Аймақтар • 25 Мамыр, 2018

Павлодарда студенттер «Адамжүсіп» пьесасын сахналады

501 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің студенттік театры бұл қойылымдарын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына арнады. «Адамжүсіп» пьесасын оқу орнының Гуманитарлық-педагогикалық факультеті негізінде құрылған «Мұрагер» шығармашылық студенттік бірлестігі дайындап, сахнаға шығарды. Пьесаның авторы – филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев. 

Павлодарда студенттер «Адамжүсіп» пьесасын сахналады

Мәшһүр Жүсіптің өмірі мен шығармашылық жолын баяндайтын 7 бөлімнен пьеса тұрады. Қоюшы режиссер – «Қазақ филологиясы» мамандығының 2-ші курс студенті Ташкенбай Аңсат.

Тарихшы, әдебиетші ғалым­дардың айтуынша, Мәшһүр Жү­сіп (1858-1931) жас кезі­нде Бұқарадағы «Көклән» медре­се­сінде оқып, араб, парсы, тіл­дерін жақсы білген, 5 жасынан бас­тап ауыл молдасынан бі­лім алады. Қазақ ауыз әдебиеті бай­лығымен ерте танысып, ха­лықтық жыр-дастандарды жаттап өседі. Мәшһүр Жүсіп Самарқан, Таш­кент, Түркістан, Бұқараға барады. Араб, парсы тілдерін үйреніп, Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысады. Абай, Шәкәрімдерше Құран кә­рім философиясын, Қожа Ахмет Ясауи ілімін терең зерттеген. 

– Ал Мәшһүр Жүсіп туғанда Ізмұхаммед абыз: – Бұл шырағым жұма күні туды. Атамыз Адам ата жа­ралған күн. Аты – Адам­жүсіп болсын! – депті. Екі пайғам­бар­дың аты қосақталған, дейді Айт­мұханбет Тұрышев. 

 Ғалымның мәшһүртанушы ретінде ақын шығармаларын зерт­­­­тегеніне 30 жылдай уақыт өтіп­­ті. Мәшһүр Жүсіптің шығар­ма­­ла­рының жиыны 50 томға жа­қын. 

– Сондықтан Омбы, Том, Мәскеу, Ташкент, Бішкек, Қазан, Қытай архивтерін үнемі зер­де­­леп қарап, ақтарғанымыз жөн. Мысалы, 1907 жылдары «Хал ахуал», «Тіршілікте көп жа­сағаннан кейін көрген тамашамыз», «Сарыарқа кімдікі екендігі?» деген кітаптары Ре­сей патшалығының цензура­сына ілікті. Ақын Абай мен Шә­­кәріммен кездескен деген де ел аузында әңгімелер бар­шылық. Пьеса жазудағы мақсат – студент­те­рімізді өткенге үңіл­діру. Әлі де ашылмай жатқан осын­дай көп зерттеулер бар еке­нін біліп, бола­шақта үлес қос­сын деген үміт­ті ой, – дейді Айтмұханбет Тұрышев. 

Ташкенбайдың айтуынша, пьесаны дайындауға бір айдай уақыт кетіпті. Қойылымды сахналауға университеттің 8 фа­­культетінің студенттері қатыс­­қан. Рөлдерді Адамжүсіп – Таш­кен­бай Аңсат, Көпей – Әбілда Бек­болат, Ізден абыз – Иб­ра­гим Ер­мек, Сермұхамед және Нә­жі­миддин молда рөлінде – Кә­кім Бәкіжан, Бала Мәшһүр жә­не Мұса Шорманұлы рөлінде – Ра­сул Иркенов, Қисық рөлінде – Ару­жан Атабек, Шәкәрім рө­лінде – Серік Еслям, Абай рө­лінде – Алмат Орынбаев деген сту­­денттер ойнады. 

Тарихшы ғалым Қайрат Бат­таловтың ойынша, бұл өнер арқылы жастардың санасына әсер етіп, халқымыздың руханиятын жандандыруға үлес қосу деген сөз. Мәшһүр Жүсіпті жастар оқып, түсініп, зерттей де білулері керек. Студенттер бір пьесамен тоқтап қалмас, әрі қарай да тарихи-танымдық қойылымдарды сахналау жал­ғасады деп сенеміз. Филолог ғалым Айман Зейнулинаның айтуын­ша, «Адамжүсіп» пьесасын кәсіби актерлар емес, студенттер сахналағаны – танымдық рухани жаңалық. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар 

Суретті түсірген Руфина ТОРПИЩЕВА

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше