Аймақтар • 29 Мамыр, 2018

Жаңғыру – даурығу емес!

1296 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ғасырлар бойы тапталған еңсені тіктеп, тәуелсіздік алғаннан бергі жүріп өткен жолды одан әрі тиянақтап, кеткен кемшілік пен жеткен жетістікті екшей отырып, ендігі жасалар жұмысты айқындаған маңызды құжат болды. Мақалада айтылған мәселелер халық жанына жақын, жүрегіне жылы тиіп, олар «көптен күткен көкейдегіні айтты» деп құжатты қуана қабылдады. 

Жаңғыру – даурығу емес!

Ұлттық сана және оның ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік, білім, Қазақстан­ның эволюциялық дамуы туралы айтып, таяу жылдардағы міндеттерді нақтылап бер­ген мақала талай жылдар дағдарған сана мен езілген рухтың, тоқыраған ойд­ың түзеліп, қазақтың ұлттық рухы мен болмысына сай қайта жаңғырып, заманауи ағымға жаңғыра қосылуына негізделеді. Экономикалық дағдарыс өз алдына, ал ақыл-ойдың, сананың дағдаруы – жан-дүниенің ауруы, рухани жұтаңдану, ой-өрістің тұралауы – нағыз кесапат. Адам психологиясында орын алатын бұл дерттер келе-келе ұлт ретінде өзін-өзі танымай, тіпті жо­ғалтуға, байырғы бабаларымыздың бойын­да бар асылтектің жұқанасын да жұқтырмай дүбәра күйге түсірері анық.

Елбасы мақала арқылы халықты рухани оянуға шақырып, ұлттық болмысымызды жоғалтпай, кім екені­мізді өзімізге де, өзгелерге де таныта отырып заман көшіне екпіндей ілесетін жобаларды қолға алу қажеттігін меңзеді. Келешек ұрпаққа кешегі бабалардың қасиетті қалпын жалғауды, қазақтың қазақ­тық болмысын сақтай отырып, биік­ке ұмтылуға шақырды. Иә, елдің ер­теңі, ұлттың ұлағатын көксеген құ­жат­ты жүзеге асыруға жұрты жұмыла кіріс­ті...

Бірақ, осы бағытта орын алған үлкен келеңсіздік жақсы бастаманың жолын кесіп, орта жолда омақастыра ма деген күдік бар. Нақты іс, сүбелі үлес пен нә­ти­же ғана күтілетін маңызды мақала ел ішінде жаппай даурығудың құралына, әр жерге жалп-жалп еткізіп жапсыра салатын жеңіл жарнама, кім көрінгеннің шалғайына оратылған құнсыз қолжау­лық­қа айналып бара жатқандай. Баяғы кеңестік жандайшаптарға жараса кететін «шаш ал десе, бас алатын» мінез қазір ел ішінде қайта асқынып, «рухани жаң­ғыру­ды» «жүз пайыз» жүзеге асырып жатыр. Қазір кез келген шара, басқосу, жиналыс, концерт, шығармашылық кештер, көрмелер, спорттық жарыстар, өнер байқаулары, сенбілік-тазарту, қоқыс жинау жұмыстары, өзге де қит еткен­нің бәрі «Рухани жаңғыруды» «жамы­лып» алуды әдетке айналдырған. Бұл дұ­рыс па? Мысалы, бүгін жиналған қо­қысты Маңғыстаудың тентек желі немесе көшедегі кесір жолаушы күні ертең-ақ орнына апарып қайта «жайғас­ты­рады». Қайда жаңғыру, және рухани жаңғыру? Бұл жерде қоқыс жинауды жаңғыртқаннан гөрі, сол көшедегі кесір жолаушының санасын жаңғырту ма­ңыз­ды еді емес пе? Мұндай күнделікті жұ­мыстардың рухани жаңғыруға қатысы қан­шалықты? Тіпті жыл сайын дәстүрлі қалыпта өткізіліп жүрген үлкенді-кішілі шаралардың барлығы биыл «Рухани жаңғыру» аясында» бола қалыпты... Ал, бабасына ескерткіш тұрғызғысы келген, кітап шығарып, кино түсіргісі келген немесе қандай да бір шаруасын күйттеген жан бұл тақырыпты жазған арызы мен өтінішінің негізгі «ұранына» айналдыруды ұмытпайды. Мүжәлсіз отбасына, мүгедек адамға жасалған қайы­рымдылық көмектің арасынан да аңға­рып қаламыз, қысқасы «рухани жаң­ғырудың» жүрмейтін жері жоқ...

Осы жағдайларды көре жүріп, «Елбасы тапсырмасын орындауда көз­бо­яу­шылыққа жол беріліп жатқан жоқ па?» деген ойға қаласыз. Бұл жылтырақ жұ­мыс­тардан кім не ұтады – мүмкін, әл­декімдер үшін жасалған жұмыстың саны және сонымен өлшенетін рейтинг?! Ұтылатын – өзіміз. Қарасаңыз, Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» басқа да, жұрт «жүзеге асырып» жатқан «руха­ни жаңғыру» басқа секілді. Кең ауқым­ды, биік мұраттарды көксеген, елдің болашағына, тәуелсіздіктің берікт­і­гіне, ұрпақтың лайықты жетілуіне «бір кір­піш қалағандай» пайдалы үлес қо­су­ды мақсат еткен мақала сан-сапат шара­лар­дың тасқынында тұншығып жатыр.

...Биыл Амал мерекесінен соң үйге құрбы қыз келе қалды. Мақсаты – көрісу. Мәз-мейрам көрісіп, бір-бірімізге жақ­сы тілектерімізді жеткізіп, дас­тар­қан басына­ отырғанбыз. Сәлден соң, ұялы телефонына келген хабарламаны көзімен шолып өткен құрбым ыршып түсті. «Қасқаааа, жынды-ау деймін» деді маңғыстауша шошына тіл қатып. Өзі­нің ішкі толқыныс-қорқынышын ірке алмаған болу керек, ол телефонын ма­ған ұстата қойды. Масқара! Бала­бақ­ша тәрбиеленушісінің үйіне барып, дас­тарқан басына арқа-жарқа жай­ғасқан ба­лабақша тәрбиешілері өз «қаң­ғыр­у­­ларын» «рухани жаңғыруға» жабыс­ты­ра салыпты! «Тәрбиеленуші үйінде шай ішіп отырмыз рухани жаңғыру аясында» деген жазба да бар. «Шайға шақырылмаған» келесі тәрбиеші «Ру­хани жаңғыру» олай емес деп түсін­діріп жатыр... Журналистік қызы­ғу­шылықпен құрбымнан осы жаз­балар­ды сұрап алғым-ақ келді, бірақ ыңғай­сыз­дандым. Тәрбиеші де – ұстаз, бұл әрекет ұстаздардың шын сөзі ме, әзілі ме – белгісіз. Бірақ, қай-қайсысының да қасі­реті аз емес, ұлт болашағына қызмет етуге шақырған маңызды құжаттың үй аралап, шай ішіп қыдырған қыз-келін­шек­тердің жеңіл әзіліне айналуы тиіс пе?! Құрметтің жоқтығы, құнының кеткендігі ме?..

Егер Елбасы тапсырмасына сай «Рухани жаңғыру» мақаласында беріл­ген тапсырмалар нақты нәтижеге негізде­л­­месе, сан-алуан шаралармен шулап өте шығатындай. Соңында қолға елдің пай­дасына жарар әлдене қалдыра алса жақ­сы...

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы, аты айтып тұрғандай, болашаққа бағдар. Сондықтан жаңғыруды қаңғыруға да, дау­рығуға да, даң қылу мен таң қылуға да айналдыруға болмайды. Бұлай етсек, ма­ғынасыз «мәңгіруге» ұрынатынымыз анық.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы