Қазақстан • 04 Маусым, 2018

«Нұр Отан» жаңғырудың қозғаушы күші болуы тиіс

578 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалы­ғымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

«Нұр Отан» жаңғырудың қозғаушы күші болуы тиіс

Жиынға Саяси кеңестің мүшелері – Үкімет, Парламент және Президент Әкімшілігі басшылары, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың басшылары және бейне­конференция байланысы ре­жімінде еліміздің барлық өңірінің өкілдері – облыс әкім­дері, облыстық мәс­лихат­тардың хатшылары, партия­ның об­лыстық филиалдары төра­ға­лары­ның бірінші орынбасарлары қатысты. Саяси кеңестің оты­­рысында партияны жүйелі жаң­­ғырту және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жү­­зеге асырылуына қоғамдық бақы­лау жасау ісін ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің кіріспе сөзінде партия Сая­си кеңесінің өткен жылдың қара­ша айындағы отырысында бер­ген тапсырмаларын еске салып өтті. Атап айтқанда, Елба­сы партиялық кадрлармен жұмыс­ты күшейту, жергілікті өкілдік етуші органдарды қалып­тас­ты­ру­да партияның рөлін арттыру, жал­пыұлттық күн тәртібін қалып­тас­тыруға бел­сенді қатысу, пар­тиялық техно­логияларды же­тіл­діру, анали­тикалық әлеуетті күшей­ту және партиялық білім беру сапасын арт­тыруды көздей­тін жобаларды жүзеге асыру мәселелерін тап­сыр­ған болатын.

Оған қоса, Саяси кеңестің бұған дейінгі отырысында партия мүшелерінің сан емес, сапалық құрамына басымдық беру, партия жұмысын жетілдіруде жаңа саяси технологияларды қолдану, жас­тармен белсенді жұмыс жүргізу, «Жас Отан» жастар қанатына елі­­міздегі барлық жастар ұйым­дары­ның басын біріктіруге ұйытқы болуды жүктейтін міндеттер қойылған еді.

Міне, осы міндеттердің, жос­­пар­ланған жұмыстардың нәти­жесі мен еліміздегі әр­бір азамат­тың тұрмыстық ахуалын жақ­сартуға арналған «Пре­зиденттің бес әлеуметтік баста­масының» орын­далуы бойынша есеп беретін сәт жаз маусымының алғашқы кү­ніне сәйкес келді.

Елбасы бұл жұмыстарды орын­дау үшін заңнамалық база жетіл­дірілгендігін және пар­тия­ның Парламенттегі фракция­сы­ның осы мақсатта ауқымды жұ­мыс атқарғандығын да атап өтті.

Сапаны халыққа көрсетілген нақты көмек айқындайды

Жалпы Президенттің тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассам­блея­сымен бірлесе отырып жоға­рыда аталған міндеттердің жү­зеге асырылуына қоғамдық бақы­лау­ды күшейтуді қолға алған болатын.

Осы орайды Партия Төра­ға­­сының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өз баяндама­сында Елбасының партияны жүйелі жаңғырту жөніндегі тап­сырмасы бойынша соңғы айларда қандай шаралар атқа­рылғанын жеткізді.

М.Әшімбаевтың айтуын­ша, Елбасы тапсырмасына сай, «Нұр Отан» партиясының әлеуеті арқылы «Цифрлы Қазақ­­стан», «Ру­хани жаңғыру» бағдар­­лама­лары ел арасында кеңі­нен на­си­хат­талып, шағын және орта биз­несті дамытуға ерек­ше көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ жаңа сая­си технологияларды енгізу арқы­лы негізгі жұмыс­тар­дың әдіс-тә­сілдері өзгерген. Мәселен, енді партия жұмысын бағалауда ұйым тарапынан өткі­зілген іс-шаралардың және оған қаты­сушылардың саны емес, халыққа көрсетілген нақты көмектер есепке алынуда.

Партия тарапынан ақпараттық, коммуникациялық тетіктер кеңі­нен қолданылуы нәтижесінде «Нұр Отанның» әлеуметтік желі­лердегі ақпараттарының таралымы мен оған жазылушылар саны, сәйкесінше оқылымы да арта түскен.

М.Әшімбаев үш жылдың ішінде партияның бастамасымен елімізде бір мыңдай IT сыныптары ашылатынын, онда жылына 150 мың оқушы бағдарлама жасау мен робот техникасы бойынша тереңдетілген білім алатынын да атап өтті. Осы жоба ая­сында биылдың өзінде 280 сынып ашу көзделген. Бүгінге дейін Ақтөбе, Қарағанды, Қоста­най, Павлодар, Маңғыстау облыс­тары мен Астана және Алма­ты қалаларында 59 сынып ашыл­ған. Бұл жо­ба­­ларға «Туған жер» бағ­дар­ла­масы шеңберінде кәсіпкерлер де­меушілік көрсеткен.

Сонымен қатар IT компаниялары мен өңірлердегі оқу орындарының жанынан IT саласына жылына 35 мың маман даяр­лайтын орталықтар ашылмақ. Бұндай орталықтарға алдымен жұмыссыз және өзін өзі қамтыған жастар тартылмақ.

«Нұр Отан» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту бағы­тында да бірнеше жобаны қолға алған.

– Жалпы, бүгінгі күннің өзекті әрі халыққа тікелей қатысты мәсе­лелерін қоғамдық бақылауға алу, жоспарлардың орындалуын қада­ғалау еліміздегі ең ірі саяси ұйым­ның күн тәртібінен түспейді. Бұл – Партия Төрағасының тапсырмасы мен талабы, – деді Мәулен Әшімбаев.

Бірегей жоба Астанадан басталады

Келесі кезекте сөз алған Ас­тана қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясының Астана қала­лық филиалының төрағасы Әсет Исекешев партиялық тап­сыр­ма­лардың орындалу барысы тура­лы айта келіп, жүйелі жаң­ғыру­дың астаналықтарды тұтас қамти­тынын атап өтті.

– Астана халқын жұмыспен қамту ісі де ұдайы басты назарымызда. Қазіргі таңда қаламызда тұ­рақты жұмысы бар 500 мың тұрғын болса, оның 300 мыңы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Біздің есе­біміз бойынша, шамамен 2023 жы­лы тұрақты жұмысы бар ас­та­на­лықтар саны 650 мыңға жете­ді. Бұл – тағы 150 мың жұ­мыс орны құрылады деген сөз. Осы­ның бәрін ескере отырып, сұра­ныс­қа ие мамандықтарды оқыта­тын арнайы курстар аштық. Мемле­кеттік тапсырыстар тізбегінен кө­нерген мамандықтар алынып қала шаруашылығына қажетті маман­дықтар тізімі жасалды. Сол ар­қылы жыл соңына дейін 30 мың адам дайындалса, оның 17 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытылмақ, – деді Ә.Исекешев.

Қала әкімінің баяндауынша, бұған дейін мектеп оқушылары 7 сы­ныптан бастап оқитын бағдар­ламалау негіздерін енді бірінші сы­ныптан бастап оқыту қолға алынады. Өйткені осы мақсаттағы қанатқақты жоба өз тиімділігін көрсеткен. Сондықтан да енді ком­­пьютерлік сауаттылықты арт­ты­руға негізделген жоба Ас­та­на­дағы 35 мектепте басталмақ. Қанат­қақты жобада астаналық бала­лардың танымдық ойындар бағ­дарламасы мен қазақша мульт­­­фильмдер жасауға қызығу­шы­­лығы жоғары болғандығы бай­қал­ған.

Сонымен қатар алдағы оқу жы­лына дейін елорда мектептері то­лық компьютерлендіріліп, сымсыз интернет желісі жүргізілмек және робот-техникалық жаб­дық­тармен қамтылуы 100 пайызға жеткізілмек.

Астана қаласында Елбасы тап­сырмаларын, «Нұр Отан» пар­тиясының жоспарлы міндеттерін орындау мақсатында жүйелі жұ­мыс­тар қолға алынған. Атап айтқан­да, «Президенттің бес әлеу­мет­тік бастамасында» көрсетіл­ген студент жастарды жатақха­на­лармен қамту жобасы бойынша Астанада алғаш рет мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде тағы бір қанатқақты жоба қолға алынбақшы. Нақтырақ айтқанда, 11 мемлекеттік колледждің сту­дент­­терін тұрақты үй-жаймен қамта­масыз ету үшін қала бойын­ша бұған дейін салынған ғима­раттар пайдаланылады. Осы бас­тама арқылы 2000 орындық жа­тақ­хана қажеттілігі өз шешімін та­бады. Сондай-ақ бұл әдіс ша­ғын және орта бизнеске де қолай­лы әсер етіп, жаңа жұмыс орын­дары­ның ашылуына себепкер болады.

Цифрландыру бағ­дар­ла­ма­сына сәйкес Астанада биылғы жылдың қыркүйек айына дейін смарт-білім, смарт-медицина және E-ПИК (пәтер иелері коо­перативі) жобаларын жүзеге асыру аяқталады.

Астана әкімі елордалық әрбір тұрғынның цифрлы төлқұжатпен қамтамасыз етілетіндігіне да тоқ­талды. Бұл жүйе жәрдемақы алуды, мемлекеттік қызметтердің игі­лігін көруді түрлі төлемдер жүр­гізуді оңтайландырмақ.

– 2017 жылы Астана қаласы бойынша дәрігерлік кезекке 2 млн адам электронды әдіспен тіркелді. Сондай-ақ бұрын бес күнге созылатын баланы балабақшаға тіркеу рәсімі қазір бес минутта-ақ жүзеге асырылады, – деді Ә.Исекешев.

Бұл мәліметтер Елбасының көңі­лінен шығып, Мемлекет бас­шы­сы аталған жоспардың толық­тай орындалуына тілектестік білдірді.

Цифрландыру – кәсіпкерлікке үлкен қолдау

Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Қызылорда облыс­тық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов еліміздегі кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге ұдайы ерекше көңіл бөліп отырған Елбасына ел кәсіпкерлері атынан алғысын біл­дірді. Осы орайда, Мемлекет басшысы жуырда қол қойған кәсіп­керлік қызметті реттеуге қатысты заңға сай жергілікті жерде кәсібін енді ашып, жаңа қалыптаса бас­таған кәсіпкерлер үшін тексеру­лер мен айыппұлдардың орнына профилактикалық бақы­лау енгізіліп, жоспардан тыс тексе­ру­лердің мерзімін 30 күннен 10 күнге дейін қысқарту, бірқатар салық төлемдерінің мөлшерлемесін азайту көзделгені белгілі. Бұл шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған игі қадамдардың бірі ғана.

– Биылғы Жолдауыңызда 2018 жылы цифрлы дәуір өнер­кәсібін қалыптастыруға арналған ин­дустрияландырудың үшінші бес жылдығын әзірлеу керектігін айттыңыз. Бұл іс кәсіпкерлікке үлкен серпін берері сөзсіз. Қазір бізге техникалық шарттарды алу, сәулет және жер мәселелері бо­йынша рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу бойынша ашықтық қажет. Қолданыстағы заң­намаларда жер учаскесін алу мерзімі екі ай деп көрсетілген. Іс жүзінде ол жарты жылға дейін созылып кетеді. Өйткені жер бөлуге қатысты мемлекеттік мекемелер өте көп, сосын органдардың арасында өзара ақпараттық байланыс жоқ. Мәселен Қызылорда қаласының барлық әлеуметтік маңызы бар инженерлік желілері туралы ақпаратпен қамтылған электрондық карта даярланды. Оның негізінде бизнеске барлық инженерлік желіге қосылуға рұқ­сатты бір жерден алуға мүмкіндік беретін геоақпараттық онлайн сервис жүйесі құрылды. Бұрын кәсіп­керлер техникалық шартты алу үшін қаланың төрт жерін­де орналасқан төрт мекемеге баратын. Оған төрт айдай уа­қыт кететін. Қазір арнайы сервис арқылы үш күнде алады. Уа­қыт пен қаражат айтарлықтай үнем­деледі, деді Ғ.Жақсылықов.

Кәсіпкерлер палатасының өкілі Сыр өңірінде жер телімдерін пайдалануға рұқсат беру мәсе­лесіне байланысты да біраз шаруа атқарылғанын айта келе, саланы цифрландыру шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен қолдау болғанына тоқталды. Тек уәкілетті мекемелердің өзара қаты­насын реттеудің арқасында жер учаскесін беру мерзімі 148 күннен 70 күнге, ал партиялық ұсыныс­тардан соң 29 күнге дейін қысқартылған.

Мемлекет басшысы «Атаме­кен» ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының басшылығына кәсіпкер­лерге көрсетіліп жатқан жеңіл­дік­тер мен халыққа ұсынылған орта игіліктерді ел арасында кеңі­нен насихаттау туралы тапсырма берді.

Ал «YBYRAІ жас программис­тер лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі Әзиза Шөжеева «Нұр Отан» партиясы қолға алған бағ­дарламалау негіздерін бала­ларға мектеп жасынан үйрету жобасының тиімділігін, пар­тия­ның Павлодар облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева, «Жас Отан» жас­тар қанаты Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Уәлихан Болатбектер «Нұр Отан» партиясы жүктеген міндеттердің орындалуы жайында баяндады.

Жаңа ипотека мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс

Адами капиталды дамытудың жаңа деңгейіне көтерілуге, ха­лық­тың табысын арттыруға және өмір сапасын жақсартуға мол мүм­кіндік беретін «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» орындалу барысы жайында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев кеңінен баян­дады.

– Бастамаларды жүзеге асыру үшін Үкімет Жол картасын бе­кіт­ті. Атал­ған Жол картасы аясында 35 іс-шара қарастырылған. Өткен нау­рыз-мамыр айларында соның 20-сы іске асырылды. Соның ішін­де бастамаларды жүзеге асы­рудың заңнамалық негізі қалып­тасты. Мұндай өзара іс-қимыл, «Нұр Отан» партиясының жүйе­лі бақылауы әр бастаманың тиім­ділігін арттыра түседі. Алдағы уа­қытта бұл бағыттағы жұмыс одан ары күшейтіліп, Елбасы тап­сырмасының сапалы орындалуына барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деді Ер­болат Досаев.

Премьер-Министрдің орынбасары осыдан соң бес бастаманың әрқайсысына жеке-жеке тоқта­лып, негізгі жұмыстардың барысы мен орындалу мерзімін баяндады.

Атап айтқанда, Ұлттық банк «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойын­ша ипотекалық несиелеудің тұжы­рым­дамасын бекітті. Бұл жүйе тек жаңа пәтерлер алуға ғана ар­налған. Банктер аталған бағ­дарлама бойынша алдағы шіл­де айында несиелеуді бас­тай­ды. Қарыз теңгемен беріледі және қо­сымша комиссия мен өзге де алымд­ар жоқ. Аталған бағдар­лама бойынша пәтерлер бағасы Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қа­ла­л­арында 25 млн теңгеден, ал өзге қалаларда 15 млн теңгеден асырылмайды.

– Біз пәтерлерді баспанасы жоқ жастар алғанын қалаймыз. Бұл бағдарлама бірде бір баспанасы жоқ жандарға арналып отыр. Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстар кімге және не үшін жасалып жатқанын барша қоғамға түсіндіру қажет. Тиісті есептеу­лер жасалды, отбасының екі мү­шесі жұмыс істеген кезде еш­қандай ауыртпалық болмайды. Ипо­текалық несиенің үстемесі 7 па­йыздан аспайды, – деді Елбасы.

Елбасы осы ретте облыс әкім­дері мен атқарушы орган басшы­ларына бағдарламаны нақты іске асыруды, аймақтарда бөлінген қаражат шашауын шығармай пайдаланылуды және елдің игілігіне сапалы қызмет көрсетуді атап тапсырды.

Е.Досаевтың мәлімдеуінше, табыс салығының төмендеуіне байланысты туындайтын жер­гілікті бюджеттердің тапшылығы республикалық бюджет есебінен өтеледі. Биылдан бастап ЖОО-дағы техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны көбейтілген, сондай-ақ студенттерді жатақ­ханамен қамтудың оңтайлы тетігі жасалған. Үкіметтің есебінше, елімізде 2019 жылы 5 мың орын­дық, ал 2020 жылы қосымша 15 мың орындық жатақханалар пайдалануға берілмек. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға арналған шағын несие көлемі де артып, осы мақсатқа 63 млрд теңге қарастырылған, оның басым бөлігі ауылдық елді мекен тұрғындарына беріледі. Ал Сарыарқа газ құбыры желісінің алғашқы кезеңін 2019 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Өз кезегінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Ба­қыт­жан Жұмағұлов Кеңестің қоғам­дық мониторинг және бақылау жүргізуді үйлестіру, халыққа кеңінен ақпарат беру, бастамаларды жүзеге асыру кезіндегі мәсе­лелерді анықтау, оларды шешу жөнінде ұсыныстар даярлау, сапалы орындалуына атсалысу ісін тиімді атқаруға әзір екенін атап өтті.

Ал Алматы облыстық «Ог­ни Алатау» газетінің бас редак­торы Атсалим Идигов «Прези­денттің Бес әлеуметтік бастама­сын» халық зор үмітпен қабыл­даған­дығын және «Нұр Отан» партия­сы Қазақстан хал­қы Ассам­блея­сымен, барлық азамат­тық қоғам­ институттарымен бірге бес әлеу­мет­тік бастаманы іске асы­руға бақы­лау жүр­гізу бо­йынша жүйелі жұмыс­ты бастап кеткеніне тоқталды.

Барлығы да халықтың игілігі үшін

Басқосудың күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты баяндамаларды тыңдаған Елбасы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және олардың орындалуына бақылау жасау ісіндегі «Нұр Отан» партиясының маңызды рөлін атап өтті.

Қазақстан Президенті әлемдік дамудың және экономикалық үдерістердің жоғары қарқынына тоқталып, жаңа сын-қатерлерге бейімделу қажеттігін айтты.

– Біз жүзеге асыруды жос­парлап отырған жұмыстардың бәрі бәсекеге қабілетті болуымыз үшін қажет. Экономиканың үшінші жаңғыруы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары біздің тарапымыздан атқарылуға тиіс нәрсенің бәрін толық айқындап берді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жә­­не партияның цифрландыру са­ла­сындағы жобаларын орын­даудың маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Президенті Астана экономикалық форумының қоры­тындысы бойынша шығарылған шешімдер жөнінде кеңінен әңгі­меледі.

– Жаһандық дамудан қалып қоймау үшін басқарудың сапалы болуы талап етіледі. Бұл – мем­лекеттік қызметті жетілдіру деген сөз. Біз мемлекеттік қыз­мет­ке қабылдау үдерісінің ашық­­тығын қамтамасыз ету және мери­то­кратия қағидатын ілгері­лету мә­селелерін шештік. Бұл қадам­ның орындалуын партия қа­дағалауы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет бас­­шысы инвестиция тарту және бәсекеге қабілетті елді қалып­тастыру қажеттігін атап өтті.

– Инвестициялар заң үс­темдігі қамтамасыз етілген, келі­сімшарттары сақталатын, білім­ді мемлекеттік қызметшілер жұ­мыс істейтін елге ғана келеді. Ал қазіргі жағдайдағы бәсекеге қабі­леттілік – цифрландыруды дамыту, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқор­лық­тың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу ісінде цифр­лан­дырудың тиімді екенін айтты.

Мемлекет басшысы агро­өнеркәсіп кешенін дамыту, өнім­діліктің өсімін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы экспортын арттыру мәселелеріне тоқталды.

Соңында Қазақстан Пре­зиденті жаңа жобаларды тиімді жүзеге асырудың және Үкімет пен «Нұр Отан» партиясының алдына қойылған міндеттердің маңыздылығы жөнінде айтты.

– Ел ішінде қолайлы әлеу­мет­тік жағдай болғанда ғана мемлекет табысты жұмыс істейді. Бұл – Үкіметтің басты міндеті. Мем­лекет тарапынан атқарылып жат­қан жұмыстың бәрі халыққа арнал­ған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Саяси кеңес отырысының қорытындысы бойынша қаралған мәселелерге байланысты арнайы қаулылар қабылданды.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»