Әдебиет • 25 Мамыр, 2018

Қарағандыда ақын Ғалым Жайлыбайдың кеші өтті

749 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ардакүрең ақын Ғалым Жайлыбай есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Сонымен бірге түркі дүниесіне де, алыс-жақын шетелдердің де бірсыпырасына танымал деп айта аламыз. Ол – елшіл ақын, сыршыл ақын, сырбаз ақын. Алпыстың асқар белесіне жеткен шайырды туған ел-жұрты ардақтап, құрмет көрсетіп өткізген «Ақын ғалым Жайлыбай Қарағандыға шақырады» атты халықаралық поэзия мерекесі қазақ жырының мерейін асқақтатты десек, артық айтқандық емес.

Қарағандыда ақын Ғалым Жайлыбайдың кеші өтті

Туған халқының, заман­дас­тарының жан сарайын ашып, жүрек лүпілін, ізгі қа­сиет­терін, үкілі үміттерін, мөл­дір сезім­дерін, мұң-шері мен қуа­ныш-шаттығын егілтіп-төгілтіп жырлай алсаң ғана нағыз ақын­сың. Осы тұрғыдан келгенде Ғалым ақынның азаматтық болмысы шынайы, перзенттік парызы кірпік қақпайды. Кезінде академик Серік Қирабаев, Тұ­манбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова сияқты әдебиет абыздарынан жоғары бағасын алған оның лиро-пәлсапалық поэзиясы айрықша ардақ тұ­ту­ға лайық, ұлттың рухани қа­зынасына қосылған олжа екендігі сөзсіз. Арқа төсін арда емген Ғ.Жайлыбайдың сыршыл өлеңдері ағылшын, орыс, украин, түрік, қырғыз, татар, өзбек, баш­құрт, тағы басқа халықтардың тіл­деріне аударылған. Оннан астам жыр жинағы шықты. Алғаш оқырманға «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінен жол тарт­қан «Ақ сиса», «Қара орамал», «Тамакөшкен» поэмала­ры дас­таншылдық дәстүрін да­мытқан әрі жаңашылдығымен құнды. Осылардың ішінде 14 тілге аударылған «Қара орамал» поэмасы өткен жылы Швецияның Стокгольм қаласында Еура­зия­лық Шығармашылық Гиль­диясы және Herdforshire Press баспасы ұйымдастырған VІ Еу­разиялық ашық байқауында поэ­зия номинациясы бойынша қара үзіп, жүлдегер атануы ақын­­­ның өзінің ғана емес, жалпы әдебиетіміздің құт-қуанышы бол­ған-ды.

Сонымен Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, «Құр­мет» орденінің иегері, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреа­ты, Ресей Жазушы­лар одағының С. Есенин алтын медалінің иегері Ғалым Жай­­лы­байдың жыр мерекесі қазақтың ақиық ақыны Қасым Аманжоловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етумен басталды. Еліміздің әр тарабынан келген саңлақ ақындар осы арада жүрекжарды лебіздері мен жыр шумақтарынан шашу шашты. 

Одан әрі халықаралық жыр мерекесі К.Станиславский атындағы орыс драма театрының ғимаратында жалғасты. Мұнда жиылған жұрт С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы-драма театры Ғ.Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы бойынша дайындаған қойылымын тамашалады. 

«Рухани жаңғыру» мұратымен сабақтасқан мерейтой иесінің «Аққулардың жыр жаздым қа­натына» атты шығармашылық кеші кеншілердің мәдениет сарайында өтті. 

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қаздауысты Қазыбек би, Бұқар жыраудай ұлылар шыққан топырақтың өнерге кен, талантқа бай екендігін айта келе, Ғалым ақынның кешегі сұңқар Сәкендер мен дауылпаз Қасымдардың лайықты жалғасы екендігін атап көрсетті. Қасиетті Қарағанды елі даусыз дарындарын ардақтайды дей келе, Ерлан Жақанұлы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың мерейтой иесіне жолдаған құттықтауын оқып беріп, ақынға алда үлкен шығармашылық табыстар тіледі. Қазақтың үлкен қайраткер ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин қаламдас, сыйлас інісі Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы, азаматтың болмыс-келбеті жайлы кеңінен, көсіле толғап, оның қазақ жырының бүгінгі үлкен тұлғасына айналғандығын қадап айтты. Осы тойға Анкарадан ат терлетіп жеткен «Түрксой» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Ғ.Жайлыбайдың түркі дүниесіне сіңіріп жүрген ерен еңбегіне баса тоқталды. 

Ал «Егемен Қазақстан» га­зетінің басшысы Дархан Қы­дыр­әлі ақынға деген өзінің ізгі тілегі мен Отанымыздың бас газетінің сәлемін жеткізді. Сон­дай-ақ жазушы қауымның тілек­тестігін Қазақстан Жа­зу­шы­лар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделханұлы жеткізсе, мерейтой иесіне Мә­дениет және спорт министрі А.Мұ­ха­медиұлының құттықтауын осы министрліктің өкілі табыстады.

Алматыдан, Астанадан және басқа өңірлерден келген ақын ағалары мен замандастардың игі лебіздері, жыр шашулары мерейтой мерекесін шырайландыра түсті. Түркиядан, Өзбекстаннан, Татарстан мен Башқұртстаннан келген меймандар туыс халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыстар жайлы ризашылықпен айтып, Ғалым Жайлыбайдың өз тілдерінде жаңа шыққан жыр жинақтарын жарқырата сүйіншіледі. Ғалым ақынның ғаламы осылай қуандырды.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше