда Курчатов қала­сын­­дағы Ұлттық ядролық орта­лық­т­ың бас директоры Ерлан Батырбеков: «Бұл ірі жобаны жүзеге асыру жұ­мыстары Қазақстан Ұлттық ядро­лық орталығында 2003 жыл­дан бері жүргізіліп келе жатыр. Бұл Токамакқа әлемдегі ядролық ғылы­ми қауымдастық мүшелері тарапы­нан үлкен қызығушылық бар. Болашақта осы жобаны бірнеше ел бірігіп пайдаланбақ. Олардың барлығы да өздерінде термо­ядролық энергетиканы дамытуды көз­дейтін мемлекеттер. Егер Жапония, Фран­ция, Ресей сияқты ғылымы дамыған елдер Қазақстанға келіп, тәжі­рибе жинақтап жатса, қалай мақтанбасқа?! Ал бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тың жобасы аясында нәтижелі жүзе­ге асып жатыр», дейді.

– Осы орайда жалпы ғылым­да термо­ядролық энергетиканы қандай мақсатта дамытады? Дамыған мемлекеттер неге бұл жобаға құштарлық танытады деген заңды сұрақ туады – деп жалғады сөзін Ерлан Батыр­беков, – жер шарында көмір мен уран қоры шектеулі. Сон­дықтан біз болашағымызды ерте бастан қамтуымыз қажет. Кө­мір, уранды пайдалану ке­­зінде, ауаға таралатын улы газдар, түрлі қоспалар табиғатты бұ­зып, ауаны ластайды. Осы­ны болдырмас үшін, біз термоядролық энергетика саласын дамытуды қолға алдық. Жыл сайын тек Қазақстанда емес, бүкіл дүние жүзінде де электр энергиясына деген сұ­ра­ныс күннен-күнге артуда. Бұл сұраныстың арту төркінін түсіну қиынға соқпайды, яғни жаңа технологиялар көбейген сайын қуат көзін көп қажет ететіні бел­гілі ғой. Үйіңізде немесе жұмыс орны­ңыз­дағы компьютер, тоңазытқыш, ауа бап­тағыш секілді түрлі жаңа технологиялар, медициналық құрал-жабдықтар тек электр энергиясының қуаты арқылы жұмыс істейді. Оған шетелде әлдеқашан қолданысқа енген электр энергиясынан қуат алатын көліктерді қосыңыз. Қазіргі таңда қарапайым тәсіл­мен өндірілетін электр энер­гия­сы солардың бар­лығына бірдей жете бер­мейді. Міне, осы кезде термоядро­лық энергия көмекке келеді. Тер­моядролық энергия көзі өн­діретін қуат қазіргі электр энергиясы беретін қуаттан миллион есе күшті! Сол себепті термоядро көптеген мемле­кет­тердің қызығушылығын туғызды. Осы ретте қазақстандық «Токамак ҚТМ» – термоядролық қуат көзін өндіру бағытындағы айтулы жаңалық. Мұны әлем ға­лымдары да мойындап отыр.

Ғалымның айтуынша, бас­қармалы термоядролық синтез – қуат көзінің таусылмас қайнары. Ол сутегі изотоптары арқылы іске қосылады, ураннан 100 есе, ал көмір қуатынан 10 млн есе күшті. Ең бастысы – қоршаған ортаға еш зияны жоқ, нағыз қалдықсыз жасыл технология. Токамактағы материалтану реакторының негізі – термоядролық реакция, ғылыми тілде термоядролық синтез деп аталады. Ол миллиондаған градус температурада жүзеге асатын ядролық бірігу реакциясын білдіреді. «Токамак ҚТМ» – энергиямен үздіксіз қамтамасыз ететін термоядролық синтез. Токамакты тіпті жердегі жасанды күн көзі деуге де әбден болады. Бұл үлкен жобаның ресей­лік, жапониялық ғалымдармен бірлесе жасап жатқан бөлімдері де бар еке­нін айта кету керек. 2012 жылы ТМД ел­дерінің АТОМ-ТМД комиссиясы бола­шақ тероядролық реакторлардың вакуумды камера және ішкі камералық бөліктерін іске қосу­ға болатындығын анықтады. Содан бері алыс-жақын шетелден жобаға қызығушылық танытқан термоядролық қоғам­дас­тықтар әріптестік орнатуға асыққан. Нәтижесінде еліміз әлемдегі ең ірі ғылыми орта­лық­­тармен, атап айтқанда, Ресей­дің Курчатов институты, италиялық INEA, испаниялық  CIEMAT, жапониялық JAEA және тағы басқа елдермен мемо­рандумға қол қойды. «Бізге болашақта «Токамак ҚТМ-ны» қолданушылардың халықаралық коалициясын құру жөнінде ұсыныс түсті. Ал орталықтың халықаралық ITER ұйымымен жасалған термоядролық энергетика келісімшарты аясында жаңа токамактар салу құры­лысы қолға алынбақ. Бірақ олар­дың Курчатовтағы алғашқы материалтану «Токамак ҚТМ-нан» айыр­машылығы жер мен көк­тей. Өйткені оның маңызы, әлеуеті дүние жүзі бойынша өте күшті термоядролық қабілетке ие. Токамак – адамзат игілігі үшін қолға алынған жоба. Оның бейбіт атомды насихаттауда маңызы зор. 2016 жылы жоба құрылысын жүзеге асыруға бюджеттен бөлінген қаражат жұмыстың тоқтап қалмай, сәтті аяқталуына мүмкіндік берді. Жобаның аяқталуы, іске қосылуы Астана­да ашылған ЭКСПО-2017 көрмесіне тұс­па-тұс келіп ел мәртебесін тағы бір ас­қақ­татты. Бұл ауқым­ды істің бастауында Елбасы Н.Назарбаевтың тұрғанын ерек­ше атап өткім келеді», деді Е.Батырбеков. 

Ғалымның ойынша, Тока­мактың екінші бөлімін іске қосу үшін физикалық тұрғы­да ғалымдарға кемі екі жыл ке­рек. Себебі ол өте күрделі жүйе. Негізі материалтану реакторынан тұратындықтан, оны жеңіл-желпі қоса салу мүмкін емес. Оны бағыттап, қатты күшке салмау – бәрі қазақ ғалымдарының біліктілігі мен білімділігіне, еп­ті­лігіне байланысты.

Ұлттық ядролық орталықтың атом энергиясы қауіпсіздігін сақтау шаралары термоядролық синтезге де байланысты жоғары дәрежеде сақталады. Қазақ­стан­дық ғалымдардың ҚТМ-дегі қауіп­сіздікті жоғары дәрежеде қам­та­м­асыз еткенін әлем мойын­дап отырған көрінеді. ҰЯО директоры Е.Батырбековтің ай­туынша, тіпті Жапо­ния елі ғалым­дарының тарапынан «Фукуси­ма-1» аралында орын алған апаттың салдарын із­дестіріп, шығар жолын қарас­тыруға ұсыныс түскен.

Қазіргі уақытта Ұлттық ядро­л­ық орта­лық жаңа термояд­ро­лық реакторларды жасау үшін құрылымдық материалдарды зерттеу және оларды сынақ­тан өткізу мақса­тында жұмыс істеуде. Сондай-ақ «Токамак ҚТМ-да» түрлі ыстыққа төтеп беретін материалдарды шаршысына 20 МВт жылу қуатымен сынақтан өткізу жоспарлануда. Ал ҚТМ кешенінде жас зерт­­теушілер мен ғалымдар ин­же­нерлік және түпкілікті ғылы­ми жұмыстарын жүр­гізуге мүм­кіндігі бар. Соның нәтиже­сін­де жақын болашақта адамзатты экология­лық таза, үзіліссіз, қуа­ты мол энергия көзі­мен қам­ту көз­деліп отыр. Осы орай­да ғалым­­ның энергияның бола­шағы – басқа­рылымы бар термоя­д­ролық энергия көзі деген пі­кірі­мен келіспеске амалың жоқ.

Раушан НҰҒЫМАНБЕК,

журналист

СЕМЕЙ