Руханият • 24 Мамыр, 2018

Он ұл тапқан ана немесе жеті келінін де өзі таңдаған отағасы

514 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Он деген сан осы әулет үшін құдды тағдырлы сан дерсің! Дүниеге 10 бірдей ұл әкеліп, оның жетеуіне қалыңдықты өздері таңдап әперген бұл отбасының өнегесі басқа. Өз отбасында үлкен әкелік саясат жүргізген Шадыхан ағамыздың ойланып жасаған әрбір қарекеті бүгінде бүкіл әулетінің алдынан шығып отыр. Тәрбиелі жерден шыққан 9 келіні үйіне құт болып кіріп, ұрпағын көбейтіп жатқан жайы бар. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да солай бұрылмай ма?! Ата-ананың батасымен көгеріп, көбейіп отыр­ған ағаларын көрген інілері де осы үрдіске ілескеніне өкінген жерлері жоқ.

Он ұл тапқан ана немесе жеті келінін де өзі таңдаған отағасы

Сонымен бұл әулеттің әфса­насы төмендегідей.

– Біз он ұл болып дүниеге келдік. Тек әкеміздің ең жақсы кө­ре­тін бір ұлы ғана жол апаты­нан қайтыс болып кетті. Қал­ған то­ғызымыз да қазір үйлі-жай­лы болдық. Жетеуіміз әке-шеше­міздің ұнатқан қыздарына үйлендік. Екі бауырымыз ғана өздерінің таңдауымен үйленді, – дейді алтыншы ұл Бағдат.

Қазақта «Алты ұл тапқан әйел­ді ханым десе болады» деген сөз бар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы қазіргі Шақ­пақ ауылында он ұл тауып, оның тоғызын – тоғыз отау­ға ай­налдырған ата-ананың тұғы­ры одан да биік екендігіне еш­кім де таласа қоймас. Және бұл әу­леттің артықшылығы – топыр­ла­ған ұлдарында ғана емес, ата-ба­балардың үзілген үрдісін қайта жалғауында. Сыйластыққа құрылған отбасылық саясатта екенін кім жоққа шығарсын?!

Мына қызықты қараңыз, бұл шаңырақтың иесі Шадыхан аға­мыз­дың өзі де 10 ұл сыйлаған жа­ры Жұпаркүлді 10 күн ғана танып, тағдырын қосақтаған.

«Құдаша» деп өмір бойы қалжыңдасып өткен келіншегін нағашысының ауылына барып жү­ргенде сыртынан көріп жүреді де, реті келгенде танысып, үйленеді. Күлімкөз биязы бойжеткен шынында да Шадыхан ағамызға бақ болып жолығады.

– Шүкір, бәріміз де бақыт­тымыз! – дейді ұлдар. – Қазір ана­мыз Жұпаркүл 9 ұл, 9 келін, 30 немересі 1 жиен шөбересінің ортасында шалқып өмір сүріп отыр. Жуыр­да тағы бір немересі іңгәлап ша­ңырағымызға қосылады деп жақ­сылық күтіп жүрген жайымыз бар.

– Ең бірінші болып екінші ағамыз Самат үйленді. Саматқа әке­міз 4 қызды сыртынан көрсе­тіп, солардың ішінен бауырымыз осы жеңгемізді ұнатыпты. Бір қыз­ығы, жеңгемізді таңдайды да, қызды достарымен ауылға баратын машинаға салып жіберіп, өзі артынан автобуспен келеді. Өзі көлікке сыймай қалған ғой, – деп күледі бауырлары.

– Мені де әкем қыз көрсетеміз деп 2006 жылы 10 желтоқсан күні Алматыда жүрген жерімнен ша­­қы­рып алды. Әке-шешемнің көңі­лінен шыққан болашақ жарым маған ұна­ды. Менің келісімімді алған бойда әке-шешем бірден тойдың қамына кірі­сіп кетті. 16 желтоқсан күні қызға сырға тағып, 22 күні тойымызды бел­гіледі. Біз де бар-жоғы екі аптада үй­лендік, – дейді Бағдат.

Сонымен Шадыхан ағамыз бен Жұпаркүл апамыздың ұлдары Мұхамеджан, Самат, Болат, Қанат, Бағдат, Әділхан және Қалдыбегі әке-шешелерінің айттырумен үйленеді. «Өз еркімен» үйленгендер – Марат пен Ержүрек. Әрине, бұлар да бақытты.

– Ешқандай ата-ана баласына жаман қыз алып бермейді. Өмір көрген, ақыл тоқтатқан үлкен­дер босаға аттағалы тұрған, сол әу­лет­тің ұрпағын жалғайтын қызға алып-ұшқан соқыр сезіммен емес, ақылдың көзімен қарайды. Таңдау таразысына салады. Қыздың тәр­биесіне, шыққан тегіне қарай­ды. Сырт­тай мінез-құлқын сұрас­ты­рып жүреді. Сондықтан жар таң­дау­да жаңылысқан жеріміз жоқ, – дей­ді Шадыхан ағамыздың ұлдары.

– Анамыз да ажарлы, ашулана бермейтін, асықпай ақыл­мен сөйлейтін адам. Ешқашан бізге даусын да, қолын да көтерген емес. Өз шаңырағымызда жүргенде, бала күнімізде ешқайсымыз шешемізге қызының жоқтығын білдірген емеспіз. Сиырын сауысып, нанды да жауып, үйді жинастырып беретінбіз. Қолғанат болып өстік.

– Ал әкеміз ақкөңіл, көпшіл адам еді. Той-думанды жақсы көретін. Өте әзілкеш болды. Қан­дай мереке болса да бүкіл құда-жег­жаттарына біртіндеп хабарласып, ерінбей құттықтап шығатын. Оны туысқандарымыз әлі де жыр қылып айтып жүреді. Араласатын дос-жарандары көп болатын. Ол кісі епті құрылысшы, жақсы ұста болды. Балаларының барлығына болмаса да жартысынан көбіне осы қабілеті жұқты. Бәрінің қолынан іс келеді. Біреуге үй салу керек болса, жабылып жүріп тездетіп салып тастайтынбыз.

Кеңес өкіметі кезінде шопан­дардың үйін салды. Тынбай еңбек­тенгенінің арқасында ауыл­да бірінші болып сол кезде екі­нің бірінің қолы жете бермей­тін «Жигули» автокөлігін мінді. Кол­хоздың алдыңғы қатарлы еңбек­кері ретінде Бурабай, Ал­маты санаторийлеріне жолдама алып, саяхаттап жүруші еді. 2015 жылы желтоқсанда өмірден озды.

Ыл­­ғи шешемізді «Құдаша» деп оты­­ратын. «Құдашамен ойласып көрейін», «Құдашам не дер екен?» деп қалжыңға сүйесе де ана­мыз­дың атын атамай, ақылдасып отыратын, – дейді ұлдары.

Осылайша ата-ананың ақ батасымен отау құрған тоғыз ұл еліміздің түкпір-түкпірінде адал жолмен ас ішіп, бір-бір сауапты кәсіппен айналысып, өнер, темір жол, метро, энергия, құрылыс салаларына кәсіби тұрғыда қызмет етіп жүр.

Тоғыз ұлы үйіне тоғыз тәр­биелі қызды жетектеп әкелген Жұпаркүл апамыздың әр сөзі шүкіршілікке толы. Көргенді жерден қыздар айттырған Шадыхан ағамыздың екі дүниеде де есебі түгел. Түйсігімен таңдаған келін­дері көзі тірісінде алдынан қия ке­сіп өткен жоқ.

Әкенің ұлдарына қатысты осы­нау отбасылық саясаты шаңы­рақ­тың ауызбіршілігінде, тәрбиесі мен татулығында салтанат құрып тұр.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретте: 10 ұл тапқан Жұ­паркүл Керімбекова; Шадыхан Сү­лей­­менов ұлдарының орта­­сында.