Аймақтар • 25 Мамыр, 2018

Ақтөбе облысында 16 мың бала лагерьлерде тегін демалады

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылы Ақтөбе облысында «Бақытты бала» ауқымды әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Оның басты мақсаты – балаларға, олардың интеллектуалдық, физикалық, рухани-адамгершілік жағынанан дамуына қолайлы жағдай жасау.

Ақтөбе облысында 16 мың бала лагерьлерде тегін демалады

Жобаның басты бағыттарының бірі балалардың демалысы мен бос уақытын тиімді пайдалануын ұйымдастыру, сонымен қатар оларды сауықтыру болып табылады. Осы жылдың жазында 118 мың ақтөбелік оқушы немесе барлық баланың 93 %-ы лагерьлерде демала алады, соның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 16 мың балаға және 700 қиын балаға жолдама беріледі.

Бүгінде облыс бойынша қала сыртында он лагерь жұмыс жасайды, онда оқушыларды қабылдауға дайындық белсенді түрде жүріп жатыр. Бұған қоса, дарынды балаларға арналған «Восток» жыл бойғы лагері жұмыс жасайды. «Әсем» балалар лагерінің жанынан «Артек» үлгісіндегі жыл бойғы демалыс базасы құрылуда.

Алға ауданының Бестамақ ауылында алты кезеңнің ішінде 600-дей  баланы қабылдайтын Қазақстандағы алғашқы инклюзивті лагерь ашылады. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға дефектологтар, логопедтер, психологтар, физикалық терапия оқытушылары мен басқа да мамандандырылған мұғалімдер көмек береді. Лагерьде сондай-ақ, логопед, сенсорлі кабинеттер, массаж бен физиотерапия кабинеттері жұмыс жасап, инклюзивті балалар алаңы құрылмақ. Айта кетейік, Қобда ауданының  Егіндібұлақ ауылында тағы бір жыл бойғы лагерьдің құрылысына дайындық басталды.

Биыл 366 оқушы Алматы облысындағы «Бөбек» және Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық сауықтыру лагерьлеріне барады. Тағы 70 бала «Қапшағай-Балдәурен» республикалық білім беру-сауықтыру лагерінде демалады.

Оқуда ерекше жетістігімен, шығармашылық және спортта үздік болған оқушылар облыс аумағынан тыс жерлерде демалуға аттанады. Осылайша, облыстың 3350 оқушысы «Бақытты бала» жобасы аясында Алматы, Оңтүстік-Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының қасиетті жерлерінде саяхат жасаса, 2600 оқушы туған өңірдің мәдени және тарихи көрікті жерлерімен танысу үшін «Ырғыз-Торғай» табиғи қорығына барады. Ақтөбе облысының тарихы туралы көбірек білуге және демалуға еліміздің өзге аймақтарынан 70 оқушы демалуға мүмкіндік алады. 

Шығыс Қазақстан облысының «Дарын» лагеріне 400 бала, тағы 120 баланы Ресей Федерациясы Орынбор облысының «Солнечная страна» лагеріне жіберіледі. Бес дарынды бала татарстандық «Байтик» лагерінде робототехника саласын тереңірек үйренуге мүмкіндік алса, тағы бір жас ақтөбелік Малайзияның арнайы лагерінде шет тілінен білімін тереңдете алады.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бойынша Ақтөбе облысының оқушылары үшін Қытай лагерінде демалуға 5 квота бөлінген. Сондай-ақ,  Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында тамыз айында Байқоңыр-Түркістан-Ташкент-Самарқанд бағытымен 100 балаға арналған туристік сапар ұйымдастырылады. 

Темір Құсайын, 

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше