Әлем • 28 Мамыр, 2018

Басқа басылымдардан. АҚШ президенті Солтүстік Корея басшысымен кездесуден бас тартты

346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан. АҚШ президенті Солтүстік Корея басшысымен кездесуден бас тартты

CNN

АҚШ президенті Солтүстік Корея басшысымен кездесуден бас тартты 

Ақ үйдің ресми сайтында жария­ланған хатында Д.Трамп Сингапурда өтуі тиіс саммит КХДР ұсынысымен басталғанын еске салып, АҚШ-тың оған қатысуға ниетті еместігін жет­кізген. Сонымен қатар ол КХДР-ға ядролық қару күштерімен мақтан­бауын ескерте отыра, АҚШ-тың арсеналы әлдеқайда мықты екенін еске салып өтті. Әйтсе де, Д.Трамп келешекте Солтүстік Корея басшы­сымен кездесуден үміттенетінін мәлімдеді.

CNN арнасының хабарлауынша, Ақ үй басшысының бұл шешімі АҚШ пен КХДР арасындағы айларға созылған дипломатиялық ілгерілеуге нұқсан келтіріп отыр. Ендігі жерде Вашингтон мен Пхеньян байланысы қайта нашарлап кетуі әбден мүмкін. 

Д.Трамптың саммиттен бас тарт­қанына қарамастан, Солтүстік Корея ядролық бағдарламасын тоқтату жөніндегі жұмыстарын жалғастырып жатыр. Таяуда ел билігі ядролық тун­нельдерді жою ісін шетелдік жур­налис­тердің тамашалауына мүмкіндік берді. 

Оқиға орнынан мәлімет таратқан CNN арнасының тілшісі Уилл Рипли­дің ақпаратына сүйенсек, шара­ға­ ядро­лық қару жөніндегі халық­ара­­лық мамандар мен сарапшылар ша­қырылмаған көрінеді. 

У.Риплидің айтуынша, шараға қатысуға жүзден астам журналист өті­ніш білдірген. Алайда Солтүстік Корея билігі оншақты тілшіні ғана іріктеп алған көрінеді. Атап айтқанда, АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореядан екі-екіден журналиске рұқсат берілген. Бір қызығы, шараға қатысуға телевизия тілшілері ғана алынған екен. 

Өз кезегінде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын кез келген уақытта Д.Трамппен кездесуге әзір екенін хабарлады. Бірақ КХДР сыртқы істер министрінің өкілі АҚШ президентінің шешімі Корей түбегінде бейбітшілік орнатуға бағытталған халықаралық қоғамдастық талпынысына кедергі келтіріп отыр деп мәлімдеген.

CNN арнасы таратқан мәліметке сай, саммиттің өтпеуі туралы шешім АҚШ-тың аймақтағы жақтастарын әрі-сәрі күйге түсіруде. Екі ел арасын татуластырушы ретінде әрекет еткен Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин түн ішінде кезектен тыс жиын өткізген. 

Кейіннен Оңтүстік Корея сыртқы істер министрі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеомен сөйлесіп, алдағы қадамдары туралы талқылаған. Ал Жапония тарапы АҚШ пен оның жақтастары КХДР-ға санкция салып, дипломатиялық қысым көрсе­туді жалғастыра беру керек деп есептей­тінін жеткізді. 

 

THE GUARDIAN

Ирландия абортқа қатысты референдум өткізіп жатыр

Ирландия тұрғындары түсік жа­сатуға қатысты бүкілхалықтық ре­ферен­дум өткізіп жатыр. Дауыс беру учаскелері таңғы 7:00-де ашылды. Ирландия халқы 22:00-ге дейін өз шешімін білдіруі қажет.

The Guardian газетінің деректе­ріне сүйенсек, аборт жасауды қолдау­шы­лардың саны басым. Әйтсе де, көп­шілік «иә» деп жауап берсе де, түсік жасатуға бірден рұқсат етілмейді. Әуе­лі конституцияға өзгеріс енгізіліп, пар­ламенттің соған сәйкес заң шыға­руына мүмкіндік беріледі. Жаңа заң жобасына сәйкес, түсік жасату жүк­тіліктің 12 айына дейін ғана рұқ­сат етіледі. 

Қазіргі таңда Ирландияда аборт жа­сатуға тыйым салынған. Жүктілік өмірге қауіпті болған жағдайда ғана баланы алдырып тастауға рұқсат етіледі. Жалпы, Ирландия дәстүрлі католик дінін ұстанатын ел саналады. Сондықтан шығар, жүктілікке қарсы дәрілерге 1985 жылы тыйым салынған. 

Елдегі қазіргі заңнамаға сай, түсік жасатқандар не соған қатысы барлар 14 жылға дейін бас бостандығынан айы­рылады. The Guardian басылымының деректеріне сүйенсек, жыл сайын төрт мыңға жуық әйел баласын алды­рып тас­тау үшін шетелге шығады екен. Бұдан бөлек екі мыңнан астам қыз-келіншек онлайн сауда арқылы жүк­тілікке қарсы дәрілер сатып алатын кө­рінеді. 

The Guardian басылымының па­йым­­дауынша, дауыстарды санау сен­бі күні жүргізілетініне қарамастан, нәти­женің қалай болатынын анықтау қиын емес. Яғни референдум қорытын­дысы бойынша түсік жасатуды қол­дай­тындар жеңіске жетуі ықтимал. Оқи­ғаның маңыздылығы соншалық, кейбір азаматтар шетелден арнайы референдум үшін келіп, дауыс беріп жатқан көрінеді. 

Жалпы, Ирландия халқының 78 пайы­зы католик дінін ұстанады. Бірақ жастардың арасында дін ұстанатындар сирек. Сонымен қатар шіркеуге баратындар саны 1972 жылмен салыстырғанда 91 пайыздан 30 пайызға дейін азайып кеткен. 

Шолуды дайындаған 
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»