Қазақстан • 23 Мамыр, 2018

Сотқа жүгінбей татуласуға болады

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Кәсіпкерлер палатасында облыстық мамандандырылған экономикалық сотының судьялары Салтанат Омарсерікова, Зәуре Жарылқасынова және Нұрлан Еламанов кәсіпкерлермен кездесті деп хабарлайды «Egemen.Kz» тілшісі.

Сотқа жүгінбей татуласуға болады

Онда мемлекеттік сатып алу төңірегіндегі істер, сот алды келісімге келу және корпоративтік даулар мәселелеріне қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Атап айтсақ, өткен жылы сотқа 3507 талап арыз түссе, оның 1509-ы мемлекеттік сатып алу саласына қатысты. Биылғы жылдың өзінде сотта мемлекеттік сатып алу мәселесіне қатысты 372 іс тіркелген.

- Қазір бізге кәсіпкерлерді жосықсыз деп тану туралы көптеген істер түсіп жатыр. Жеке кәсіпкер ма, жауапкершілігі шектеулі серіктестік пе оған қарамайды, егер жосықсыз қатысушы деп танылса «қара тізімге» кіріп, 2 жыл көлемінде мемлекеттік сатып алу процестеріне қатыса алмайды. Осы жағын біз кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіруіміз қажет. Алдында қандай тәуекелдер күтіп тұрғанын іскер азаматтар білуі керек. Сондықтан да мемлекеттік сатып алу процестеріне қатысқанда алдарына қойылған міндеттемелермен мұқият танысқаны дұрыс болар еді. Жосықсыздықтың алдын алу үшін келісімге келу шарасын қолданғаны жөн болады, - дейді судья Салтанат Омарсерікова.

Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Ғалым Едігеев жаңадан ашылатын сотсыз татуласу орталығы алдағы уақытта мемлекеттік орган мен кәсіпкерлердің арасындағы мәселелерді бітімгершілік арқылы шешуге мүмкіндік беретін тетік қабылдаса біраз мәселенің оң шешілуіне ықпал етер еді деген ұсынысын білдірді.

Кәсіпкерлерге кедергі аз болуы керек. Әйтпесе, тынысы тартылып, жұмысына тоқтау болады. Тоқтау болудың аяғы бюджетке қаржы түспейді. Сотсыз татуласудың мәнісі осы.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы