Қазақстан • 26 Мамыр, 2018

150-ден астам студент Ақтөбе облысы әкімінің шәкіртақысын иеленді

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде облыс әкімдігі жанындағы жастар саясаты кеңесінің отырысы өтті. Оның жұмысына өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қатысып, өз кезегінде студенттер диалог барысында өздерін мазалаған сұрақтарын қоя алды.

150-ден астам студент Ақтөбе облысы әкімінің шәкіртақысын иеленді

Облыс әкімі кездесу барысында облыстағы жастар саясатының іске асырылуы туралы айтып берді. Бердібек Сапарбаев мемлекет барлық қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға және қолдау бағытына барлық мүмкіндіктерді жасайтынын атап өтті.

- Елбасының жақында көтерген бес әлеуметтік бастамаларының бірі осыған дәлел бола алады.  Елбасының бастамасы аясында жоғары оқу орындарына қолжетімділікті арттыруға 20 мың қосымша гранттар бөлінген болатын. Тағы бір бастама баспанамен қамтамасыз ету үшін ипотекалық қарыздың пайыздық ставкасын едәуір төмендетуге және төлеу мерзімін ұзартуға бағытталады. Басқа бастамалар бойынша Ақтөбе облысында жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері үшін 8 жатақхана тұрғызу  жоспарланып отыр, - деді аймақ басшысы.

Ол ақтөбелік студенттерге өңірдің қоғамдық өмірі мен «Жасыл ел» секілді мемлекеттік бағдарламаларға белсенді түрде қатысқандары үшін алғыс айтты.  Айта кетейік, былтырдан бері облысымыздағы студенттік отрядтар жыл бойы жұмыс жасап келеді. Осы жылы 6 мыңға жуық жас еңбек етеді деп жоспарланып отыр. 

- Мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті пайдаланыңыздар. Жастардың қашан да идеясы көп, соларды батыл жүзеге асырыңыздар. Жастар ісі жөніндегі кеңес, Жас ғалымдар кеңесі сол үшін құрылды. Бұған қоса жастар сенгіш келеді. Біреудің айтқанымен жүрмес бұрын «бұл мен үшін, халқым үшін, елім үшін қажет пе немесе пайдалы ма?» деген жалғыз сұрақты қойыңыз. Қашан «иә» деп жауап берсеңіз, сонда ғана істі қолға алыңыз. Мемлекет әрқашан қолдап, сіздерге үлкен үміт артады, сіздердің міндеттеріңіз – соны ақтау,-деді Бердібек Сапарбаев жас ақтөбеліктерге қарата айтқан сөзінде.

Шара кезінде аз қамтылған отбасыдан шыққан оқуда, ғылымда, мәдениет пен спортта жетістіктерімен ерекшеленген 158 студентке облыс әкімінің атаулы стипендиясы табысталды. Жоғары оқу орындарындағы 122 студенттің шәкіртақысы 160 000 теңгені, облыс колледждерінде оқып жатқан 36 баланың шәкіртақысы 80 000 теңгені құрады.

Темір Құсайын,

“Егемен Қазақстан”

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше