Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Смағұл Сәдуақасұлы. Еріксіз жауап

621 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Газетіміздің өткен №87 санында (14 мамыр, 2018 жыл) Серікқали Жақыпұлының «Ұлтшыл коммунист бола ма, жоқ па?» атты мақаласы жарияланған еді. Бұл сол мақалаға орай «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1924 жылғы №177 санында жарияланған Смағұл Сәдуақасұлының «Еріксіз жауап» атты мақаласы. 

Смағұл Сәдуақасұлы. Еріксіз жауап

«Күлкі сөзге шын жауап берудің өзі бір күлкі» деп Гегель айтқан екен. «Еңбекшіл қазақтың» өткен нөмірінде басылған Серікқали Жақыпұлының мақаласы Гегельдің осы сөзін еске түсіреді.

Айтты-айтпады мұндай «сынға» ең жақсы жауап – оңдап тұрып қарқылдап күліп алу. Бірақ мен жауап бермесем, Жақыпұлы үлкен бір мағыналы сөз айттым деп мақтануы мүмкін. Тұрмыстың тал­қы­сына түспеген бірен-саран жастар теріс ұғынып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл «сын» туралы бір-екі ауыз сөз айтып өтуді еріксіз қажет көрдім.

Өзінше маған бір ауыр жүк артпақ болып, қабағын түйіп, Серікқали жолдас менен сұрайды: «Ұлтшыл кісі коммунист бола ала ма, жоқ па?», деп. Жақыпұлы бұның несін менен сұрайды? Әрине  ұлтшыл кісі коммунист бола алмайды. Олай болса, бұл сықылды аяқтан шалыс неме керек?

Қарастырып келсек, Жақыпұлының да көздеген нысанасы бар. Сөйлеп-сөйлеп келіп, Смағұл Сәдуақасовты «ұлтшыл» қылып шығармақ. Содан кейін маған айтпақ: «Сен коммунист емес, мен – коммунист. Сондықтан езілген таптың қамқоры, міне, мен – Жақыпұлы» демек! Уа, жолдас Жақыпұлы, бұл секілді «демеукөкке» мінбей-ақ қойсақ қайтеді! Әрқайсымыз да қолымыздан келген жұмысымызды істей берейік-дағы. Езілген тап сені де, мені де көріп отыр ғой.

Ал, енді көшіру мәселесіне келейік. Жолдас Жақыпұлы менің «жұрт» деген сөзімді қате деп, Лениннің жазғанын былай деп көшірген болады: «Біздің туған жерімізді патшаның қандыбалақтары, ақсүйектері, капиталшылары қанша езіп, зорлық етіп масқаралап жатқанын көріп һәм сезіп, бек қатты жүрегіміз ауырады».

«Жұрт» дегенді өшіргендегі Жақыптың қойған сөзі «туған жер». Сөздің мағынасы бұдан қанша өзгерді? Жақыпұлы «туған жер» дегенді осы күнгі аяқпен басып жүретін қара жер деп түсінсе (меніңше солай болуға тиісті), онда, әрине, мағына өзгереді. Олай болғанда қара жерді езіп, оған зорлық етіп, масқаралауға да болмайды. Ондай жерді езгенге Лениннің де сезімі оянып, жүрегі  ауыра қойды ма екен? Біздің ұғынуымызша, Лениннің жүрегі ауырғаны Россияның жұрты үшін, оның ішінде, әрине, еңбекшіл табы үшін. 

Сондықтан Ленин айтады: «Біз орыс жұртын сүйеміз, сүйген сайын біз олардың капиталистеріне, төрелеріне қарсымыз», дейді.

Қазақ коммунистері бұл сөзден қандай өнеге алу керек. Ленин құсап олар да айту керек: «Біз қазақ жұртын сүйеміз, сүйген сайын біз олардың бай­ларына, бұрынғы төре, болыстарына қар­сы­мыз» деп. Бұл сөзден тар ауданды ұлтшыл­дық көріне ме? Әрине, жоқ. Сүйген сайын дегеннен әрі қарайғы сөз айтылмаса, таласуға болады. Әйтпесе, бұған қалай айып тағылады? Бірақ амал бар ма, Жақыпұлы айып тағып отыр. Менің «те­ріс» көшіргенімді түзеткенімен тек тұрмай, Ленин­нің өзін апарып сандыққа салып отыр. Ол айтады: «Лениннің бұл сөзін қазір үлгіге алуға болмайды»,– деп. Міне, қызық! Ленинің қай сөзін үлгіге алып, қай сөзін тастауды бұдан былай, сірә,  Жақыпұлынан сұрасақ керек! Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шыққан мына жігіт бұрын қай жерде, кімге үгіт айтып жүрді екен, білер ме еді.

Чернышевский туралы да Жақыпұлы текке лағады. Чернышевский жайынан Ленин былай деген: «Бұдан елу жыл бұрын Чернышевский айтқан екен: бейшара халық – құл халық, басынан аяғына дейін құл халық», – деп. Осы күнгі патшаның шын құлдары бұл сөзді айтқысы келмейді. Біздің ойымызша, бұл сөз адал ниет, ақ жүректен шыққан сөз. Ол кездегі орыс халқының ішінде революционер жоқ еді. Осы күні олар аз-аз болса да бар. Зорлық-зомбылық, қараңғылық орыс халқының еншісі емес. Революционер табын жасау олардың да қолынан келеді. Бұның бұлай екенін адамшылыққа біз көрсетіп отырмыз.

Біз оған мақтана аламыз.

Лениннің айтқаны келді. Орыстың револю­ционерлері адам баласына өнерлерін көрсетті. Лениннің бұл сөзін қазаққа келтіргенде біз не дейміз? Біз айтамыз: «Қазақ та бұрын шетінен құл, шетінен бейшара еді. Николайдың шын құлдары: би-болыстар бұл сөзді көп айтқысы келмейді. Ол кезде қазақ ішінде революционерлер жоқ еді. Енді олар бар. Бірақ олар әлі аз. Бейшаралық, құлдық қазақ еңбекшілерінің еншісі емес. Біз де жақсы, әдемі тұрмысты орната алатындығымызды көрсетеміз.

Мен анау күнгі мақаламда осыны мысал қылып отырмын. Бұны қалайша кінәлауға болады? 

Бәрімізге жолбасшы Карл Маркс айтқан: «Езілген тап құлдықтан құтылу үшін қанша күрес­се, құтылғаннан кейін өзін-өзі тәрбиелеп, жаңа тұрмыс орнату үшін соншама күресу керек»,  – деп. Әлі де болса байлар да, болыстар да бар. Қазақтың кедейі өзін-өзі тәрбиелеуге енді кіріскелі отыр. Бұған көп күш керек. Мұны істейтін ол кедейдің өзі, оған көмекші коммунист партиясы. Сіз ескірді десеңіз де Лениннің сөзі енді керек. Сондықтан әлде болса да айтқанымды қуаттаймын.

Мен Жақыпұлының алғысымен коммунист болып, қарғысымен ұлтшыл болмаймын. Бірақ бұл секілді «демеукөкті» әйт-шу қылып мінуден бұдан былай сақтану керек. «Демеукөктің» түпкі мақсұты һәм апаратын жері белгілі де. 

Смағұл Сәдуақасұлы

Дайындаған 
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше