Қазақстан • 23 Мамыр, 2018

«Петропавл–Қорған» бағытындағы тас жолға 27 миллиард теңге бөлінбек

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Петропавл-Қорған» бағытындағы шекарааймақтық күре жолды күрделі жөндеу жұмыстары былтырдан бері қызу өріс алған.

«Петропавл–Қорған» бағытындағы тас жолға 27 миллиард теңге бөлінбек

Үш жылға жоспарланған ауқымды шараға республикалық қазынадан 27 миллиард теңге қарастырылып, келесі жылы пайдалануға беріледі.

Бас мердігер «К-Дорстрой» АҚ жергілікті филиалының директоры Юрий Ивашовтың айтуынша жолдың ені 6-7 метрден  13 метрге дейін кеңейтіліп,  үстіңгі қабатына бірнеше қалыңдықта  асфальт-бетон жабындысы төселетін болады. Биыл жалпы ұзындығы 60 шақырым тасжолдың жартысына жуығын қалпына келтіру үшін  400 техника бірлігі мен 600 адам жұмылдырылған. Жергілікті құрылыс материалдары мен озық технологиялар  қолданылуда.  Автоматты түрде жұмыс жасайтын қондырғылар шетелден әкелінген.

«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде  жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының сапасын «Сапа СЗ» кәсіпорны  қадағалайды. Былтыр 5 миллирд теңге қаржы игерілсе, жыл аяғына дейін  11 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылмақ.

«Бұдан тысқары 148 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Петропавл, Булаево қалаларына кіре беріс жерлерге энергия үнемдейтін шамдар орнатылады. 1468  шақырым жол республикалық маңызға ие болса, биыл 209 шақырымы жөнделеді. Бұл өткен жылға қарағанда  1,5 есеге артық», дейді «Қазавтожол» ҰК АҚ СҚОФ директорының орынбасары Әмір Кәрімбаев.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»