10 Желтоқсан, 2011

Мемлекет қауіпсіздігін қорғау – әрбір азаматтың конституциялық парызы

366 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Лаңкестікке ұрынып ел ішінде лаң салу жақсылыққа апармайды. Мұны, әсіресе, Боралдай кентінде болған соңғы қайғылы оқиға дәлелдеп отыр. Сүттей ұйыған елдің ең қасиетті тыныштығын бұзғандар көпшіліктің наласы мен қарғысына қалады. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігімізге қолымызды жеткізіп, өркениеті де, экономи­касы жоғары алып елдермен иық теңестіре бастағанда кейбіреулердің іріткі салуы нені көздейді? Міне, осындай сұраққа жауап алу мақсатында біз ҰҚК ардагері, отс­тав­кадағы полковник Жеңіс РАМАЗАНОВҚА хабарласқан едік.

– Елімізде орын алып жатқан мұндай келеңсіз жәйттерге байланысты сұрақтардың қоғамды мазалап отырғандығы сөзсіз. Оларға сіз болып, біз болып жауап іздеп көрсек, оның мәнісі мынада деп ойлаймын. Соңғы уақыттары журналистика, тарих, саясаттану, дінтану салаларында діни та­қырыптарды зерттеулердің көбейе түсуі Ор­талық Азия елдеріндегі діни-экстремистік аху­алдың белсенділікпен жүргізіле бастағандығының әсері екендігі анық. Осы аймақтағы орын алып отырған оқиғалар, діни факторлардың саясилана түс­кендігінің айқын көрінісі. Осыған байланысты Президентіміз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында екі мәселені ерекше атап өтті: біріншісі – саяси идеология ретінде діни фундаментализмге қарсы тұруды үйрену; екіншісі – ИЫҰ-ның біздің төрағалығымыз арқылы жүзеге асырылып жатқан мұсылман әлемі мен батыс елдері арасындағы ашық та әділ келіссөз өткізуді дұрыс жолға қоя білуі.

Қазіргі уақытта қолданылып жүрген «ислам фундаментализмі», «радикализм», «вахабизм», «сая­си ислам» және тағы басқа терминдер өзара шатасып кетті. Ислам мәдениетінің мәйегінде қайнап шықпағандықтан, олар пікірталас туды­рады. Жаумен күресу үшін оның күшті және әлсіз жақтарын, іс-қимыл тактикасын, ойлау методо­ло­гиясын, күш-құралдарын жақсы білу керектігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан, жоғарыда атал­ған құбылыспен күресу үшін оның тамыры мен шыққан көзін, табиғи мінез-құлқын, қауіпті жақтары қандай, оның діни фундаментализмнен, радикализмнен ерекшелігі неде деген және басқа да мәселелерді жақсы білуіміз керек. Діни догматиканың қитұрқылығын жіліктеп барып, осындай жақтарын ұғынғанда ғана бұл құбы­лысқа қарсы тұруға болады, дәлірек айтқанда, қарсы тұруымыз керек. Өйткені, дін мен діни экстремизм дегеніміз бір-бірімен қабыспайтын, екі бөлек ұғым.

Діни экстремизм дегеніміз бұл басқа діни конфессияның өкілдеріне төзімсіздік көрсету немесе бір конфессия аясында қатаң қарсылық білдіру арқылы байқалады. Діни экстремизм ұғымы кейде заңдылыққа қарама-қайшы келетін, заңсыз іс-әрекет жолына түскен діни есалаң адамдардың идеологиясы мен іс-қимылы арқылы да анық­талады. Зайырлы қоғамға қарсы шығу үшін немесе қандай да бір конфессия өкілінің басымдық рөлін бекіту мақсатында діни экстремизмнің саяси мақсатта қолданылуы жиі кездеседі. Дегенмен, еліміздің аумағында азаматтарымыздың өзіндік діни сана-сезімінің өсуі, діннің өркендеуі тарихи заңдылық екендігін атап өту керек. Мұның табиғи құбылыс екендігін мойындай отырып, біз оған ешуақытта қарсы болмауға тиіспіз. Ал осындай діннің атын жамылып, билік үшін күресетін, ұлтаралық, конфессияаралық және әлеуметтік араздықты қоздыратын адамдар мен ұйымдардың іс-қимылын анықтап, жолын кесу күш құры­лымдарының міндеті болып табылады.

Енді діни экстремизмнің қандай қауіпті жақ­тары бар деген мәселе төңірегінде ойлансақ. Соң­ғы жылдары Орталық Азия аймағында қауіпсіздік деңгейінің төмендей түскендігі байқалуда. Осы аймақта орналасқан мемлекеттердің көпшілігінде экстремистер билікке қол жеткізу үшін қарулы қақтығыстарға баруда. Оның салдары біздің елде де білініп отыр. «Отты нүктелерден» қашқындар­дың келуі, заңсыз есірткі айналысының көбеюі, лаңкестер мен содырлардың ел аумағында жасы­­­рынуы – сөзімізге нақты дәлел. Елімізде жергілікті керітартпа ислам топтары бой көрсетіп, дінге сенушілерді ресми рухани басқармаға қарсы қою­ға тырысуда. Діни экстремизмді жете бағаламау, оның көріністеріне тиісті қарсы қимыл қолданбау өкінішті салдарға әкеліп соқтыратындығын көр­шілеріміздің тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондық­тан, осы мәселені шешуде мемлекет пен қоғам­дағы барлық мүмкіндіктер кешенін пайдаланып, мұндағы негізгі кезеңді көрсеткен дұрыс.

Бірінші – қалыптасқан жағдайды тиімді бақы­лау және заңнамамен белгіленген құқық шеңбе­рінде шетелдік және отандық экстремистердің заңға қайшы іс-әрекеттеріне қатаң түрде қарсы­лық көрсету. Сонымен қатар, Тараз және Атырау қалаларында орын алған қайғылы оқиғалар осы жұмыста құқыққорғау органдарына экстремистік әрекеттердің алдын алу және жолын кесу бағы­тындағы жұмыстарда жедел шараларды қабылдай алмайтындығын көрсетті. Екінші – халық ара­сында кеңінен сауықтыру және түсіндіру жұмыс­тарын ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлу. Диалог, талқылау, сендіру әдістері – бұлар ең күшті қару. Сонымен қатар, қуатты құрылымдар өзінің функционалдық міндеттерінің аясында алдын алу және түсіндіру жұмыстарымен де айналысулары керектігін атап өту керек.

Дегенмен, өкінішке қарай, «алдын алу» деген сөздің жедел лексикадан біртіндеп жоғалып бара жатқандығын да айтып өткен орынды. Осыған байланысты, арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары жедел қызметтің бір түрі ретінде ал­дын алу жұмысын қайта жандандырулары керек. Сонымен бірге, бұл істе қоғамның, рухани орта­лықтың, шығармашылық және ғылыми интелли­генцияның, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құрал­да­рының қатысуы мен ұстанымдары аса маңызды. Мысалға, бұқаралық ақпарат құралдары діни экстремизм проблемасы бойынша ақпаратты тиісті инстанциялармен келісіп, әбден тексеріп барып жариялауы керек.

Діни экстремизмнің алдын алу саласында республика ғалымдарының алдында үлкен міндеттер тұр. Жақында қабылданған «Дін және діни ұй­ым­дар туралы» Заңның ережелерін ескере оты­рып, оларды іске асыру үшін Қазақстан халқының діни өміріне ұдайы әрекет ететін мониторинг ұйым­дастыру; Қазақстанның этноконфессиялық карта­сын жасау; Қазақстан халқының түрлі эт­нос­тық, конфессиялық, өңірлік, әлеуметтік-демогра­фиялық және өзге де топтарының діни экстре­мизм пробле­масына деген көзқарасын анықтау қажет. Діни және этнодіни негіздегі шиеленіс­тердің алдын алу және болдырмау бойынша шаралар мен практи­ка­лық ұсынымдар кешенін; Қа­зақ­стан Республикасы­ның нормативтік құқықтық нор­малары және ұлт­тық қауіпсіздік мүдделері тұр­ғысынан діни ілімдер идеологиясын бағалау критерийлерін әзір­леу керек. Тұтастай алғанда, мемлекетіміздің қа­у­іп­сіздігін қорғау – әрбір аза­маттың конституция­лық парызы. Осы парызды шешуге барлық ұйымдар, мекемелер мен кәсіп­орындар, сондай-ақ қоғамдық және діни бірлестіктер атсалысуға міндетті. Әр құрылым осы діни экстремизмге қарсы әрекет ету шаралары жүйе­­­­­сін­де өз орнын табуға тиіс. Осын­дай кешенді іс-шаралар атқарғанда ғана Қазақстан атты ортақ шаңырағымызда бейбітшілік пен тыныштық орнайтын болады.

Жазып алған Александр ТАСБОЛАТОВ.