Аймақтар • 25 Мамыр, 2018

Ғасыр бойы күткен жол. Бөкейорданың жол мәселесіне Елбасы қозғау салды

1707 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 15 мамыр күні Батыс Қазақ­стан облысына кел­ген сапарын­да жер­гі­лікті тұрғын­дар­дың талай жылдан бері шешіл­мей келе жатқан түйткілі – Бөкей ордасы мен Жәнібек аудан­да­рына баратын қат­­қыл табанды жол салу мәсе­лесіне қозғау салды.

Ғасыр бойы күткен жол. Бөкейорданың жол мәселесіне Елбасы қозғау салды

Батыс Қазақстан облы­сында республикалық маңы­зы бар автожол­дардың ұзақ­тығы 1392,6 шақырымды құрай­ды. Оның 76,4%-ы ғана асфальт­талған. Ал облыстық және аудандық маңызы бар 5103,7 км жолдың небәрі 23 пайызы ғана осы заманғы жол деу­ге лайық. 

Батыс Қазақстан облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке қарағанда, өңірдегі республикалық ма­ңыз­ы бар жолдардың 118 шақы­рымы, ал облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың 3674,7 километрі мүл­дем қанағаттанғысыз күйде. 

– Бөкей ордасы мен Жәні­бек аудандарына Кеңес өкі­меті кезінде де асфальт жол болған жоқ. Облыс орта­лығынан 500-600 шақырым қашықта жатқан аудан орта­лықтарына жол салу мәселесі талай жылдан айтылып келе­ді. Бірақ ол мәселені шешуге облыстың күші жетпейді. Өзіңіз білесіз, жол салу шы­ғын­дары өте қымбат. Оның үсті­не, қатқыл табанды жол құ­рылысына қажетті қиыршық тас та, битум да біздің өңірде жоқ, түгелімен сырттан тасымалданады. Мұның бәрі жол құрылысы шығынын еселеп арттырады, – дейді Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Автомобиль жолдарын пайдалану бөлімінің басшысы Бауыржан Есенғалиев.

Шыны керек, бұрын өңір­дегі жол мәселесі тіпті мүшкіл болған. Соңғы төрт жылдан бері Оралдан Тасқала арқылы Ресей Федерациясының Саратов қаласы бағытына шығатын автожол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Ұзын­дығы 104 км болатын бұл халық­аралық трасса биыл пайда­лануға беріледі. Сондай-ақ Чапаев – Жалпақтал –Қаз­талов бағытындағы 213 шақы­рым­дық жолды күрделі жөн­деу де биыл аяқталады. Сөй­тіп Қаз­талов ауданының ор­та­лығы мен Орал қаласы­ның арасы асфальт жолмен жалғанады. Енді қалып тұр­ғаны – Жәнібек және Бөкей орда­сы аудандары. Қаз­талов­тан әрі қарай 300 шақы­рым­ға жуықтайтын бұл жолды жөн­д­еуге өңірдің өз күші жет­пейді. Жылына 15-20 ша­қы­рым «жылдамдықпен» не бітеді?!

Бір тәуірі, өңір басшысы бұл мәсе­лені жасырып-жаппай, Елбасы­ның алдында нақты жағдайды мәлім етті. Мемлекет басшысы Оралда өткіз­ген Батыс Қазақстан об­лы­сы­ның әлеу­меттік-эко­но­микалық даму мәселе­лері жөніндегі кеңесте Бөкей орд­асы мен Жәнібекке дейін 300 шақырым жолда асфальт мүлдем жоқтығын, егер бұл мәселе шешілсе, жергілікті халыққа үлкен қолдау болатынын Алтай Көлгінов ашық айтты.

– Бөкейордаға біз оны салуымыз керек. Мен Үкімет­ке тапсырма бердім, қаражат шығарып, екі жолақты, жақсы жол салынуы керек. Біз Бөкей ордасына туристерді апар­ғымыз келеді. Жол бол­маса қалай апарамыз? Сондықтан осы мәселені қолға алып, бірге шешеміз, – деді Елбасы.
Шыны керек, Мемлекет басшысы­ның бұл сөзін Батыс Қазақстан облысы тұр­ғындары ерекше қуанышпен қарсы алды. Тіпті әлеуметтік желілерде, whatsapp торабын­да бөлісіп, бір-бірі­нен сүйінші сұрағандар көп болды. 

– Өткен ғасырларда Орал­дан Ордаға баратын жолаушылар ат көлікпен айға жуық уақыт жүріпті. Қазір астын­да желмен жарысқан авто­көлік болса да Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданы тұрғындары көктем мен күзде, ауа райының қолайсыз кезінде екі араға 10-12 сағат жүреді. Тіпті жолда қонып, ертесіне келіп жатамыз. «Жол азабы – көр азабы» деген ма­қал­ды шығарған менің жер­лес­терім шығар, – дейді түбі бөкейордалық, бүгінде Орал қаласында тұратын өлке­­тану­шы Айболат Құрымбаев. 

ХІХ ғасырдың ғажайып ескерткіші, Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны қатарына кірген Бөкей ордасы тарихи-музей кешені мен күйші-композитор Дәу­леткерей Шығай­ұлы­ның кесенесі орналасқан өңірге асфальт жол келсе, тарихи мекен­ді тамашалап келушілер де көбейіп, жергілікті туризм­нің де тынысы ашы­лар еді деп санайды Бөкей ордасы тари­хи музей-кешеннің директоры Ғайса Мақымов.

Біздің ғасыр қарым-қатынастың ғасыры ғой. ХХІ ғасырдың адамына бүгінде бір қаладан таңғы асын ішіп, бір қаладан түстеніп, тағы бір шаһарға қонып жүре беру таңсық емес. Ал туған ауылынан облыс орталығына жету үшін бір күн уақытын ысырап қылу адам төзгісіз жағдай ғой. Жол мәселесін шешу үшін түрлі идеяны ортаға тастап, ұсыныс айтып жүргендер көп. Бөкей ордасы ауданының біраз аумағы «Капустин Яр» сынақ полигонына қарайды ғой. «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір «полигонға берілген жер үшін Ресейден алынатын өтемақыны түгелімен жол салуға жұмсау керек» деген ойын жариялап жүр. Тіп­ті «Ұлы Отан соғысы кезін­де Жәнібек пен Бөкей ор­дасы аудандары Волгоград май­данының жақын тылы бол­ған, жау ұшақтары Сай­хын­ды, Жәнібекті бірнеше мәр­те бомбалаған, бұл жерде қаншама адам қаза тапқан. Сондықтан бұл екі ауылға «Қаһарман кент» мәртебесін беріп, Германиядан өтемақы талап етейік, сол өтемақыға жол салайық» деушілер де бар. Мұның бәрі, әрине, жол азабын әбден тартқан бөкей­ліктердің тығырықтан шығар жол іздеуі ғой. 

Сонымен Бөкей ордасына жол салына ма? «Егемен Қазақстан» газе­тінің оралдық оқырмандары да бізден мұны жиі сұрайды. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы­нан кейін кідірмей өңір бас­­шысы Алтай Көлгінов жауап­ты мамандарымен бірге Ас­танаға арнайы барып, Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары Асқар Мамин­нің қабылдауында болды. Мәселеге жан бітті, іс қоз­ғалды деуге болады. Одан кейін Оралға Инвес­ти­ция­лар және даму министр­лігі Автомобиль жолдары ко­м­итеті төрағасының орын­­басары Сайранбек Бар­мақов пен «Қазавтожол» АҚ төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев арнайы келді. Астаналық мамандар мән-жайды көзімен көріп, жол жағдайымен танысу үшін облыстың Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына сапар шекті. Бұйырса, көп кешікпей нақты жұ­мыс жоспары да жарияланып қалар. Екі ауданда тұратын 35 мыңдай тұрғынның талай жылдан бері шешілмей келе жат­қан мәселесіне қоз­ғау сал­ған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа халық­тың ал­ғысы шексіз. Енді нақты жұ­мыс қолға алы­нып, жол құ­ры­лысы баста­лып кетсе бол­ғаны. Батысқазақ­стандық­тар­дың күткені осы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше