Аймақтар • 01 Маусым, 2018

Алматыда «Қазақстан әдебиеті мен өнеріндегі саяси қуғын-сүргін қасіретінің көрінісі» атты жиын өтті

753 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ғылыми кеңесінің аясында «Қазақстан әдебиеті мен өнеріндегі саяси қуғын-сүргін қасіретінің көрінісі» тақырыбында жиын өтті. Жиынға әдебиеттанушы, өнертанушы мамандар мен қаламгерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысып, Қазақстан әдебиеті мен өнеріндегі зұлмат жылдар зардабының көрінісі туралы ғылыми ой-толғамдарымен бөлісті.  

Алматыда «Қазақстан әдебиеті мен өнеріндегі саяси қуғын-сүргін қасіретінің көрінісі» атты жиын өтті

Жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш ұраны Алаш болып, саяси қуғын-сүргін тақырыбы бо­йынша ізденіп, осы бағытта жаңа деректер жазып, жариялап жүрген институттың әдебиеттанушы қызметкерлерінің ең­бе­гіне шолу жасады. Ол шолудың ішін­де белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Айгүл Іс­ма­қованың «Асыл сөздің теориясы», «Жаз­ған сөз жаным ашып Алашыма...», «Алаш әдебиеттануы», «Тәуелсіздік және Алаш ғылымы» секілді бірнеше кітаптары алдымен сараланып, бұл тақырыпта жылдар бойы тынымсыз ізденіп келе жатқан автордың мазмұнды еңбектерінің ғылыми маңызын, Алаш мұратын айқындау ісіндегі адалдығын атап өтті. Алаш әдебиеттанушыларының ой-толғамының, рухани әлемінің қандай болғанын бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып әңгімеледі. Сондай-ақ Гүлжаһан Жұмабердінің «Алаштың бір ардағы» атты Қошке Кемеңгерұлының саяси қызметі мен өмір сүру ортасы туралы жазылған зерттеу еңбегі де баяндамашы сараптауынан сырт қалмады. Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Боль моя, гордость моя – Алаш» атты орыс тілінде жарық көрген іргелі еңбегі де саяси зобалаң тақырыбындағы салмақты дүниелердің бірі екені айтылды. 

«Алаш» дейміз, «арыстар» дейміз, алайда негізінен, белгілі бес-алты адамның төңірегінде жиі әңгіме қозғаймыз да, халқына еңбегі олардан кем сіңбеген өзге алаш қайраткерлерінің есімін ескерусіз қалдырып келеміз. Сондай қай­раткерлердің қатарында қазақтан шыққан алғашқы экономистердің бірі Қалдыбек Сармолдаев бар. Жер, су комиссияларында жауапты қызметтер атқарған, Шығыс Қазақстан облыстық Атқару комитетінің төрағасы болған тұлғаның тағдыры зерттеуге сұранып-ақ тұр. Ол 1932 жылы ашаршылық басталған бетте-ақ үш рет Голощекиннің алдында баяндама жасаған. 1932 жылы маусым айында жасаған соңғы баяндамасында қазақ даласындағы егістік жайы, егілген дәнді дақыл түрлері, егін егу жоспарының толықтай орындалғаны, күздегі астық алу мүмкіндігі туралы, облыстардағы мал басының көрсеткіші, кәмпескеден кейін мал шаруашылығының қалпына келіп, өркендеуі байқалғанын нақты деректермен дәлелдейді. Солай бола тұра, бірнеше айдан кейін басталып кеткен ашаршылық бірден халықтың бір бөлігін баудай түсіріп, босқын етіп жіберді. «Демек Қазақстанда елді аштықтан аман сақтап қалудың экономикалық мүмкіндігі бола тұра, «сол азық-түлік қайда кетті, халық неге ашаршылыққа ұшырады?» деген сұрақ туындаса, бұл жерде жоспарланған геноцидтің төбесі көрінеді», дейді Н.Ақыш. 

Өнертану ғылымдарының кандидаты А.Мұқан да арнайы тақырыпта баяндама оқып, қанды қуғын-сүргінді үсті-үстіне жасаған қоғамға, қылмыскер тұлғаларына, оның қандықол саясатына өз бағасын беру, ақты қарадан бөліп көрсету керегіне назар аудартты. Театр сахнасында осы саладағы қозғалыс, атап айтқанда 1987-88 жылдан бас­тап толығымен өз күшіне ене бастады. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялы қауымының шығармашылық-мәдени мұраларының ақталуына орай қуғын-сүргінге ұшыраған алаш қайраткерлері жайлы, олардың шығармалары негізінде қойылымдар дүниеге келді. Отаршылдық саясаттың нәтижесінде бұрмаланып келген ұлттық тарихтың беттерін қайтадан қарап, бұрын зерделеуге тыйым салынып келген мәселелерге жаңа көзқарас тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік алды. «Қазақ театр сахнасына кімдер шықты?» деген мәселеге келсек, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған халқымыздың та­ны­мал тұлғалары: Ә.Бөкейханов, А.Бай­тұрсынов, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Тыныш­баев, Х.Досмұхамедов, Ж.Дос­мұ­хамедов, М.Жұмабаев, Ж.Ай­мауы­тов, Ш.Құдайбердиев, Т.Жүр­генов, Н.Төреқұлов, Ж.Тәшенов, Ә.Қашау­­баев­, тағы басқалардың өмірі мен шығар­машылығына арналған пьесалар сахнаға қойылды, әлі де жазылып, қойыла бермек. Жас қаламгерлеріміз тарихи ақ­таңдақтардың орнын толтыруға өзіндік үлесін қосады деген ойдамыз»,  деді өнер зерттеушісі. 

Жиында сөз алған ғалымдар, магис­транттар ұсақ ұлттардың тағдырын тар жол, тайғақ кешуге салып, авантюрис­тік арам пиғылдарын қитұрқы саяси науқандар арқылы іске асырған кешегі Ленин, Сталин, Голощекин, Хру­щев, Юсупов, Колбин сынды саяси жетек­шілердің қайраткерлігіне әдебиет пен өнер жаңаша баға беруі тиіс деген ой-тұжырымын айтты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ