Аймақтар • 03 Маусым, 2018

Павлодарда пәндік олимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс  орталығындағы  «Крендель» банкет-холына әртүрлі пәндерден республикалық, шетелдік жарыстарға қатысып жүрген  47 жас дарын және олардың  ұстаздары  шақырылды.

Павлодарда пәндік олимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

Суретті түсірген Айгүл Есенәлі

Облыстық білім басқармасының  мәліметінше,  биыл өңірдегі мектеп-лицейлерде оқитын  дарынды оқушылар Халықаралық және республикалық жарыстарда 177 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 28-і Ресей, Нидерланды, Сербия елдерінде өткен халықаралық жарыстарда, ал, 149 медаль республикалық жарыстардан  иеленді.

Банкет-холда өткен салтанатты шарада Халықаралық олимпиаданың 12 жеңімпазы облыс әкімінің «Дарын-2018» белгісімен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша жүлдегер атанған 41 оқушыға да құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат табысталды.  Дарынды шәкірттер дайындаған 12 мұғалімге Түркия еліне жолдама берілді. Шара соңында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық пән олимпиадасының қола медаль иегері Аида Шарапиден облыс әкімі Болат Бақауовқа  «Дарын-2018» кітабын табыс етті.

Салтанатты кеште ақ көйлек пен смокинг киген жастар вальс биледі.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар