Қазақ баспасөзі: өткені, бүгіні және болашағы

Баспасөз, радио және интернет журналистика саласында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тағайындаған «Үркер» сыйлығы биыл «Қазақ» газетінің мерейтойына арналып отыр. Осынау тарихи басылымның жарық көргеніне биыл 105 жыл толды. Алғашқы қазақ газеттері одан ертерек шыққанымен, ол ұлттық кәсіби баспасөздің негізін қалыптастырған басылым еді. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында «1913 жылдан бастап Қазақстандағы азаттық қозғалысының «Қазақ» газетінің қызметіне байланысты жаңа кезеңі басталды... «Қазақ» қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ, өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, ағартушылық идеяларын насихаттады, қозғалыстың және болашақ «Алаш» партиясының баспа органы болды» деп жазды.

Егемен Қазақстан
28.05.2018 1471

Әрине, фактіге сүйенер болсақ, қазақ баспасөзінің тарихы  «Түркістан уалаяты газетінен» басталатыны белгілі. Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының ресми газетіне қосымша ретінде 1870 жылдың 28 сəуірінен бастап шыққан бұл басылым да, бұдан кейінгі «Дала уалаятының газеті» де өкімет орындарының ресми құралы болса да қатаң цензураның астында қазақ жұртының көкейкесті мәселелерін айтарлықтай қамтыған-ды.

Бұлардан соң ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Бірлік туы», «Қазақ газеті», «Дала», «Қазақстан», «Ешім даласы», «Қазақ», «Айқап», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Үш жүз», «Тіршілік» сияқты газет-журналдарда сол тұстағы қазақ оқығандары бұқараның көзін ашып, көңілін ояту ісіне аянбай үлес қосты. Сонымен бірге ұлт тіліндегі газет стилі мен жазба əдеби тілінің дамуына жол салды. 

Осылардың ішінде қазақ қоғамын­дағы серпіліске айрықша ықпал еткен басылым «Қазақ» газеті еді. Тарихи деректер «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 2 ақпаннан 1918 жылғы 16 қыркүйекке дейінгі аралықта жалпы 265 нөмірі жарық көргенін айтады.

Газеттің редакторы Ахмет Бай­тұр­сынов болып, оны ұйымдастыруға Әлихан Бөкейхан, мен Міржақып Дулатов белсене атсалысты. Қазақ тари­хындағы ең алғашқы ұлттық-демо­кратиялық ұйым – «Алаш» партиясының құрылуына да осы газет ұйытқы болды. Осы алмағайып кезеңде ат төбеліндей елшіл азаматтар «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – алаш» деген ұстанымның төңірегіне топтасып, қалың қазаққа бағдаршам болды. «Алаш» деп атқа қонған ардақтыларымыз ұлы күресті ұлт ағарту ісімен ұштастырды. Газет шығарып, оқулықтар жазды. Отарлық қамытынан қорғалап қалған қазақтың рухын оятып, тілі мен сөзін түзеуге, сол арқылы ұлттың өзін түзеуге талпынды. Арыстардың сөзімен айтсақ, олар «өзіне артылған жүкті жетер жеріне дейін апарды». 

«Қазақ» газеті ілгері жеткізіп кеткен ұлттық баспасөз көші Кеңес дәуірі тұсында цензураның қатаң қадағалауына өтсе де, замананың дүмпуімен одан әрі дами бастады.  Бұл тұста «Еңбекші қазақ», «Қазақ мұңы», «Мұғалім», «Кедей сөзі» тәрізді газет-журналдар қазақ қауымының рухани азығына айналды. Кирревкомның органы ретінде 1919 жылы «Ұшқын» жəне 1920 жылы «Известия Киргизского края» газеттері жарық көрді. Бұл басылымдардың мұрагері – бүгінгі «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері. 

Алдағы жылы жүз жылдық белеске шығатын «Егемен Қазақстан» өз тарихында «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста аты «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Аға басылымда әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары қызмет істеп, басылымды дамыту ісіне зор үлес қосты. 

Қазақ баспасөзінің қарыштап өсіп, қауырт дамыған кезеңі деп өткен ғасырдың 60-80 жылдарын атауға болады. Осынау кезеңде «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек», «Ара», «Балдырған» сияқты басылымдар баршаның рухани азығына айналды. Кейбірінің тиражы 200 мыңнан асса, аз дегені 5-10 мың данамен таралды. 
Ал, тәуелсіздік келгелі еліміздің ақпараттық кеңістігінде үлкен дүмпу болғаны аян. Газет-журнал қатары әлденеше есеге көбейіп, отандық БАҚ нарығында бәсеке қыза бастады. Жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қап­таған «сары» басылымдарды айт­пағанның өзінде «Айқын», «Қазақ­стан-Заман», «Түркістан», «Алтын Орда», «Жас қазақ», «Жас қазақ үні», «Кентавр», «Алаш айнасы», «Дала мен қала», «Нұр Астана», кейіні­рек «Халық сөзі», «Ұлт Times» сияқты жа­ңа газеттер ақпарат айдынына жол тарт­ты. Осы басылымдардың қай-қай­сы­ның да егемендіктің нығаюына қос­қан үлесін айрықша атап өтуге болады. Ұлттың мүддесі сыналған кезде қазақы баспасөз қашанда аянбай кү­рес жүргізді. Сонымен қатар эконо­ми­камыздағы оң өзгерістер, рухани құндылықтар сияқты алтын арқаулы мәселелердің бірде-бірі ұлттық баспасөз назарынан тыс қалған емес.

Кейінгі жылдары нарықтың заңды­лы­ғына сай әлемде газет-журналдар қатары біршама оңтайланғаны белгілі. Бұл үрдіс бізді де айналып өткен жоқ, соның салдарынан жоғарыда атал­ған газеттердің бірқатары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды, біразы интер­нет-ресурсқа айналды.

Сонымен ақпараттық-коммуни­ка­циялық технологиялардың қанат жаюы масс-медианың алдына жаңа талаптар қоя бастады. Қолында смартфоны бар, әлеуметтік желіге тіркелген кез келген адам қазір ақпарат құралдарының салмақты бәсекелесіне айналды. Алайда, интернет журналистика дамы­ған сайын оның да проблемалары андыз­дап алдан шықты. Мәселен, әлеу­меттік медиа атқа мінгеннен бері ақ­параттың ақ-қарасын тексермей жариялау деген дерт белең ала бастады. Осыған сай, сенімді дерек көзі бола алатын кәсіби мамандардың бағасы күн өткен сайын арта түсуде. Осының өзі дәстүрлі БАҚ-тың қоғамдағы орны жоғалмайтынын көрсетіп отыр.

Дегенмен, газет күн сайын, тіпті күніне үш рет шыққан күннің өзінде ақпарат тарату жылдамдығы жөнінен басқа БАҚ-пен бәсекелесе алмасы тайға таңба басқандай анық. Ендеше ақпарат кеңістігіндегі бәсекеге шыдас беру үшін газеттер ендігі жерде не істеуі керек? Біз бұл сұрақты осы саланың басы-қасында жүрген мамандарға қойып көрген едік.

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ, 
Сүлеймен Демирел университетінің оқытушысы, PhD доктор:

Цифрлы дәуірде тек қағаз түрінде басылып, белгілі бір аумаққа таралатын ақпараттық газет шығарудың мәні жоқ екені түсінікті. Әлем бойынша газет, журнал атаулының таралымы күрт төмендеп барады, себебі жаңа буын жаңалықты да, басқа материалдарды да планшет пен смартфоннан, компьютерден оқуға ойысып барады. Бірақ, цифрлы ғасырда газет атаулы жойылады деген түсінік қате, менің ойымда «газет» деген сөздің өзі мән-мағынасын өзгертіп, ақпарат құралы ретінде оның формасы да, мазмұны да, таралу әдісі де, оқырмандары да түгелімен трансформацияланады және бұл қазір болып та жатыр. 

Цифрлы дәуір кезіндегі газет қандай болады? 

1. Конвергентті. Контентті оқыр­манның әртүрлі тобына әркелкі формада ұсына алады. Онда ақпарат таратудың мәтін, мультимедиа, дата визуалиция, интерактив, ойын, сауалдама, т.с.с. түрлері аралас болуы керек. 

2. Кез келген БАҚ-тың бүкіл әлемге таралуына мүмкіндік бар. Ақпарат құралдары оқырман назары үшін әлем деңгейінде бәсекеге түседі. Мәселен, Орталық Азия халқының өміріне қызығатын адам оны New York Times-тан емес, «Егемен Қазақстаннан» оқи алатындай болуы үшін не істеу керек? 

3. Қағаз түріндегі газет ақпарат тара­тудың бір формасы ретінде сақталады, ол планшеттен жалыққан немесе бір ауық көзін демалтқысы келетін, яки асықпай оқып, ой қорытқысы келетін оқырманға қосымша мәлімет береді. 

4. ХХІ ғасыр оқырманы жай мәтін оқып қоя салатын адам емес, ол ба­сы­лымның мазмұнын қалыптас­тырып, оны бағыттап, байытып отырады. Газет оқырманның мақалаға қатысты іс-әрекетіне қарап стратегия жасайды.

Срайыл СМАЙЫЛ, 
«Жас қазақ» газетінің бас редакторы:

Осыдан 5-6 жыл бұрын қазақ газет­тері жойылады деген болжамдар жа­сал­ған. Бірақ уақыттың өзі көрсетіп отыр­ғандай, жоғала қойған жоқ. Қа­рыш­­тап дамыған Жапонияның өзінде қазір жастарды кітапқа жақындату мемлекеттік тұрғыда қолға алынып жатыр. Өйткені цифрлы техника алдымен адам денсаулығына зиян. Интернет адамның ойлануына мүмкіндік бер­мейді, жалқаулыққа жетелейді.

Сонымен қатар әлеуметтік желі дамыған сайын сауатты жазатындар қатары кеміп кетті. Қазір кез келген әлеуметтік желіге бас сұқсаңыз, ондағы мәтіндерде тыныс белгісін айтпағанда, қазақ тіліндегі қарапайым ережелердің сақталмайтынын көресіз. Осы тұста қазақ баспасөзі сауатты ақпарат беру арқылы ұтады. Алдымен ақпаратты сайтқа жедел орналастырып, сонан соң газетке сараптап берсек, ұтарымыз көп. Газеттегі сараптама, очерк, эссе, толық сұхбаттар бәсекелестікке төтеп берудің басты құралы болып қала бермек.  

Самат ИБРАИМ, 
«Ана тілі» газетінің бас редакторы:

Жалпы, қазақ баспасөзі оқырмансыз емес. Тек газетті жарнамалау, жазылуды ұйымдастыру жағы жетіспей жатады. Мысалы, мен 2010 жылдан бері газетке жазылуды цифрландыру, смартфон арқылы жазылу мәселесін көтеріп келемін.  Қазір қаржылық операциялардың өзін телефон арқылы жүргізіп жүрген уақытта бұл бастама жүзеге асырылса, поштаға баруды құнттамайтын қандастарымыз газеттерге еркін жазылар еді. Сондай-ақ басылымдардың сайттарын жаңар­тып, заман талабына, оқырмандар талғамына сай етудің де маңызын жоққа шығармаймын. Сонда ғана қазақ газеттері бүгінгіден де өркендей түсер еді.

P.S. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінгі күні Қазақстанда 3027 БАҚ тіркелген, соның 2608-і баспа басылым. Аталған газет-журналдардың 519-ы таза қазақ тілінде жарық көрсе, 802 басылым орыс тілінде таралады, 992 баспа БАҚ қазақ және орыс тілдерінде шығады екен.

Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

16.08.2018

Елбасы Ахметжан Есімовті қабылдады

16.08.2018

Астанада «Ұлттың ұлы мұрасын қадірлейік» атты іс-шара өтті

16.08.2018

Астана хабы Корея Республикасымен ынтымақтастықты нығайтуда

16.08.2018

Қаралы көктем.1953 жыл, наурыз

16.08.2018

Жакартада еліміздің мемлекеттік туы ресми түрде көтерілді

16.08.2018

Алматыда Батырхан Шүкеновтың атына көше берілді

16.08.2018

Кәсіпкерлер «Менің мектебім» жобасы­н қар­жыландырады

16.08.2018

Қуат Тумабаев Өскемен әкімі қызметінен кетті

16.08.2018

«Туған жерге тағзым» жобасы аясында 126 іс-шара атқарылды

16.08.2018

Зарема ШӘУКЕНОВА: Каспий теңізі айрықша мәртебеге ие болды

16.08.2018

БҰҰ Бас хатшысы Каспий теңізінің құ­­қық­тық мәртебесі туралы кон­вен­цияға қол қойылуын құптайды

16.08.2018

Зүлфия АМАНЖОЛОВА: Каспий конвенциясы – тұрақтылық пен орнықты даму кепілі

16.08.2018

«100 жаңа есім» жобасы тамыздан бастап өзінің екінші кезеңін бастайды

16.08.2018

Бизнес үшін GSP-ның артықшылықтары көп

16.08.2018

Астанада cпорт күніне арналған жиын өтті

16.08.2018

Astra: жол ақысын төлеудің жаңа электронды жүйесі, тарифтері және жеңілдіктер

16.08.2018

Ақ желеңділерге «алғыс» алуға болмайды

16.08.2018

Маңғыстаудың мақсаты – мұнайсыз даму жолымен көркейе түсу

16.08.2018

Қызылордада кәсіпкерлер көбейіп келеді

16.08.2018

Генуядағы көпірдің құлауына кінәлілер анықталды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ертеңгі ұрпақтың да еншісі бар

Қойнауы құт қазақ жері тәуел­сіз­дігі­міздің ширек ғасырдан асқан шежіресінде ел экономикасын тұралап қалу қасіретінен сақтап келеді. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Мәдениетке мән берсек...

Үйіміздің жанындағы азық-түлік сататын дүңгіршекке соңғы кезде сатушы құтаймай-ақ қойды, жиі-жиі ауысады. Бұрын тіпті мұнда сатушы қыздардың Павлодардан қатынап істейтінін естіп-біліп жүретінбіз. «Екі апта Астанада сауда жасасақ, екі апта бала-шағамыздың қасында болғанға мәзбіз. Ауылдан қалаға қатынап істеудің азабы мен машақаты мұндайды бастан өткізген адамға ғана мәлім. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Арбамен қоянға жетер» күн қайда?

1998 жылы Kodak фирмасында 170 мың адам жұмыс істеген екен және әлем бойынша саудаланған фотоқағаздың 85 проценті дәл осы фирманың үлесіне тиген. Небәрі бірнеше жылдың ішінде олардың бизнес-моделі жойылып, фирма банкрот болған. Бұл нені білдіреді?

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Аграрлық саладағы болашақ мамандықтар

Сарапшылардың болжамдарына қарағанда, әлемдік аграрлық салада 15-20 жылдың ішінде революциялық өз­герістер жүзеге асырылады. Жаңа тех­нологиялардың шапшаң қарқынмен дамуы, ғарыш кеңістігін игеруге көптеген елдердің құлшыныс танытуы, гендік инженерия ықпалының күшеюі, азық-түлікке сұраныстың артуы, бос жатқан жерлердің азаюы секілді факторлар әлем бойынша жаңа технологиялармен қаруланған жаңа тұрпатты ауыл ша­руашылығын қалыптастырады. Сөйтіп ауыл шаруашылығы өзгерістерге барынша баяу бейімделетін ең консервативті сала деген бұрынғы түсініктің көбесі сөгіледі.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Бесінші саммит және Каспий «бестігі»

Кеше Ақтау қаласында Каспий маңы мем­лекеттері басшыларының Бесінші саммиті өтті. Аса маңызды халықаралық жиынға Қазақ­станның, Ресейдің, Әзербайжанның, Иранның және Түрікменстанның президенттері қатыс­ты. Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәрте­бесі, теңізде экономика, көлік-транзит, эколо­гия, қауіпсіздік және басқа да салалар бойын­ша ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу