Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Трансшекаралық өзен мәселесі өзекті

3076 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ертеден қазақ пен қырғыз арасындағы байланыс бекіп, мемлекеттік сипатта өріс алып келеді. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы мен көрші Қырғыз Республикасының Талас және Ыстықкөл облыстары арасындағы су мәселесі де аса маңызды.  

Трансшекаралық өзен мәселесі өзекті

Күн жылынып, ел жаппай шаруаға кірісер кезеңде су мәселесінің жам­был­дықтар үшін үлкен шаруаға айналатыны бар. Олай дейтініміз, жалпы көлемі 550 мың текше метрді құрайтын қырғыз жеріндегі Киров су қоймасы Жамбыл облысының Талас, Байзақ, Жамбыл және Сарысу аудандарындағы 64 мың гектар жерді және Тараз қаласындағы бірқатар аумақты сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қырғызстанның Талас облысы, Манас ауданының да 17 мың гектар жерін сумен қамтиды. Ал Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Орта-токой су қоймасы Жамбыл облы­сының Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарын сумен қамтиды. Табиғаттың кереметін тел еміп отырған қос мемлекет облыстарының ортасындағы транс­шекаралық өзендерді пайдалану деңгейі қандай?

Сағасы мен жағасы да егіз болып саналатын Шу мен Таластың транс­шекаралық өзендер екені белгілі. Алайда, мамандардың айтуынша, соң­ғы кездері болып жатқан климаттық өзге­рістер аталған екі өзенге де зардабын ти­гізе бастаған. Атап айтқанда, келешекте олардың ағысы 40 пайызға дейін баяулауы мүмкін деген болжамдар бар. Бұған әрине, әртүрлі экологиялық және басқа да жағдайлар себеп болуда. Дей тұрғанмен, осындай екі ел арасындағы өзендерді ұтымды және жоспарлы түрде пайдалану Қазақстан мен Қырғызстан шаруашылықтары үшін аса маңызды. Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану арқылы қос облыстың шаруасы шалқып, ырысы таси түспек.

 Географиялық деректерге сүйенсек, әлемде екі немесе одан да көп елдердің саяси шекараларын қиып өтетін 263 халық­аралық су бассейні бар екен. Бұл су қой­малары аумағында Жер шарындағы бүкіл халықтың 40 пайызы тұрады және бұл су айдындары барлық ауыз су­дың шамамен 60 пайызын құрайды. Ха­лықаралық бассейндер 145 мемлекет аумағын қамтып жатыр. Жер шарындағы адам санының өсуіне байланысты ұлттық шекараларды қиып өтетін су ағындарының стратегиялық маңызы да күн санап арта түсуде. Осы орайда Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы елшілігі тарапынан халықаралық су бассейні болып та­былатын Шу мен Талас өзендері мәсе­лесіне айрықша назар аударылып отыр­ғанын айта кету керек. Өйткені Қазақ­станның Қырғызстанға шекаралас және осы екі өзен бойындағы аумақта орна­ласқан Жамбыл облысының ауыл шаруа­шылығы саласы үшін көктем және жаз мез­гілдерінде судың жеткілікті болуы – жергілікті халық үшін игілік пен мол­шы­лық көзі. 

Су тапшылығының алдын алу үшін Қазақстан елшілігі келіссөздер жүргізу, өзен арнасы мен су қоймаларының жұмы­сын бақылау, мамандармен кеңесу сияқ­ты тиісті жұмыстарды ерте көк­тем­нен бастапты. Атап айтқанда, Қа­зақ­стан Республикасының Қырғызстан­да­ғы Төтенше және өкілетті елшісі Кә­рім Көкірекбаев Қырғыз Респуб­ли­касы­ның Ыстықкөл облысында орна­лас­қан Орта-токой су қоймасының Шу өзе­ні арнасындағы су шаруашылығы құ­ры­лыстарының жұмысымен танысқан. 

Аталған Орта-токой су қоймасы басшы­лығының ақпараты бойынша, алдағы вегетациялық кезеңде су жіберу үшін қазіргі кезде су қоймасына су жинау жұмыстары жүргізілуде. Қырғыз ма­мандарының мәліметіне қарағанда, биыл қыс мезгілінің гидрометеорологиялық ерекшелігіне орай су қоймасын сумен толықтыру ойдағыдай болмаған. Бұл ретте су қоймасына судың Кочкор ауданынан келуі шамамен секундына 25 текше метрді құрайды. Олардың бағалауы мен болжамы бойынша ағымдағы жылы мамырдың басында су қоймасындағы су көлемі қазіргі тәулігіне 2 миллион текше метр жағдайында, қажетті 450 миллион текше метрге жетпек және бұл Қазақстан мен Қырғызстанның шекара маңы облыстары диқандарының ауыл шаруашылығы суына деген қажеттілігін қамтамасыз ететін болады. Оған қоса көктемгі жауын-шашынның көптігі де фермерлердің астық егу жұмыстары үшін қолайлы жағдай туғызады. 

Өткен жылдарға шегініс жасасақ, Қазақстанның бастамасымен 2000 жылы Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланылатын су шаруашылығы құрылыстарын қолдану туралы келісім жасалып, осы құжат негізінде 2006 жылы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланылатын су шаруашылығы құрылыстарын қолдану туралы комиссия құрылған болатын. Комиссияның қызмет саласына Қырғыз Республикасында орналасқан Шу өзеніндегі Орто-Токой, Шу өзеніндегі Чумыш гидроторабы, Талас өзеніндегі Киров су қоймасы сияқты су шаруашылығы құрылыстары кірген еді. Комиссияның он жыл уақыт ішіндегі жұмысы аталған жобаның өміршеңдігін көрсетіп, екі елдің тиісті ведомстволары арасында өзара іс-қимыл тетіктері қалыптасты. 

Осынау мемлекеттік жұмыстар бүгінде де жалғасын тауып, ағымдағы жылдың сәуір айында Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі К.Көкірекбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің Қырғыз Республикасының ауыл шаруашылығы, мелиорация және тамақ өнеркәсібі министрі Н.Мурашевпен кездесуі болды. Кездесу барысында тараптар Киров және Орто-токой су қоймаларын сумен толтыру және Қазақстанның Жамбыл облысының тұтынушыларын вегетациялық кезеңде суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін талқылаған еді. Оған қоса фитосанитарлық және ветеринарлық бақылаудың жекелеген мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. 

 Қазақ пен қырғыз арасындағы су мәселесі ежелден бар. Асыраушы саланың тамырына нәр беретін су қашанда ел мен жердің байлығы. Сондықтан да су мәселесінде селқостық танытуға болмай тұр. Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігі бізге Төтенше және өкілетті елші К.Көкірекбаевтің Талас облысын аралап, Киров су қоймасының және Талас өзені мен басқа да маңайлас жағалаудағы су шаруашылығы құрылыстарының жұмысымен жіті танысқанын, сапар барысында ол Қырғыз Республикасы үкіметінің Талас облысындағы өкілетті өкілінің бірінші орынбасары К.Осмонбековпен, сонымен қатар Жамбыл және Талас облыстарының шекара маңы су шаруашылығы бірлестіктерінің басшыларымен кездескенін жеткізді. 

Ал қырғыз мамандарының айтуынша, Киров су қоймасын толтыру ағымдағы жылдың басында гидрометеорологиялық себептерге байланысты біршама кейіндеп, 240 миллион текше метр болып қалғанымен, қазір бұл мөлшер 90 миллион текше метрге дейін қысқарған. Қазіргі таңда аталған су қоймасына секундына 20 текше метр су ағыны құйылуда және жиналған су көлемі 389 миллион текше метрді құрайды. 

Болжамдар мен есептер бойынша бүгінде әр тәулікте орташа есеппен 2 миллион текше метр су құйылған жағдайда, ағымдағы жылы мамыр айының соңына қарай су қоймасындағы су көлемі қажетті 400-410 миллион текше метрге жетуі тиіс. Ал су қоймасына жиналатын судың мұндай көлемі Қазақстан мен Қырғызстанның шекара маңы облыстары шаруаларының суға деген қажеттілігін толықтай қамтамасыз ететін болады. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы
 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше