Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

KADEX - әскери ынтымақтастық көрмесі

431 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы күндері Астанада V Халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өтуде. Ауқымды іс-шараны «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ бірлесе ұйымдастырып отыр. 

KADEX - әскери ынтымақтастық көрмесі

Қорғаныс министрліктері мен ведомстволарының басшылары, сонымен қатар алыс және таяу шет мемлекеттердегі компания­лар өкілдері қатысып отырған көрме елорданың Халықаралық әуежайындағы әскери сектор аумағында орналасты. 

Бұл көрме 2010 жылдан бері өткізілуде. Осы уақыт аралы­ғында «KADEX-2018» көрмесі қорға­ныс өнеркәсібі өнімдерін өнді­руші­лер мен тұтынушылар ара­сында өзара тиімді байланыс көпірін орнату мен дамы­тудың нәтижелі алаңына және технологиялық жаңарту мәселе­лерінде тәжірибе алмасу тетігі ретінде танылды. 

Атап өтерлігі, «Advanced Def Tech» ғылыми-тәжірибелік кон­ференциясы бұл көрменің негіз­гі іс-шарасына айналды. Жиын­да әскери-техникалық ынты­мақ­тастық, қорғаныс-өнеркәсіп салаларын жаңарту тетіктері, жаңа технологияларды ендіру бойын­ша өзекті мәселелер кеңінен тал­қыға салынды.

Конференцияның алғашқы күні төрт панельдік сессия өтті: «Кеңестік броньдалған тех­никаны жаңарту. Жаңа тех­но­логиялық шешімдер», «Брон­далған доңғалақты машиналарды дамытудың заманауи үрдістері», «Ұшқышсыз басқары­латын ұшу аппараттары. Жаңа буындағы қарулану», «Оқ ату реактивті жүйесін жаңарту – жүйелерді жетілдіру». ҚӨК (қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің) ірі өндірушілері кеңестік бронь­далған техниканы жаңарту, оқ ату реактивті жүйелері, брон­далған доңғалақ көліктер және ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын шығару саласындағы заманауи зерттемелер бойынша  жобалар таныстырылды. Соны­мен бірге Т-72, БТР-80, БПМ-1, БМП-2 танкі негізінде заманауи ұрыс модульдерін және электр-оптикалық аспаптарды ықпалдастырудың қаншалықты қажеттігі сарапқа салынды. Жиында РЗСО БМ-21 «Град» кешенін жаңартуда қатты отын ракеталық қозғалтқыштарды пайдалану аспектілері, құрлық әскерлерін шынжыр табандыдан доңғалақты техникаға қайта жарақтандыру, бейбіт уақытта және ұрыс іс-әрекеттері кезінде  ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын тәжірибелік тұр­ғыда қолдану мәселелері кеңінен талқыланды.
Конференцияның екінші күні Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында пленарлық сессия өтті. Б.Атамқұловтың айтуынша, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің бүгінде ел экономикасында өзін­дік маңызды орны бар және елеу­лі экспорттық әлеуетке ие. Бұл өз кезегінде әскери қуатпен қатар азаматтық сектордың дамуы­­­на да әсер етеді.  Бүгінде ҚӨК ғы­лыми қам­тымды жүйе болып табылады. Оның құрамына 9 мың адамды жұмыспен қамтитын 40 кәсіпорын кіреді.
Ал «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әсет Құрманғалиев өз баяндамасында бесінші мерейтойлық «Kadex-2018» көрмесі таяуда құрылғаны­на 15 жыл толған «Қазақстан инжиниринг» ком­паниясының мерейтойымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. 

– «Қазақстан инжиниринг» компаниясы үшін «КADEX-2018» көрмесі өте маңызды іс-шара. Дәл осы жерде біз өзіміз­дің әлеуе­ті­мізді және жұмы­сы­мыз­дың нәтижелерін барынша толық таныстыра аламыз, әлеует­ті серіктестермен кездесуге, қор­ғаныс-өнеркәсіп кешені сала­сын­дағы жетістіктер мен жаңа­шыл­дықтарды зерделеуге мүмкіндік бар. Сондықтан бүгінгі пленарлық сессия ҚӨК дамытудың өзекті мәселелерін кеңінен талқылаудың тиімді алаңына айналып отыр, – деп атап өтті ол.

Ә.Құрманғалиев  бірқатар машина жасау кәсіпорындарын біріктіретін «Қазақстан инжи­ниринг» елдегі ҚӨК басты ком­пания екендігін атап өтті. Хол­дингтің кәсіпорындары көп бейінді технологиялық базаға ие. Бұл өз кезегінде дайындау­дан бастап дайын өнімді шыға­руға дейінгі өндірістің толық циклын қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Бұл кәсіп­­орын­дар­дың әрқайсысы көп­­жылғы тәжірибенің арқа­сында жинақ­талған маңызды құзыреттерге және тапсырыс берушілер­мен берік бай­ла­­ныс­­тарға ие. Ком­пания өзінің еншілес және тәуелді ұйым­дарында бірыңғай өнді­рістік, технологиялық, қар­жы­лық және кадрлық саясатты қамтамасыз етеді. 

Оның айтуынша, бұл факторлар «Қазақстан инжини­ринг» компаниясының әлеуеті және келешегінің зор екендігін көрсетеді.

Сонымен бірге ол конфе­ренцияға қатысушылар мен журналистерге «KADEX-2018»  көрмесіне компанияның 17 енші­лес және тәуелді ұйымы келесі бағыттар бойынша қаты­сып отырғанын баяндады, оның ішінде құрлықтағы қарулану және техника; әуедегі қарулану және техника; әскери  қарулану және техника бар.

– Сіздер көріп отырғандай, әскердің барлық түрлері мен бағыттары бойынша тауарлар мен қызметтерді ұсына аламыз, – деді «Қазақстан инжиниринг» компаниясының басшысы. – Сонымен қатар біздің компания экспортқа бағытталған жаңа техникалық шешімдерді әзірлеумен айналысады.

Бұл компанияның мүмкін­діктерін көрсететін шағын ғана тізім. Ол «Қазақстан инжи­ниринг» өнімдерімен және қыз­меттерімен павильонда кеңінен танысуды ұсынды.

Сонымен бірге соңғы жылдары компания өнімдер мен қызметтерді кеңейту жұмыс­тарын белсенді түрде жүргізетіні атап өтілді. Бұл мақсатта бір­қатар инвестициялық жоба іске асы­рылған. Олардың қата­рында ЕС145 тікұшақтарын құрастыру, оптикалық аспаптарды шығару, «Арлан» және «Алан» брондалған көліктерін жасау, Астанада Әуе-техника­лық орталығын құру және тағы басқалары бар.

Ә.Құрманғалиевтің баянда­уынша, Мемлекет  басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы жылдары еліміздің қорғаныс өнеркәсібіндегі 9 ірі кәсіпорында технологиялық жаңарту жұмыс­тары жүргізіледі. Жаңарту есебі­нен еңбек шығындарын қыс­қарту, өнімнің өзіндік құнын тө­мен­дету, сапасын көтеру, бұ­йым­­ның нақтылығын арттыру, еңбек өнімділігін арттыру ба­ғытында басымдыққа ие ар­тық­шылықтарға қол жеткізу жос­парланып отыр. 

Компания ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету және оны экспортты ілгерілету мақсатында машина жасау саласында, өзара сабақтас өндіріс­терде мультипликативті нәтижені қалыптастыратын, сонымен бірге сервистік қыз­меттердің аясын кеңейтетін келешегі бар кластерлерді дамытуды көздеп отыр. Ал­дағы уақытта «Қазақстан инжи­ниринг» қызметінің негізгі ба­ғыттарына айналатын клас­терлер ретінде ракеталық-отын, бронь­­далған танк және әуе клас­терлері аталды.

«Advanced Def Tech» ғылыми-тәжірибелік конференциясының қорытындысы бойынша тұжы­рымдама қабылданды. Оған өңірдегі мемлекеттер арасында әскери-техникалық саладағы ынты­мақтастықтың барлық бағыт­тары кірді.

Мақсұт ИРЖАНОВ
 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше