Әлем • 24 Мамыр, 2018

Бакуде Әзербайжан тарихы ұлттық музейі ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп көрме ұйымдастырды

646 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сейсенбі күні Әзербайжан астанасы Баку қаласында Әзербайжан тарихы ұлттық музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп, халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі ашылды.

Бакуде Әзербайжан тарихы ұлттық музейі ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп көрме ұйымдастырды

Көрменің ашылу салтанатында елі­міз­дің Әзербайжан Респуб­ли­к­а­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бей­біт Исабаев: «Бүгінгі көрменің басты жәді­ге­рі – «Қазақстандық Тутанхамон» ата­нып кет­кен «Алтын адам». Алтын адам Қазақ­стан­ның тарихи-мәдени құнды жәді­гері болып табылады.

Былтыр «Алтын адам» әлем му­зейлеріне шеруін бастады. Әзер­бай­жан Алтын адам табан тіреген үшін­ші ел болып тұр. Бір жарым ай бойы әзер­байжандықтар назарына ұсы­ны­латын «Ұлы Дала мұрасы: зер­гер­лік өнер жауһарлары» атты бұл көр­ме екі ел арасындағы мәдени бай­ла­ныс­қа тың серпін берері сөзсіз. Көрмеге ке­лушілер сақ дәуірінің терең тарихына бойлап ерекше әсер алады деген сенімдемін»,  деп көрме жұмысына табыс тіледі.

Өз кезегінде Әзербайжан Респуб­ликасы Мәдениет министрінің орынбасары Севда Мамедали «Бізді ортақ тамыр, ортақ дәстүр, ортақ мәдениет жақындастырады. Бұл жақындық біздің көшбасшымыз Гайдар Алиев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ байланысының нәтижесі. Дәл сол байланысты, тату көршілікті қазіргі президентіміз Ильхам Алиев мырза да жалғап келеді», деп екі ел арасындағы саяси байланыстың да мығым екеніне тоқталды.

Қазақстан мен Әзербайжан арасында бұрыннан тарихи және мәдени байла­ныстарға негізделген дәстүрлі достық сипа­тындағы екіжақты қарым-қатынас қалып­тасқан. Жыл өткен сайын қос мемлекет арасындағы саяси, сауда-эконо­ми­калық және мәдени-гуманитарлық бай­ланыс барлық бағыттарда және оң нәтижелермен дамып келеді. Әрі аталмыш екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара ықпалдастықтың, көршілік қарым-қатынастың озық үлгісі болып табылады.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының негізгі мақсаты шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады. Көрмеде Ұлттық музей қорынан б.з. дейінгі VII-ІІІ ғасырларға жататын алтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылды.

Халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Ұлы Дала мұ­расы: зергерлік өнер жауһарлары» көр­­ме­сінде таныстырылатын зергерлік өнер туындылары – Еуразияның дала­лық мә­де­ниетінің өзіндік стилі мен ерек­ше­лік­терін бейнелейтін әшекей-бұйымдар мен бізге аты белгісіз тарих тереңінде қал­ған ше­бер­лердің қолдарынан шыққан туын­ды­лардың бір бөлігі ғана.

Биылғы жылы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» Халықаралық көрме жобасы Шэньси провинциясы Тарихи музейінде (Сиянь қ. ҚХР), Гданьск Ұлттық му­зейінде (Гданьск қ. Польша) және Корея Ұлттық музейінде (Сеул қ. Корея) өткізіледі. Ал келесі жылы атал­мыш көр­ме­ні Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания және Түркия мем­ле­кеттерінің музейлерінде өткізу жос­пар­ланып отыр.

Бакудегі «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.

«Егемен-ақпарат»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше