Медицина • 01 Маусым, 2018

Балаға қамқорлық – ел ертеңіне қамқорлық

2458 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ «Балалық шағы – патша тағы», «Ашамай нардан үлкен болса, бала ханнан үлкен» деп бекер айтпаса керек. Өйткені «бала деген базарымыз, қай баладан ашылар ажарымыз» деген халықтың отбасылық институтында үй иесі – ұл туса Күнге, төр иесі – қыз туса Айға балайтыны белгілі. 

Балаға қамқорлық – ел ертеңіне қамқорлық

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Кейде қазанның қайнағанынан баланың ойнағанын артық көретін балажан ел, сірә қазақтай-ақ болар дейсіз. Салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, тәрбие-тәлімге үңіліп көрсеңіз – балаға қатысты емесі кемде-кем. Содан да өз баласын өскенше, немересін өлгенше бағу бабалардан жалғасып келе жатқан зор бақыт. Жаман болса да ұрпақ қалсын, өз орнында оты жансынға құмбыл халықпыз. Әрине әркімге өз баласы – алдияр.

Балаларды қорғаудың ха­лықара­лық күні БҰҰ бастамасымен ХХ ғасырдың бел ортасынан бері аталып келеді. Елімізде тәуел­сіздік жылдарынан бас­тап балал­арды қорғау шаралары кешен­ді түрде қарастырыла баста­ды. Бүгінде Қазақстан бала құқық­тарын сақтау бойынша заңна­малық тетіктерді жолға қой­ған ел. Бала құқықтарын қор­ғау саласында мемлекеттік орган­дар, халықаралық ұйымдар мен үкі­мет­тік емес сектор қоян-қолтық қызмет етеді. Бұл әсіресе ба­ла­ларды зорлық-зомбылық­тан қорғау, әлеуметтік әлсіз отба­сы­лардағы балаларға материал­дық көмек, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала­ларға қолдау көрсету сияқты іс-ша­раларда айқын көрінуде. Соң­ғы уақытта ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілер де балаларды көлденең ке­дер­гілер мен теріс ниетті күш көр­сетулерден сақтауға көмектесуде. Мұның бәрі азаматтық қоғамның қалыптасуын жеделдете түседі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы және биылғы Жолдауларында адами капиталды алға шығарудың өзектілігін атап көрсеткен болатын. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бұл мақ­саттың мазмұнын жан-жақты ба­йыта түсті. Адами капиталдың алғашқы баспалдағы – ана мен бала денсаулығы. Елімізде Ана мен бала орталықтары, бала­ларға арналған көптеген за­манауи емдеу мекемелері салы­нып, ел келешегіне қызмет етіп жатыр. Бұрын шетелдерде жасалатын күрделі оталарды Қазақстанда жасаудың мүмкіндігі туды. Сондай-ақ кем, жарымжан туған сәбилерге арналған оңалту орталықтары да артып келеді. Алда инклюзивті білім беру, кедергісіз орта қалыптастыру міндеттері тұр. Бұл салада бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігінің белсенді бола түскені керек. Жалғызілікті аналарға арналған «Аналар үйі», жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық немесе отбасылық тәрбиеге алу, жеке есепшот жинағына салым салу арқылы баспаналы болуына көмектесу сияқты жобалар жекелеген өңірлерде жүзеге асырыла бастауы қуантады.

Балаларға арналған жаз­ғы лагерьлер мен басқа да ор­та­­лық­тардың жұмысы жанданып келеді. Мәселен, таяу­да балалардың бос уақыты мен демалысын тиім­ді ұйымдастыру туралы Үкі­мет отырысында Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев елі­мізде 1-10 сыныпта оқитын оқу­шы­лардың жалпы саны 2 млн 815 мың болса, олардың 92 пайызы жазғы лагерьде демалатынын айтты. Биыл жазғы демалыс кезеңінде 15 597 сауықтыру лагері мен алаңы жұмыс істейді. Ал бос уақытын тиімді іске арнайтын, яғни секцияларға, үйірмелерге, клубтарға, саяхаттарға қатысатын балалар саны 2 млн 557 мың баланы қамтиды. Бұл оқушылардың 91 пайызына тең. Халықтың әлеу­меттік тұрғыдан әлсіз тобындағы дарынды балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттерден 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Білім және ғылым министрлігі балаларды қорғау күні аясында «Нұрлы болашақ» акциясын жариялаған болатын. Яғни бүгін еліміздің барлық негізгі алаңдарында фес­тивальдар, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағ­дар­ламалар, спорттық жарыстар, асфальтқа сурет салу сияқты 600-ден астам шара өтеді. Сондай-ақ барлық өңірде балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлер мен ансамбльдер шеруі және басқа да әлеуметтік жобалар ұйымдастырылмақ.

Иә, бесігінде бес түлейтін бал­дыр­ған – ертең ел туын желбіретер ер! Ел ертеңіне қамқор болайық!

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»