Қазақстан • 23 Мамыр, 2018

Л.Гирш көпшілікке «Стихи о войне и мире» өлеңдер жинағын таныстырды

314 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақын, жазушы, ІІ Дүниежүзлік соғыстың ардагері Л.Ю.Гирш есімі оқырмандар ортасына жақсы таныс. Он жеті жасында қолына қару алып, 1941 жылы еріктілер қатарында өзі туып-өскен Украина жерінен майданға аттанған, бүгінде запастағы полковник, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Леонид Юзефович Гирш Достық үйінде жиналған қалың көпшілікке «Стихи о войне и мире» өлеңдер жинағын таныстырды.

Л.Гирш көпшілікке «Стихи о войне и мире» өлеңдер жинағын таныстырды

Л.Гирштың бейбіт халықтарға алапат қасірет әкелген сұрапыл соғыстың зардабы туралы толғаған туындылары «Наедине с памятью», «Сквозь пламя войны», «Огненный Сталинград», «Близко к сердцу», т.б. жинақтары арқылы белгілі.

Жиналған көпшілікті майдангердің жаңа туындысымен таныстырған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Л.Гирштың ерен ерлігімен қатар бейбіт кезеңдегі қоғамдық еңбектеріне тоқталды. Жастарға патриоттық рух беретін жинақты алдағы уақытта насихаттау мақсатындағы әкімшілік жоспарларынан хабардар етті. Майдангердің шығармашылығы туралы ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, жазушы, қоғам қайраткері О.Сүлейменов, кітаптың редакторы Е.Фроловская, «Простор» журналының бас редакторы Л.К.Шашкова, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі С.В.Ананьева, т.б. қоғам қайраткерлері пікірлерін білдіріп, «Арыстан» лицейінің оқушылары өлеңдерін оқыды.

Кітапқа енген өлеңдері бүгінде 94 жасты еңсерген қарт майдангердің кешегі соғыс даласында көрген, көкірегінен өшіре алмайтын қасіретті күндердің естелігіндей. Сұрапыл соғыс даласында жоғалтқан жастық шағы, отбасының қасіретті жылдары, майдангер жолдастарының, асыға жеткен Жеңіс күнінің қуанышы, бәрі-бәрі де майдангер дәптерінде жіптей тізілген.

Соғыс даласында қаншама қиын-қыстау күндерді бастан кешіргенімен майдангер-жазушы өлең жазуға деген құштарлығын жоғалтқан жоқ.  Сталинград, Берлин, Праганы азат етуге қатысты. Қарулы күштерде қырық үш жыл қызмет етіп, көптеген марапаттарға ие болды. 1959 жылдан бастап Алматы және Алматы облысы азаматтық қорғанысында штаб бастығы, «Казахстанская правда» газетінің халықаралық майдан клубының президенті болып қызмет етті. Соғыстан кейінгі жылдарда жас әдебиетшінің Морис Симашкомен таныстығы  әдебиет әлеміне деген қызығушылығын арттыра түсті. М.Симашко Гриштың ең жақын тәлімгер жолдасына айналды. Ал кейінгі жылдарда О.Сүлейменов, Б.Қанапиянов, Г.Толмачев, Д.Снегин және т.б. қаламгерлермен жолдастығы майдан тақырыбын ары қарай жетілдіруге ықпал етті.

Л.Гирштың «Стихи о войне и мире» жинағында сол сұрапыл жылдардың естелігімен қатар жаңа жазылған туындылары да енген.

Бүгінде қоғамдық жұмыстардың белсендісі Л.Гирш өзінің патриоттық өлеңдерін студенттер мен мектеп оқушыларына оқып беруге әр кез дайын екендігін білдіріп, соғыс қасіреті адамзаттың жадынан ешқашан өшпек емес, деді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»