Аймақтар • 25 Мамыр, 2018

Семей қаласының мектептерінде соңғы қоңырау мерекесі өтті

1545 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Салтанатты шараның шымылдығы Қазақстан Респбуликасының Әнұранымен ашылды. Қаладағы №3 жалпы орта білім беретін мектепте өткен шарада мектеп директоры Нұржан Ахметқалиев  оқушылар мен ұстаздарды, мектеп бітіруші түлектерді құттықтады.

Семей қаласының мектептерінде соңғы қоңырау мерекесі өтті

- Биылғы оқу жылы дана, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл, әнші Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығымен тұспа  тұс келді.  Біздің оқушыларымыз биылғы оқу жылында үздік  білім сапасын көрсетті. Яғни мектеп бойынша бітірген  770 оқушының,  112-сі  үздік, 318-ісі оқу екпіндісі атанып отыр. Барлығы да  біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың аянбай төккен терінің, білім жолында өлшеусіз сіңірген еңбектерінің жемісі.

Содан кейін ата-аналар мен түлектерге де сөз берілді. Осы №3 жалпы орта білім беретін мектепке 40 жыл толуына орай, оның 1989 жылғы түлегі, тарих ғылымдарының докторы, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров сөз алып, соңғы қоңырау салтанатымен құттықтады:

- Құрметті ұстаздар қауымы, ата-аналар және мектеп бітірушілер, сіздерді соңғы қоңырау мерекесімен құттықтаймын. Түлектерге жаңа өмірге жолдама алып, Ұлы Абай атамыз айтқандай «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп, болашақта ел үшін еңбек ететін азамат болып шығуларыңызға тілектеспін. Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін барша қазақстандықтарға жолдады. Бұл жай айтыла қалған ой емес, халықтың әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік реформаларды уақыт талабына сай жүзеге асыруға арналған бағдарлама. Осы білім ордасының түлегі ретінде, алтын ұя мектебімнің үнемі гүлденіп, көркейуі мен үшін үлкен мәртебе. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» де­мекші «Бір мақсаты, бір мүддесі, бір бола­шағы» бар ел боламыз деп жарқын болашаққа ұмтылудамыз. Келер оқу жылында осы мектептен спортшы жастар шығу үшін, стадионын жаңарту сияқты әлеуметтік көмектерді де жасау жоспарымызда бар.

Бұл күндері адамзат баласының ғарыш әлеміне, озық техника, технология саласына деген қызығушылығы күн сайын артып келеді. Жақында Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіровтың бастамасымен, білім бөлімінің мұрындық болуымен құны 830 мың теңге тұратын  «Робот-құрастырылғыш LEGO» техникасы осы мектепке сыйға тартылғанын да айта кету керек.

Жиын барысында биылғы оқу жылында ғылыми жарыстарға, спорттық шараларға, сондай-ақ, халықаралық конференцияларға қатысқан ұстаздар мен оқушыларға дипломдар мен алғыс хаттар тапсырды. Сондай алғыс хатқа ие болған ұстаздың бірі, 3 «А»сынып жетекшісі Баян Нұрғалиева «БЖС» технологиясы бойынша жоғары жетістікке жетіп отыр екен.

Жиында түлектер «Мектеп бітірушілер вальсін» биледі. Шара соңында мектептің  оқушылары әндер орындап, түлектер аспанға түрлі-түсті шарлар ұшырды. 

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

суреттер автордыкі.

СЕМЕЙ