Қазақстан • 04 Маусым, 2018

Досым Омаров: Жаңғырудың мәні – жүрек көзін ашу

1757 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Істің сәтті болуы үшін әуелі оның мән-мәнісін біліп алу керек екені белгілі. Рухани жаңғыру туралы да осыны айтуға болады. Рухани жаңғыру дегеніміз – адамның бүкіл болмысын өзгерту. Адам өмірі осыған арналған, сондықтан бұл маңызды мәселеге жауапты қараған дұрыс.

Досым Омаров: Жаңғырудың мәні – жүрек көзін ашу

Абай қалдырған мол мұра рухани жаңғырудың негізін береді, сондықтан одан бұл маңызды мәселенің шешімін толық табуға болады. 

«Рухани жаңғырудың» мә­нін атауының өзі көрсетіп тұрғандай: рухани жаңғыру дегеніміз – рухты жаңғырту. Өкінішке қарай осы қарапайым түсінік іс жүзінде бұрмаланып, мүлде басқа мән алып жүр. Оның себебі рух деген ұғымның өте терең мағыналы болуында. Рух – қолмен ұстап білетін зат­тық әлемге жатпайтын құпия тү­сінік. Әркім біле бермейтін терең сыры бар. Қазақ тілінде «ұлт­тың рухы», «рухын көтеру», «рухтың қалыптасуы» тәрізді сөз тіркестері кездеседі. Бірақ бұ­лардың барлығы рухтың сырт­қы көрінісін, оның салдарын ғана бейнелейтін, бірақ ішкі мәнін аша алмайтын жалпылама сөздер. Бұл ішкі мәнді түсінбейтін кейбір ғалымдардың өздері рухты абстракциялық түсінік деп ұғады. Бірақ рух абс­тракция емес, оның нақты мәні бар.

Әр құбылыстың сыры мен сымбаты болады және олардың айырмашылығы үлкен. Бұл туралы Абай былай деп жазады:

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Бұл даналық сөздің маңызын аңғару керек. Сыр мен сымбатты айыра білмесек, онда тек сыртқы сымбатына елігіп, ішкі сырынан айрыламыз. Сыртқы көрініспен рухани жаңғыру мүмкін емес. Ол ішкі мәнге бай­ланысты. Ішкі мән сыртқы кө­ріністің себебі. Сыртқы көрі­ніс ішкі мәннің жетілуіне және бұзылмай сақталуына арналған күзетші ғана. Ішкі мән болмаса, сыртқы көріністің пайдасы шамалы, қажеті де жоқ.

Рухтың ішкі мәнін түсініп алмай ешкім де рухани жаңғыра алмайды. Елімізде рухани жаң­ғыруға бағытталған бұрын-соң­ды қанша жобалар, жақсы бас­талған іс-әрекеттер болды. Бірақ бұл жобалардың ішкі мәні кезінде ашылмағандықтан олар­дың барлығы да орындалмай, аяқсыз қалды, не болмаса толық өз нәтижесін бере алмады. Мысалы, бірер жыл бұрын халықтың рухани ахуалын көтеру үшін көптеген шаралар жасалды. Олардың қатарында: мектепте өзін-өзі тану, валеология, дінтану, абай­­тану пәндері енгізіліп, жас­тарды мектеп қабырғасынан тәрбиелеу талпыныстары өріс алып еді. Бірақ бұлардың бі­реуі де өз мақсатына жете алмады. Себебі неде? Себебі бұл­ пәндердің рухани негізде екен­дігінде. Ал рухани жұтаған қо­ғам бұл пәндердің маңызын түсінбеді, дұрыс қабылдамады. Нәтижесінде бұл пәндердің тиімділігі өз деңгейінде болған жоқ. Тіпті Абайдың рухани мұрасы жүйеленген оқу құ­рал­ы шығарылып, мектептер­де оқытыла бас­талып еді. Өкініш­ке қарай, Абайды тек қана ақын ретінде қабылдайтын әдебиет­ші­лер қауымы қарсы болып, данышпанның ойшылды­ғын қамтитын құрал оқу жүйесінен алынып тасталды. Кезінде мектеп мұғалімдері қуана қабыл­даған абайтану пәні алынып тас­талып, содан бері міне он бес жылдан артық уақыт өтсе де, абайтану саласы тоқырауға түс­ті. Ал Абайсыз қазақтың рухани жаңғыруы мүмкін бе?

Осы аталған шаралардың ең болмаса біреуін дұрыс түсініп, іске асырған жағдайда халықтың рухани ахуалы жаңғырудың жаңа белесіне көтерілер еді. Бірақ елдегі рухани мешеулік бұл мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік бермеді.

Теледидарды ашатын болсақ рухани жаңғыру үшін көптеген шараларды атайды. Оның ішін­де тарихымызға үңілу; бір кезде жабылған кітапханаларды, музейлерді қалпына келтіру; үгіт-насихат жұмыстарын жақ­сарту; халықтың әлеуметтік жағ­дайын көтеру тәрізді ұсы­ныс­тар­ды көреміз. Рухани жаңғыру дегеніміз осы деп түсінеді. Бірақ бұлар рухани жаңғырудың мәні емес. Оның салдары, сыртқы көрінісі ғана. Әрине бұлардың барлығы да керекті істер, бірақ ішкі мәнін түсінбеген жағдайда, Абай сөзімен айтқанда, олар тартымды бермес жеміс. Егер ха­лықтың рухани болмысы кө­теріліп, қажеттілік тумаса, әліп­биді өзгертуге жұмсалған қаражат өз нәтижесін бермей, кітапханалар, музейлер қанша көбейсе де алдағы күндері баратын адам болмай, жасалған бар­лық іс-әрекет нәтижесіз болады. Осылай бұрынғы қателігімізді қайталаймыз. Бір кездегі Ресей­дің премьер-министрі В.Чер­номырдиннің сөзімен айтқанда «жақсы болсын деп едік, бірақ бәрі бұрынғыша...» болып шы­ға­ды. Себебі әлі де істің ішкі мәні ашылмай, тек сыртқы көрінісіне ғана көңіл бөлініп жүр.

Рухани жаңғыруда да оның ішкі мәнін түсінудің маңызы өте үлкен. Рухани жаңғырудың ішкі мәні – адамның адами қасиет­терін өсіру.

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі, –

дейді Абай. Рухани жаңғыру­дың ішкі мәні – жүректің көзін ашу. Жүрек көзі ашылса хақтың сәулесі түсіп, адам болмысы өзгереді. Фәни әлемнің әсерімен адамның іші кірленіп, нәпсінің ықпалына түседі. Күнәлі істерге барып, ар-ұятынан айрылады. Қайтадан адам қалпына келу үшін ол іштегі кірді қашыруы керек. Сол кезде оның кеудесі ашылып, хикметке толады. Хик­метке толу дегеніміз – жан дү­ниенің тазартып, сана-сезім­нің өсуі. Жан тазарғанда ұят оянып, рухани сәуле адам болмысын жаңғыртады. Осылай іштегі кір кетіп, жүрек көзі ашылады. Хик­мет кеуде рухани білім мен адами қасиеттерге ие. Адамның ой жүйесі өзгеріп, қайрат шың­далып, дұрыс ойлауға, дұрыс сөй­леуге, дұрыс әрекет етуге мүм­кіндік туады. Осындай адам­­дар ғана жетілген, қайғы-қасірет құрсауынан шыққан, ба­қытты қоғам орната алады.

Ойлау жүйесін жетілдіріп, рухани жаңғыру жолына түсу үшін адам әуелі өзінің болмысын түсініп алуы керек.

Адам болмысы туралы Абай көп жазады. Ол Қырық үшін­ші сөзінде «Адам ұғылы екі нәр­седен: бірі – тән, бірі – жан» деп түсіндіреді.

Данышпан өзінің бұл тұжы­ры­мын «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» атты өлеңінде кеңітіп, анықтап айтып, ұғынды­рып береді.

Ақыл мен жан – мен өзім,

тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің»

мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ

әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

Абай осылай адамның негізгі болмысы мәңгілікті жан, ал тән болса, ол уақытша берілген құ­рал еке­нін тү­сіндіреді. Жан мәңгілікті болған­дықтан, адам­ның негізгі құн­­дылығы тәні емес, оның жаны. Жан тәннен жоғары тұр. Жан мен тәннің құ­марлығы екі бөлек, тіпті қа­рама-қарсы, бір-бірімен үне­мі күресте. Адам өмірі оның қан­дай құмарлыққа берілуіне, яғ­ни ниетіне байланысты. Абай Же­тінші қара сөзінде адамның жан құмары мен тән құмарының айырмашылығын түсіндіреді. Жан құмары мен тән құ­марының күресі жақсы мен жаман­ның, әді­лет пен зұлымдықтың кү­ре­сін білдіреді. Бұл күрес үздік­сіз бол­ғандықтан, өмірдегі әді­лет­­тілік пен зұлымдықтың кү­ресі де үздіксіз. Қай жағының күш алуына байланысты өмір кө­рінісі ауысып, алмасып отырады. Тән ­құмары жеңгенде адам ар-­ұя­тынан айырылып хай­уан­ деңгейіне құлдыраса, ал жан­ құмары жеңгенде тазарып, періште деңгейіне көтерілуі мүм­кін. Тән құмары жеңген адам­дар басым болғанда бүкіл қо­ғам құлдырау жолына түседі.

Рухани жаңғыруы үшін адам тән құмарын жеңіп, жан құ­марына берілуі керек. Жан құ­марына берілгенде жүректің көзі ашылып, адам жетілудің жа­ңа деңгейіне көтеріледі.

Абай осылай рухани жаңғы­рудың негізін береді. Рухани жаңғырудың негізі – өзіміздің тән ғана емес, жан екенімізді бі­луімізде. Сонда жан құ­марына ұм­тылып тән құмарын жеңе аламыз. Осылай рухани болмысты тазар­тып, жүрек көзін ашуға мүм­кіндік туады.

Адам өзінің мәңгілікті жан екенін білетін болса, онда тән қызығына берілмей, нәпсісіне берік болып, көп­теген жарам­сыз істерден, күнәлардан аулақ болар еді. Бірақ рухани надан­дық әсерінен көпшілік қауым жан емес, тән құмарына, яғни «менікіне» ұмтылады. Бұл – бар­лық зардаптың себебі. Нәп­сі адамның жүрегін былғап, өмір­дің қызығынан айырады. Соны­мен бірге ол қабірден әрі өткенде керек қасиеттерді жояды. Абай ол қасиеттерді «Әділет пен арлылық, махаббатпен – Үш жолдасың қабірден әрі өткенде» деп көрсетеді. Бұлар – адами қасиет­тердің негізі. Рухани жаң­­ғыру осыларды қалпына кел­­тіреді.

Адамның негізгі болмысы ру­хани – жан. Ендеше, рухани жаңғыру дегеніміз – өзінің жан екенін түсініп, сезінуі. Ру­хани жаңғырудың мақсаты – жан­ның өзінің алғашқы қасиетін қабыл­дау. Ол қасиеттер, рухани сөзбен айтқанда – мәңгілік, толық білім және ләззат. Қарапайым тілмен айтқанда – адамның мақсаты – ғұмыры ұзақ болып, ақыл-есі мол, бақытты өмір сүру. Рухани жаң­ғыру осыған жеткізеді.

Бірақ рухани жаңғыру оңай шаруа емес. Тәнді жетілдіру қан­дай қиын екенін білеміз, ал жанды жетілдіру одан да күр­делі, мол күш-қайратты керек қы­латын, эволюциялық көп дең­гейлі құбылыс.

Досым ОМАРОВ,
философ, абайтанушы