10 Желтоқсан, 2011

«Халқым – қазақ!» деген Қаз дауысты Қазыбек би ұлтымыздың ары мен абыройы болған

795 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әділ сөздің атасы Қаз дауысты Қазыбек би туралы энциклопедияның тұсаукесер рәсімі елордадағы ұлттық кітапханада өтті. Іргелі еңбектің тұсаукесер рәсімінде ал­ғашқы сөзді Қарағанды қаласындағы «Бола­шақ» университетінің ректоры, шығару­шылар алқасының жетекшісі Нұрлан Дулатбеков алып, бұл еңбек арқылы ата-бабалар аманатын насихаттау, ел бірлігін, ұлт тұтас­тығын көрсету, Төле, Қазыбек, Әйтеке билермен қатар, халқымыздың айтулы ұлдары мен жырауларын, дала абыздарын жан-жақ­ты қамтуды мақсат еткенін, ХVІІ-ХVІІІ ға­сырлардағы жоңғар-қазақ айқасы да энци­кло­педиядан орын алғанын айта келіп, ұлы бидің өнегесіне кеңінен тоқталды. Сол секілді кітапқа күні кеше ғана өмір­ден озған, өресі биік, өрісі кең Салық Зима­новтың «Қазақтың ата заңдары және оның бастаулары» деген мақаласы да берілген екен. Бұл мақаладан алар тағылым да, тәлім де аз емес екенін мына бір байламнан аңға­руға болғандай. Мысалы, «Би, ең алды­мен – сот (судья). Бидің өзі де, билігі де түп-та­мыры халықтың тарихына байланысты. Сол себепті ол беделді, дәстүрлі билік қата­рын­да болды. Ал хан билігін көпшілік бұ­қара әкім билігі деп таныды. Қазақтың көр­н­екті мәдениет қайраткерлерінің бірі жаз­ғандай: «Мықты билер тілін алмаған хан­дарды бір кезде тақтарынан қуыршақша алып тастап отырған», дейді академик аға­мыз. Бұдан кейінгі жерде Қаз дауысты Қазы­бек би туралы топтама мақалалар беріліпті. Кестелі сөздің кемелі Аян Нысана­лы­ның «Төле би», көр­некті қаламгер Софы Смата­ев­тың «Қаз да­уысты Қазыбек би», қара сөз­дің хас шебері Әбіш Кекілбаевтың «Әйтеке би» атты сүбелі дүниелерінен алар мағлұмат аз болмаса керек. Профессор Серік Негимов әдеби тілдің әрі мен нәрі билер мен абыз­дар­да жатқанын, ол заманда адамдар­дың сөзге тоқтап, үлкеннің алдынан қиып өтпегенін тілге тиек етсе, ұлтым деп сөй­легенде сөзі жеті қат жердің астынан шы­мыр­лап шыққан бұлақтай әсер ететін Ораз­күл Асанғазы үш би қол ұстасып ортамызға оралғанда, оңтүс­тік жұртының қуана қарсы алғанын, Қ.Төлеметов, А.Тышанов бастаған азаматтар баяғы көсемдер сап құрған үш көшені үш бидің атына беріп, бір жерден ұштастырып, береке-бірліктің үлгісі етіп көрсеткенін, ұлт рухының ұлыларын осылай кітап етіп, ұрпақ қолына ұсына беру қажет екенін атап өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов Мәди әндерін әуелетсе, ғалым Жамбыл Артықбаев бұл еңбектің танымдық жағына тоқталып, билер өмір сүрген заман Шоқан айтып кеткен ерлік ғасыры болғанын дәйектеді. Ол кездегі қоғам ашық болғанын, биліктің жұрт ал­дын­да айтылып, қорытын­ды жасалғанына мы­сал­дар келтірді. Профессор Қ.Жиреншин би­лердің мұрасын заң факультеттерінде оқы­ту қажеттігін көтеріп, мына еңбек соған дайын құрал болатынын тілге тиек етсе, ғалым Шәкір Ыбыраев дала поэзиясы ту­ралы ой тербеп, шешендік сөздің кемелі де, келістісі де сол заманда болғанын, енді соны тәуелсіздік тұсында бірте-бірте оралту жа­йы­на тоқталды. Ал ақын Жүрсін Ерман Қаз дауысты Қазыбек биге арнаған өлең шу­мақ­тарын оқып, кей тұста елдік істен гөрі кейбір аза­­маттардың аталарын ардақтаймыз деп ағат кетіп жататынына өкініш білдірсе, Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы бұл энциклопедия ту­ра­лы өз байламдарын айта келіп, 1500 тара­лым кімге жетеді деген сұрақты көлденең тартты.

Қорыта айтқанда, ұлы бидің ұла­ға­тын жи­нақтаған сүбелі энциклопедияда сүйсін­ді­ре­тін де, түйсіндіретін де деректер молынан.

Сүлеймен МӘМЕТ.