Әдебиет • 30 Мамыр, 2018

Әлем әдебиеті. Студент және есек

539 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Соғыс аяқталған кез. 1945-46 жылдары Покровка деген жердегі орыс мектебіне барып оқыдым. Онда біз Покровкадан біраз алыста, үлкен өзеннің ар жағындағы айылда – Жидеде тұратынбыз. Бұл қыстақта мектеп жоқ еді. Сондықтан күн сайын Таластың суын кешіп өтетінбіз. Дарияның суы қыста тартылып, ал көктем туғанда биіктегі қарлар, мұзарттар еріп, қойыртпақтанып күркіреп ағатын. Інім Илгиз екеуміз мектепке бірге барамыз. Екеуміздің аяғымызда жалғыз етік. Кейінірек солдаттардыкіндей бір ескі бәтіңке сатып алдық.

Әлем әдебиеті. Студент және есек

Бір рет жолда келе жатып, үлкен өзен­ге жете бере екеу­міздің ерегесіп қал­ғанымыз бар. Мен етігімізді аяп, жыртылып қалмасын деп, суды жалаңаяқ кешіп өтейік деймін. Арғы бетке шыққаннан кейін аяғымызға қайта киіп алмақпыз ғой. Илгиз да мұны бұрын мақұл көріп, ке­лісіп жүретін.

Бұл жолы, неге екенін білмей­мін, күн өте суық па еді, әлде жылы ма, әйтеуір, есім­де жоқ, інім шыдамай, жаңағы ере­же­­мізді бұзып, суды етігімен кешіп кет­ті. Мен оған айқайлап:

– Бері қара, аяғыңдағы етігіңді шеш! Онымен неге су кешіп бара жатырсың! – деймін.

– Аяғым жаурайды, – дейді ол. 

– О не дегенің?!

Сөйтіп, сөзден сөз шығып, екеуміз ұрыса бастадық. Ай­налада ешкім жоқ. Мен оны, ол мені ұрды. Бір уақта ол ме­нің етігімді қолымнан жұлып алып, арғы беттегі шөптің арасына лақтырып жібер­ді.

Қазір де екеуміз оңаша қал­сақ, сол бір қылығымызды еске түсіріп, күліп аламыз. Етігімізді бүлдірмей, мұздай суды жалаңаяқ кешіп өтейік дегеніміз үшін де өстіп, шартпа-шұрт ұрсып қалғанымыз-ай дейміз. Бұл оқиға қазіргілер үшін күлкілі де болар... ал біз үшін...

Ол кезде сегізінші сыныпты бітірген­мін. Сондықтан өзім­нің болашағым туралы ойлана бастайтын уақыт та жеткен. Тұрмыс-тіршілігіміз, ас-ауқа­тымыз өте жұпыны болған­дық­тан, күш-қуа­тымыз да онша емес, бұл түрімізбен Пок­ровкадан там алып, көшіп бара қоятындай жағдайымыз жоқ. Бұдан соң Таластың суын кешіп, мектепке барғаннан басқа амал қайсы. Ал енді, мынандай суық қыста бұл біздің арқамызға аяздай бататын-ды. Осының бәрін ойлап, көңілі жабырқаған кезде апамның айласы таусылып:

– Шаһарға барып оқығаның жөн болар еді-ау, – деуші еді ма­­­­ған.

Біз ол кезде Жамбылға жиі қатынап, керек-жарағымызды сол жақтан базарлап қайтатынбыз. Осы шаһар негізгі сау­да жасайтын жеріміз болатын. Мек­тепте жақсы оқығандықтан мен бұл қа­ла­дағы Ветеринарлық техникумға бір­ден қабылдандым. Ел ішінде мұндай кәсіп иелерін «мал техник» деп атаушы еді. Және ол ауылдық жерлерде өте си­рек кездесетін мамандық бо­латын. Бі­рақ бізді тек үлкен кол­­­хоздардағы мал­дың ауру-сыр­қауын қарауға ғана емес, жалпы ірі шаруашылықтарға жауап беретін білікті мамандар есебінде де даяр­лап жатты. Сондықтан да, мал шаруашылығын өрісте­ту, оларды әрқи­лы ауру-сырқау­лардан сақтау, жем-шөбі, ішер суы туралы сабақтар өтеміз.

Негізі мен жаман оқыған сту­дент емеспін. Бірақ тұрмыс жағдайымыз өте­ ауыр болды. Техникумның жатақ­ха­насында тұрамыз. Бір аптаға жете­тін тамағымды қамдап келу үшін Жам­былдан пойызға мініп Май­мақ те­мір жол бекетіне жете­мін де, одан әрі қарай Жидеге барамын. Жә болмаса, Шекерге – апамдыкіне жөнеймін.

Техникумдағы оқытушыла­рымыз өте жақсы азаматтар еді. Олардың көбі Мәскеу, Ленин­градтан (қазіргі Санкт-Петер­бург) Орта Азияға жер аударылып жіберілген бұрынғы орыс зия­лылары бо­латын. Кейін біразы өздерінің туған же­­ріне қайтып кетті, енді бі­разы­ның жасы ке­ліп, қар­тайып әрі осы жаққа үй­ренісіп, бір­жола Жамбылда қалып қой­ды. Күні бүгінге дейін майдангер ұстазымыз Тигрий Нико­лаевичтің бей­несі көз алдымда тұрады. Иван Гри­гориевич деген және бір ұстазымыз бол­ды. Ол жылқы бағудың, аттарды қайтіп күтіп-баптаудың қыр-сырын жақсы білетін бапкер, шабандоз кісі еді. Бізге жылқыны күтуге байланысты көп нәрсені үйрететін. Осы сабақта мен ке­шегі қияметі мол қырғын соғысты, өзіміздің ілініп-салынып әрең күн көріп жүр­генімізді, үй-ішіміздің қиналып, азап шегіп жатқанын мүлде ұмытып кететінмін.

Бірақ өстіп қиналып жүрген күндерде де аяғыма бір тәуір аяқ киім алып кисем, інімнің үстіне іліп алар бірдеңе тапсам деген ой басымнан шықпайды. Әйт­кенмен Иван Григориевичтің сабақ­тарының санамды сиқырлап, арбап алатыны соншалықты, мұндай нәрселерді де миымнан сыпырып тастап, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің көй-гөйінен бір босап қалғандай боламын.

Ол кісінің бойында ақындық қабі­лет те бар еді. Жылқыны ба­­ғып-қағу­дан басқа да ішінде бұ­ғып жатқан өне­рі бар екені анық сезіліп тұратын-ды. Әсі­ресе романтикалық жырларды, ес­кі­лікті әңгімелерді айтқанды ұна­та­тын. Мәселен, аттың биологиялық ерек­шеліктерін, шыққан тегін және олар­ды қалай күтіп-баптау керектігін айту­мен ғана шектелмей, әртүрлі асыл тұқымдарға байланысты аңыз әңгі­мелерді, ескіден жеткен қызықты хикаяларды айтып, түсіндіретін. Мені әсіресе, сабақтың осындай бір ерекше тұстары сиқыр­лап алушы еді.

Бүгін де сабақ өте қызықты өтті. Ке­лесі аптада жаңа тақырып­ты бастайтынымызды айта келіп, Иван Григориевич:

– Ендігі сабақта есекті өте­міз. Ол­ үшін сендер арнайы практи­каға барасың­дар, – демесі бар ма.

Біз оның бұл сөзіне қатты таң қалдық. 

Ал ағай болса, бізге қарап, тағы да күлімсіреп:

 – Неге сонша таңғалып жатырсыңдар? Жан-жануарлар­дың осындай да бір түрі бар. Ендеше есекті де зерттеп, оған бай­ланысты барлық нәрсені білулерің керек. Сендер биыл ақырғы курста оқып жатырсың­д­ар, ертең елге барып жұ­мыс істейсіңдер. Сондықтан есек та­­­қы­рыбының күлетұғын еш­теңесі де жоқ. Жұрттың бәрі есекті ақымақ, қыр­­сық жан­уар деп ойлайды. Оны әртүрлі ауыр жұмыстарға пайдаланады. Менің сендерге айтарым, егер есек болмаса, адамзат қоғамы осыншалықты өркениетке жете алмас еді. Баяғыда пойыз, кеме, машина, ұшақ, ат арба сияқты көлік түрлері жоқ болатын. Біз, адамдар жан-жануарлардың ішінен ең алғаш есекті қолға үйреттік. Одан кейін атты үйрет­тік. Ежелгі және Орта ғасыр­лардағы адамдардың көлігі дәл осы сендер күліп тұрған есек бол­ған, – деді.

Иван Григориевич есектің адам­зат тарихындағы алатын орнын осынша­лықты байыптап түсіндірген­діктен бе, біз енді күлкіні доғардық.

– Адам баласы есекпен көп­теген жолдарды жүріп өтті. Есек адамзат үшін өте ауыр жүктерді тасыды. Сондықтан да есек­ті әлем­дік мәдениеттен бөліп қарау мүм­кін емес.

Шекердегі Қарақыз апам менің техникумда оқып жүргенімді жалпақ жұртқа мақтанып айтып жүретін. Апамның маған деген көңілінің ризашылығы сондай – бір диқан ала жаздай тынбай жұмыс істеп, үй-ішінің ас-ауқатына қанша ақша жинап алатын болса, Қарақыз апам да бір тиынын өзіне жаратпай, маған сон­шама ақша жинап қоюға тырысатын. Әрине ол мұның бәрін де менің қина­лып, оқуымды үзіп алмауым үшін жасайтын. Оның үстіне ветеринарлық кәсіпті өте жоғары мамандық деп есеп­тейтін. Сондықтан да көршілерге:

– Біздің Шыңғыс мал доқ­тырдың оқуын оқып жатыр, – деп мақтанып отырушы еді.

Ол кездегі жоғары қызмет­тер адвокат, сот, милиция бас­тығы, пар­тия ұйымының хатшысы, колхоз бас­тықтары бо­­лып келеді. Мен апам­ның көңі­лін, ішкі дүниесін жақсы тү­сінемін. Жазықсыз атылып кете барған ту­ған­ бауырының қайғылы тағдырынан кейін одан қалған тұяқтың амандығын күн­діз-түні құдайдан тілеп, бізді көзінің қарашығындай сақтағысы келетін. Тө­ре­құл Айтматов бүкіл елдің бір саласын басқарып, ұлт тұлғасына айналған ірі азамат болған. Ел зиялыларының ал­дың­ғы қатарынан көрініп, орталықтан – Мәскеуден білім алған. Міне, осындай інісі жазықсыздан жазықсыз халық жауы атанып, апақ-сапақта атылып кеткен соң апам оның ұлы ер жетіп, әкесінің ізін басып, елге оның ақ екендігін дәлел­десе деп үміттенетін. Апам өзінің осы ойын отыр­са да, тұр­са да қайталап ай­та беру­ші еді.Жамбылда қандай оқу оқып жатқанымды толық ұға қоймаса да, әй­теуір, іс қылып, менің тура жолда кетіп ба­ра жатқаныма шү­кіршілік ететін.

Қашан болса да, Жамбылдан жүк таситын вагонға отырып, Маймаққа же­тіп, одан соң Ше­керге келгенімде апамның көңілі жер-көкке сыймай бір жасап қалушы еді. Қуанғанынан асып-сасып, жинап жүрген ақшасын беріп, қолындағы бар тәтті-дәмді асының бәрін алдыма жайып салушы еді. Реті кеп жатса, қалаға қайтарымда мені темір жол бекетіне дейін жеткізіп салатын кісіні де айылдан сұрастырып жүріп тауып қоюшы еді.Таң азанда Маймақтан өтетін пойызға үлгеруім үшін Шекерден түн ортасында жолға шығуым керек.

Кейін апам үшін үлкен уайымға айнал­ған осы бір күлкілі оқиғаға жал­пыға түсінікті болуы үшін арнайы тоқта­лып, айта кетпесем болмас.

Техникумда теория жүзінде оқығаны­мызды іс-тәжірибеде сынап көретін нәрселер жоқ болғандықтан, Иван Гри­гориевич бізді әрдайым Атшабар база­рына алып баратын-ды. Өйткені оқыған-тоқығанымызды іс жү­зінде көруіміз керек те. Сабақта өткен малды­ теориялық жағынан ғана емес, өмір тәжі­рибесінен де байқап, білуіміз қажет емес пе. Жамбылдың шет жағында бір жылқы зауыты болушы еді. Ол атақты маршал Буденныйдың бұйрығымен 1947 жылы құрылған. Біз оған бір жолы барғанбыз да.

Буденныйдың бұл бұйрығы Жамбыл­да ерекше салтанатты ­оқиға ретінде аталып өтілді. Міне, сонда атақты Буден­ныйды да көріп қалғанбыз. Қартайып қал­ған кезі екен, Жамбылға по­йызбен келіп, шаһарды үсті ашық машинамен бір айналып шықты. Біз оның жолын тосып, қолын қысып қалуға ұмтылып, жан­ұшырып жүрдік.

Жылқы зауытына бару ол кезде жұ­маққа барумен бірдей еді. Жоғарыда айтқанымдай, Иван Григориевич бізді әрдайым базарға алып баратын да, прак­тикалық сабақты сонда өткізетін.

Ол базар өте үлкен, ел көп жиналатын жер еді. Қой, жылқы, қара мал сатылатын. Бірақ онда есек сатылыпты де­генді ешқашан естіген емеспін. Бірақ жақын маңда тұратын кісілердің көбісі мұнда есекпен келетін.

Осы базарға келіп қайту біз үшін сы­ныпта отырып сабақ тыңдағаннан әлдеқайда қызық болушы еді. Көше-көшені кезіп, үлкен базарды бес-алты рет айналып шығатынбыз. Уақытты өстіп өткізгенімізге өзіміз мәзбіз.

Мал базарға тізіп қойған қой­­ларға, сиырларға, жылқыға жа­қындап барамыз. Иван Григо­риевич ортамыздағы біреуімізді жанына шақырып алып:

– Сен, ия, менің қасыма кел. Мұнда тұр. Қане, мына жылқыға мінездеме бер. Тұқымы қандай? Түсі қандай? Жасы нешеде? Тұяқ, жалы келіскен бе? – деп, сабақта өтілген тақырыптарға байланысты сұрақтар қоя бастайды. Ал студент оған жауап беруі керек. Әлгі малдың жанында тұрып алып, әрбір мүшесін бізге көрсетіп, айтып шығуы қажет.

Жамбыл базарындағы біздің тәжірибе сабағымыз осылай өтуші еді.

Әңгімеміздің басында айтқан есек тақырыбына келгенде де ағайымыз бізді базарға алып барды. Бүкіл тобымызбен аралап жүрміз. Қай жерде болса да құмыр­сқаның ұясындай құжынаған ел. Базарға қой, сиырын алып келген сатарман да, аларман да мұнда ат не есек мініп келеді.

Ағайымыз бұл жолы бас­қаларға қара­ғанда түр-тұл­ғасы ірі, ат сияқты, құй­рығы да келіскен бір боз есектің жанына барып кідірді. Шынында да, бабына ке­ліп, әбден күш-қайраты толып, жетіліп тұрған кезі екен жа­нуар­дың. Есек қартайса, көзге бір­ден байқалады. Бұты талтайып, ­құлақтары салпайып, көзімен жер тесіп, құдай ұрғандай арамза, кежір боп қалады. Ал мына есек тұяғымен жер тар­пиды, өте тың. Әйтсе де маған мынау жануардың түр-түсі біртүрлі таныс сияқты. Қайдан көріп ем деп ойланып тұр­сам, ағайым:

– Студент Айтматов! Кел мұнда! Сенің алдыңда бір жан­уар, дәлірек айт­қанда, есек тұр. Қане, бері жақында. Қазір сен бізге бұл жануардың түр-сипа­тын таныс­тырып, мінездеме беріп шыға­сың, – дейді.

«Базарда бар мың кісі, бірінде жоқ бірі­нің ісі» дегендей, бізге не істеп жүр­сіңдер деп ешкім мән беріп қарап жатқан жоқ. Әлгі есектің жанына келіп үңілсем, Шекердегі қоңсымыздыкі екен. Есегінің жа­нында тұрған көр­шіміз де мені көріп, қат­ты қуанып қалды:

– Ой, сен қаяқтан келесің? Базарда не істеп жүрсің? – дейді.

– Мен бе?.. Мен осында оқимын ғой...

– Қалың қалай, айналайын, жақсы оқып жүрсің бе? – Көршім менің қал-жағдайымды сұрай бастады.

Бірақ ағай осы тұста сөзімізді бөліп:

– Жетеді! Студент Айтматов, әркім­мен сөйлескенді қой. Саған есек туралы не білетініңді айтып бер демедім бе? – деп даусын өктем-өктем шығарды.

Ойымда ештеңе жоқ, өзімді өте ың­ғайсыз сезініп, ұяла бас­тадым. Бір жағы­нан көршім де жаны қалмай қалбалақтап:

– Әй, бұл кісі сені неге сұ­рақтың ас­тына алып жатыр? Не боп қалды? – деп мазамды алуда.

– Мен бұл жерде сабақ оқып жатырмын, – деймін оған шекемнен шып-шып тер шығып.

– О-оу, солай ма? Базарда оқып жатырсың ба?

– Иә, бұл жаққа тәжірибе сабағын өтуге келеміз.

– Ол қандай тәжірибе?

– Есекті оқып жатырмыз.

– Не? Есекті оқып жатырмыз дейсің бе? Әй, қойшы, соған бола басыңды ауыртып... Аха-ха, қане, айтшы, есек туралы не білетініңді естиік? – деп көршім күліп, мені мазақ қыла бастады.

Содан соң, аузыма түскен нәрсені шатып-бұтамын деп, бұл жолы жаман баға алып қалдым. Ашуым келіп, базардан басым мең-зең болып қайттым. Көп өтпей-ақ мен бұл оқиғаны ұмытып та кеткенмін...

Бір айдан кейін бұрынғы әдетім бойынша пойызбен Маймаққа қарай тар­т­ып отырдым. Шекерге келдім. Жам­был­дағы базарда болған оқиғаны ұмы­тып қалғанмын. Ешнәрседен хабарсыз қалпымда Қарақыз апамды сағынып жеттім. Ал апамның маған деген көзқарасы өзгеріп қалыпты. Оны ешқа­шан мұндай кейіпте көрген емеспін. Ашуы бетіне шығып, түксиіп алған.

Маған қарап шүйлігіп:

– Сен бұдан былай мен үшін бір шіріген жұмыртқасың! Тегі, осы күнге шейін кімді алдап жүргенсің өзі?! Оқып жүрмін дейді ғой тағы да! Нені?! Есекті ме?! Есекші болатыныңды о баста неге айтпағансың! – деп айқайға басты.

Мен үнімді әзер шығарып, ақырын ғана:

– Не боп қалды, тегі? – дедім шошынып.

– Енді келіп, ештеңе білме­гендей өлімсіреуін қарашы! Анау қоңсымыз маған бәрін айтып келді. Оқимын деп бізді алдап, базарда теңселіп, шерменде болып жүрген көрінесің ғой! Мына мен соны енді білдім емес пе. Ол жаққа барып алып, базарда есекші болып жүреді екен деген кімнің ойына келіпті?!

Мен ақырын ғана:

– Иә-ә, – дедім.

– Олай болса, неменеге сандалып шаһарға барасың? Осы айылдағы өзіміз­дің есектер саған жетпей ме? Көшеге шығып ал да, қалағаныңды оқи бер. Әне жол­дың арғы бетінде бір қора есек тұр. Бар соларға! Мен де сені... басыма бір бәле қылып алған екенмін де! – Қарақыз апам сөйтіп, ашуын бір ақтарып алды да, көзінің жасын төгіп-төгіп жылап жібер­ді. – Мен тісімнің суын сорып, ақыр­ғы тиыныма шейін саған ауқат болсын деп жинап жүрсем. Саған есектен басқа оқитын нәрсе қалмаған екен де?!

Иә-ә, бұл оқиға міне, осылай болған...

Менің Қарақыз апам сондай бір керемет жан еді.

Шыңғыс АЙТМАТОВ

Тәржімалаған Нұрғали ОРАЗ

Соңғы жаңалықтар