Қазақстан • 30 Мамыр, 2018

Таразда Талас өзені арқылы мем­лекет­аралық су бөлісу мәселесі талқыланды

1076 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысына Қырғыз Республикасы Үкіметінің Талас облысындағы өкілетті өкілі Марат Мұраталиев бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Қырғыз ағайындарды «Айша бибі» шекара бекетінен облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жамбылдықтар халқымызға тән құрметпен күтіп алды.

Таразда Талас өзені арқылы мем­лекет­аралық су бөлісу мәселесі талқыланды

Кездесудің мақсаты – шекаралас елдер мен көршілес өңірлер арасындағы ынты­мақ­тастықты және серіктестікті нығайту бойынша нақты іс-шараларды жоспарлау.

Бұдан кейін қырғыз ағайындар Тараз қаласындағы «Достық» үйіне келіп, Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің өнеркәсіп және ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесін тамашалады. Сонымен қатар аяқ-киім, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының жасалу жол­дарымен танысты. Ал мұндағы құры­лыс заттары, энергоүнемді шамдардың ауқымды ассортименті, былғары, сүт және шұжық өнімдері келушілердің назарын өзіне аударды.

Жалпы, Жамбыл және Талас облыстарына көптеген игіліктің, сонымен қатар кейбір мәселенің де ортақ екені жасырын емес. Және де екі ел арасындағы достық қарым-қатынас күн санап артып келеді. Бұл жайында қос облыс басшылары бас қосқан жиында айтылды. Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова өңірдегі туризм саласының дамуы мен көне Әулиеатаның киелі орындары жөнінде сөз қозғап, Жамбыл және Талас облыстарының бүгінгі қарым-қа­тынасы жаңа жетістіктерге жол аша­тынын атап өтті. 

Өз сөзінде Талас мемлекеттік универ­си­тетінің ректоры Айбек Үпенов аталған жоғары оқу орнында 15 мамандық бойынша білім алып жүрген 3 мың сту­денттің жүзден астамы жамбылдық жастар екеніне тоқталды. 

Негізінен Жамбыл облысының ауыл шаруа­шылығына қажетті судың 80 па­йызға жуығы қырғыз елінен келеді. Атал­ған жиында Талас өзені туралы мем­лекет­аралық су бөлісу бойын­ша бекі­­тіл­­ген кестеге сәйкес, Қазақ­стан Рес­­пуб­­­ли­­касы мен Қырғыз Респуб­лика­сы­ның ара­­сындағы су ресурс­тарын әділ бөлу, Қазақ­стандағы ауылша­руашы­лық өнер­кә­сіпт­ері үшін Кож және Райс канал­дары бойынша суару уақытында үзі­ліс­сіз су берумен қамтамасыз ету сияқ­ты мәселелер талқыланды. Бұл ретте Талас облыстық мемлекеттік су шаруа­шы­­лығы мекемесінің басшысы Болат Батыр­құлов Жамбыл жеріне қа­же­тті судың өз мөлшерінде бөлініп жатқанын айтты.

Кездесу барысында Жамбыл облы­сының әкімі Асқар Мырзахметов пен Қырғыз Республикасы Үкіметінің Талас облысындағы өкілетті өкілі Марат Мұра­талиев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұнда ауыл шаруашылығы мен су бөлісу туралы мемлекетаралық мәселелер жүйеленген. Сондай-ақ құжатта Жамбыл облысынан сиыр етін импорттауға квота бөлу, Жамбыл облысына Талас облысынан жеміс-көкөністердің ерте пісе­тін өнім­дерін жылыжайға жеткізуге көмек­тесу, Талас облысына бидай, ұн және ет өнімдерін тасымалдау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру, Жамбыл өңіріне ерте көктемдік шаруашылық өнім­дерінің түрлерін жеткізу бағытын­дағы жұмыстар да қамтылған. Сонымен қатар болашақта қос облыс арасындағы туризмді дамыту мәселесінде екі өңірдің туризм басқармаларының басшылары арасында да келісімдер жасалды.

Сапардың іскерлік бөлігі аяқталған соң «Баласағұн» орталық концерт залында «Бірлігіміз жарасқан!» атты Жамбыл облысы мен Талас облысы көркем­өнерпаздарының қатысуымен фес­тиваль өтті. Мұнда қазақ пен қырғыз­дың әйгілі өнер қайраткерлерінің шығар­малары орындалып, көпшіліктің көңілі­нен шықты. Ал бұдан кейін қырғыз ағайындар Әулиеата өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерімен танысты.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы