Аймақтар • 28 Мамыр, 2018

Солтүстік Қазақстанда «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары анықталды

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан« Мерейлі отбасы» өңірлік байқауына 350 отбасы қатысса, биыл 80 отбасы тілек білдірді. Олардың арасынан ақтық сайысқа 24 әулет жолдама алды.

Солтүстік Қазақстанда «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары анықталды

«Ұрпақтар сабақтастығы» аталымында Мамлют ауданынан келген  Шәукеровтер жеңімпаз атанды.  Уәлиханов ауданының намысын қорғаған Қасымбековтер ибалы тоғыз бала тәрбиелеп, 17  немере, 2 шөбере қызығын көріп отыр.  «Ұстаз болу–жүрек қалауы» аталымы бойынша  жеңістің ең биік тұғырына көтерілген Дүйсенбиндердің педагогикалық жұмыс өтілі  екіжүз жылға тақау. Ата-ананың жолын қуған ұл-қыздары  Новоишимка  мектебінде еңбек  етеді. Осылайша  алты аталым  сарапқа  салынып, жүлделі орындар өз иелерін тапты.  

Жалпы байқаудың қорытындысында екінші орынға ие болған Щеголевтер туған ауылына былтыр 18 миллион, биыл 6 миллион теңгенің қаржылық қолдауын жасапты. Олармен тең өнер көрсеткен  Мұхамедияровтарды бастап келген отағасы Болат пен отанасы Мафруза алты ұлын ұяға қондырған. Бәрі де шетінен өнерпаз. Ұлдарының бірі халықаралық «Шабыт» конкурсының лауреаты. Бүгінде Көкшетаудағы Біржан сал атындағы өнер колледжіне жетекшілік етеді.

Бірінші орынды Эктовтар мен Исақовтар әулеті бөлісті. Петропавлдық Эктовтардың спорт саласындағы табыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Александр 1998 жылдан бері жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушы болып істейді. Осы аралықта 4 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 8 спорт шеберін дайындап шығарған. Әйелі Нина да жаттықтырушы. Ұлдары әлемдік жарыстарда олжа салып жүр.

Исақовтар 2004 жылы Өзбекстаннан Жамбыл ауданына қоныс аударып, содан бері үлгілі отбасы ретінде ауылдастарының құрмет-қошеметіне бөленген. Сапархан қазақ тілі пәнінің мұғалімі болса, Сайра шағын орталықта тәрбиеші.

Әулетіміз жетімдер үйінен алынған Артем, Катя, Григорий, Мария деген жеткіншектермен толықты. Оларды өзіміздің кіндігімізден өрбіген төрт баладан кем көрмейміз. Үйде қазақ тілінде сөйлесеміз, дейді Сайра.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан.

Солтүстік Қазақстан облысы.