Аймақтар • 30 Мамыр, 2018

«Астана – Атырау облысының аймақара­лық ынтымақтастығы» бизнес-форумы өтті

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада жүзеге асқан жарқын жобалар енді Атырауда бастау алады. «Астана – Атырау облысының аймақара­лық ынтымақтастығы» бизнес-форумында түрлі сала­лардағы тиімді байланыс бағытында жеті мемо­рандум­ға қол қойылды. 

«Астана – Атырау облысының аймақара­лық ынтымақтастығы» бизнес-форумы өтті

Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада Астана қаласы әкімдігінің жобалары, инновациялық идея­лар таныстырылды. Астана қаласы әкімдігінің түрлі басқар­ма­лары мен құрылымдық бөлім­ше­лерінің өкілдері Атырауға жұмыс сапарымен келді. Аты­рау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Астана қала­сы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев іскерлік мақ­сатта кездесу өткізіп, алдағы мақсат-міндеттерді айқындады. 

– Астана – Қазақстанның барлық қалаларына үлгі, – деді қонақтарды қарсы алған Нұрлан Ноғаев. – Әлемдік стра­те­гиялық міндеттерді шешу үшін көптеген елдердің бірін­ші басшылары Астанаға арнайы келеді, ауқымды шаралар өтеді. Медицинаның, ғылым мен білімнің барлық маңызды нысандары елордада шоғырланған. Өңірді дамыту бойынша Астанадан көп тәжірибе алуға ниеттіміз.

Бизнес-форумда аймақ басшысы еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына ық­пал ететін жаңалықтарды енгізу бо­йын­ша екі қала арасында тәжі­ри­бе алмасудың маңызы зор екенін атап айтты. Эко­но­миканы әр­та­рап­тандыру бағы­тында жү­зеге асып жатқан жұмыстар жа­­қ­сы нәтиже беріп келеді. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиырма жыл­дық тарихында бас шаһар біраз тәжірибе жинағаны жайлы баяндады. Арнайы делегация Астана күні мерекесі қарсаңында бар­лық облыстарды аралап, бренд-жобаларын таныс­тыруды қолға алған. 

Атыраумен өңіраралық ын­ты­мақтастық өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, кәсіпкерлік, туризм, цифрландыру, «Ақыл­ды қала» технологиясын енгізу ба­ғыт­­тары бойынша жүзеге ас­пақ. Бизнес-форум аясында Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев елорданың даму стратегиясы туралы баяндама жасады. Форум жұмысына қатысқан атыраулық іскер азаматтар да игі іске жұмыла кірісуге мүдделі екендерін жасырмады. Мысалы, Қазақстанда баламасы жоқ әмбебап сауда орталығы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын сәулетті тұрғын үй кешені, төрт мыңға жуық оқушыны қабылдай алатын мектеп кешені мен «Ақылды қала» жобалары кәсіпкерлер тарапынан қызығушылыққа ие болды. «Ақылды қала» жобасы бойынша Атырауда да жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл ретте азаматтық белсенділік басты рөл атқаратынын атап өтті. Қауіп­сіздікті сақтау мақсатында Атырау қаласындағы барлық көшелерге бейнекамералар орнатылып жатыр. 

Астана қаласы инвестиция­лар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев бас шаһарда 20 жылда табыс­ты іске асқан жобаларды өңір­­лер­ге тарату мақсатында жұ­мыс­­танып жатқандарын айтты. «Атыраулықтар әсіресе екі жо­ба­ға қызығушылық танытты, оның бірі ІТ-қауіпсіздік сала­сында, қала көшелеріне бейне­бақылау камераларын орнату, екіншісі – «1000 жаңа сауда орны» жобасы. Мемлекет-жеке­меншік әріптестігіне негізделген бұл бастамаға мемлекет қаржы салған жоқ. Сауда алаңдарына арналған жер телімдерін инвес­торлар ұсынды, жобаны іске асыру Астанаға жаңа инвести­циялар тартты және жаңа жұ­мыс орындары құрылды», дейді Е.Бекмұрзаев.

Бизнес-форум нәтижесінің нақты қандай болатыны бо­ла­шақтың еншісінде, аймақара­лық ынтымақтастықты нығай­туға бағытталған қадамдар ел игілігін еселеудің алғышарты болары сөзсіз. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ