Қоғам • 31 Мамыр, 2018

Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң кәсіпкерлердің жүгін жеңілдетті

640 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының  кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заңға жариялы түрде қол қойғаны кәсіпкер қауымын бір желпінтіп тастады. Енді тексеру саны азайып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет түрі мейлінше жеңілдейді.

Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң кәсіпкерлердің жүгін жеңілдетті

Әрине бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қуаныш екені сөзсіз. Оның үстіне Елбасы заңға енгізілген өзгерістерді кәсіпкерлікпен шұғылданатындарға жан-жақ­ты түсіндіруді тапсырды. Ендігі уақытта кез келген кәсіпкер ен­гі­зіліп жатқан өзгерістерден хабар­дар болуы тиіс.

Жаңадан енгізілген өзгеріс­тер бойынша айыппұл­дардың, үстеме пайыздардың орнына кәсіпкерлерге алдымен ес­кер­тулер жасалады. Бұл біраз қиындықтарды шешетіні анық. Осы мақсатта еліміздегі кәсіпкерлік қызметті реттеу жүйесі қайта қаралды. Сөйтіп 14 кодекс пен 109 заңға шамамен 1000-ға тарта түзету енгізілмек.

Мысалы, бизнес үшін әлі күнге дейін ең өзекті мәселе­лер­дің бірі коммерция­лық мақсатта жер алу мәселесі болып табылады. Бұл жайында кәсіпкерлердің өздері кездесулерде неше мәрте айтқан болатын. Енді жер учас­келерін беру үдерісінің ашық­тығы заңнамалық деңгейде қамтамасыз етіледі. Жергілікті атқарушы органдар жер телі­мінің орналасқан тұсы, онда салынып жатқан құрылыс объектісі және сатып алушы туралы ақпаратты өздерінің интернет-ресурстары мен БАҚ-тарда жариялауға міндетті. Мұндай ақпарат жерді қандай мақсатпен сатып алғанын білуге мүмкіндік береді. Шынымен шағын немесе орта бизнес объек­тісін салу үшін бе? Әлде қайта сату үшін бе? Осы тектес сауал­дардың басы ашылады. Бұл өзгеріс осы саладағы көп­те­ген мәселелерді шешері сөзсіз.

Аукциондар өткізу бойынша әкімдіктердің міндеті заң­ды түрде бекітілді. Шара мер­зімінің қысқа болуы жемқор­лық тәуекелдерді барынша азай­тады. Менің ойымша, бұл жер учаскесін алудың әділ тәсіл­дерінің бірі.

Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде Қазақ­станның позициясын жақ­сарту да заңға енгізілген. Қабыл­данған заң кәсіпкер­лік белсен­ділікті арттыру­дың қуатты құра­лы болатынына сенімдімін.

Жаңа заңда іріктеп тексеру­ді профилактикалық бақылау­ға ауыстыру, бақылау функ­ция­ларын 30%-ға қысқарту бас­тамасы қабылданды. Бұл биз­нес қауымдастық үшін маңыз­ды мәселелердің бірі бол­ға­нын ескерсек, өте үлкен маңызға ие. Әйтпесе бітпейтін тексерулер кәсіпкерлердің ығырын шығарып жібереді. Ал профилактикалық бақылау оларға көптеген мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 114 бақылау­дың 20-сы алынып тасталады.  Кәсіпкерлерді тексеру кезінде қойылатын 30 497 талаптың 17 654-і қысқартылатын болды. Бұл ретте тек санитар­лық-эпидемиологиялық талаптар 85%-ға, өрт қауіпсіздігі сала­­сындағы талаптар 72%-ға азайды.

Сондай-ақ кәсіпкерлік субъек­тісіне барып, арнайы тәртіп­пен және кәсіптік бақылау арқылы өткізілетін тексеру уақыты 30 жұмыс күнінен 15 жұмыс күніне дейін, ал жос­пардан тыс тексеру уақыты 30-дан 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Жалпы, 2016-2017 жылдары бизнеске салынатын әкім­шілік жүктемені азайту бойын­ша ауқымды жұмыс жүр­гізілді. 2017 жылғы жел­тоқсанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілді, бизнеске қатысты ережелердің 78%-ы қайта қаралды. Бұл елімізде кәсіпкерлікті өркендетуге жасалып отырған тамаша мүмкіндік.

Болат ПАЛЫМБЕТОВ,

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл