Аймақтар • 05 Маусым, 2018

Батыс Қазақстанда бизнес жүргізу жеңіл ме?

537 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 2017 жылғы­ мау­сымда «Қазақстан Респуб­лика­сының өңірлерінде бизнесті жүр­гізудің жеңілдігі жөніндегі рей­тингті әзірлеу және енгізу» туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Жыл қорытындысында бұл рейтингте Батыс Қазақстан облы­сының әкімдігі 6-орынға табан тіреді.

Батыс Қазақстанда бизнес жүргізу жеңіл ме?

Сауалнама нәтижесі Батыс Қазақстан облысы еліміз бойынша шағын және орта кәсіпорындарға (ШОК) уақытында, заң бұзбай мемлекеттік қызметтік көрсету үлесі бойынша – 1-орында; мем­лекеттік қолдау алған жоба­лар­­дың саны (гранттар, кепіл­деме­лер, несиелер, субсидиялар, инф­ра­­құрылым шығындары) 1000 ШОК-ке шаққанда – 2-орын­да; ШОК-та жұмыспен қам­тылу­дың өсу қарқыны бойынша – 2 орын; бизнесті дамытуға арналған мамандандырылған алаңдар (технопарктер, бизнес-инкубаторлар, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары) бойынша – 2 орын; кәсіпкерлік қызметке қол сұғудан қорғау мәселелерінде 2-орында тұрғандығын көрсеткен.

Өңірді өрге сүйреген қос «өгіз»

Батыс Қазақстан облысы өнер­кәсібі негізгі екі саладан: шикі­зат өндіру және өңд­еу саласынан тұрады. Рас, кен өнер­кәсі­бінің үлесі 88,8%-ды құрап отыр.

2017 жылы облыстағы өнер­­кәсіп ұйым­­дары 1,9 трлн тең­генің өнімін өн­дір­ген екен. Бұл 2016 жылмен салыс­тыр­ғанда 5,5 пайызға жоғары. Ал өң­деу­ші кәсіпорындардың экс­порт көлемі 2017 жылдың қоры­тын­­дысында 182,2 млн АҚШ дол­­ларына жеткен. Яғни 2016 жыл­­мен салыстырғанда өңдеу са­ласында да 20,8% жоға­ры­лау бар. Мемлекеттік қолдау­дың нәтижесінде өңдеуші кәсіп­орын­­дарда жұмыс істейтін адам саны 2017 жылдың 9 айын­да 18,5 мың болған, бұл 2016 жыл­дың тиісті кезе­ңі­мен салыс­тырғанда 22,7%-ға көп.

Сараптап қарасақ, өңдеу өнер­кәсібінің негізін тағам өндірісі (28,8%), машина жасау саласы (21,0%) және мұнай өңдеу (18,4%) құрапты. Тек машина жасау саласы кәсіпорындары былтыр 33,3 млрд теңгенің өнімін шығарған.

– Ал мұнай өңдеу саласындағы өсім негізінен «Конденсат» АҚ базасында бензин шығару есе­бінен қамтамасыз етілді, – дей­ді облыстық кәсіпкерлік және ин­­­дус­триялық-инновациялық

даму басқармасының басшысы Ар­ман Жалмағамбетов. Мұнда 2017 жылдың сәуір айында ашық мұнай өнім­дерін барынша мол алуға мүмкіндік бере­т­ін вакуумды мұнай айдау секциясы іске қосылған болатын. Бұған қоса мұ­най өңдеу зауыты­ның қуатын жылына 600-ден 850 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашатын жоба жұмыстары аяқталды. Бүгін­де мұнда дизель отынын гидротазалау секция­сы құрылысы жүруде. Тұтас алған­­д­а, кәсіпорын жоғарыдағы жобалар­ды жүзеге асыру үшін 51 млрд теңге (155 млн доллар) көлемінде инвестиция салмақ.

Металлургия саласында 14,7 млрд тең­генің өнімі өндірілді, ол 2016 жыл­ға қарағанда 12,3%-ға көп. Өсім «КазТрубпром» ЖШС базасында сорғы-ком­п­рессорлық құбырлар өндірісін ұлғайт­у және «Орал құю-механикалық зауы­ты» ӨК базасында шойын құю көле­мін арттыру арқылы қамтамасыз етілген.

Облыста өңдеуші кәсіп­орын­дар өндірісті жаңғырту бойынша барлық қажетті шараны қолға алуда. Мысалы, «Alageum Electric» компаниялар тобы құрамына кіретін «Орал трансформатор зауыты» 2016 жылы түрік инвесторларымен бірлесіп, «URAL ELECTRIC» ЖШС-ін құрған еді. Мұнда швейцариялық «АВВ» компаниясының технологиясы бойынша электр-тех­никалық жаб­дықтар орна­тыл­ды. 2017 жыл­дың алғашқы тоқ­­санын­да зауыт жалпы құны 500 млн теңге бо­ла­тын электр қалқандарын өндірді.

«Зениттехсервис» ЖШС келешекте ыс­тық­тай мырыштау цехын ашып, онда ұзын­дығы 10 метр­ден асатын бұ­йым­дар­ды мы­рыш­тау жұмысын ұйымдас­тырмақ.

«НИИ «Гидроприбор» АҚ суасты өлшеулерін жүргізетін ғылыми-зерттеу кемелерін құрас­тыру, суасты телевизиялық ке­шен­дерін (су астындағы құ­быр­ларды тексеру үшін) жобалау мүм­кіндігін қарастыруда.

2018 жылы – 10 жоба

Индустрияландыру картасы аясында II бесжылдықта Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 84,4 млрд теңгені құрайтын 29 инвестициялық жоба жүзе­ге асырылуда. Бұл нысандарда 1340 тұрақ­ты жұмыс орны құрылған. 2015-2016 жылдары жалпы құны 73,1 млрд тең­геге 12 инвестициялық жоба іске қосы­лып, 1800 жұмыс орны ашылған еді. 2017 жылы сомасы 8 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылды, 782 адам жұмыс тапты.

– 2018 жылы 10 жобаны іске асыру жос­пар­ланған. Қазіргі таңда жалпы құ­ны 3,3 млрд теңге болатын 6 жоба Ин­дус­­т­рия­ландыру картасына енгізіл­ген. Шама­мен жаңадан 200 жұмыс орны ашы­ла­ды, – дейді облыстық кәсіпкер­лік және ин­дус­триялық-инно­вация­лық даму бас­қарма­сының басшысы А.Жал­мағамбетов.

Таратып айтар болсақ, «Кублей» ЖШС мал шаруашы­лығы қалдықтарын өңдеу цехы құрылысын жүргізуде. «Агран» ЖШС-нің сэндвич-панельдер шығаратын зауыт құрылысы да бұйыр­са биыл ашылады. «Топан» ЖШС жүр­гізіп жатқан химия­лық өндіріс база­сы­ның құры­лысы, «134» ЖШС-нің кір­піш зауыты құрылысы, «Global Procurement» ЖШС-нің бетон ара­ла­стыру цехы, «Хасанов» ЖК-нің кондитерлік өнім­дер шыға­ратын жаңартылған цехы алда­ғы күн­дері іске қосылып, өңір эко­но­­мика­сының дамуына үлес қосады.

Ауыл кәсіпкерлері белсенді

Өткен жылдың қорытын­дысында облыста 48 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген екен. «Олар­дың 37 мыңы қазіргі таңда жұмыс істеп тұр. Шағын кәсіпкерлік сала­­сын­да шамамен 111 мыңға жуық адам еңбек етеді. 2017 жылы ШКС кәсіп­орындары 52,3 млрд теңге са­лық төледі» дейді А.Жал­мағамбетов.

Мемлекет басшысы «шағын кәсіпкер­лік саласындағы кәсіп­орын­дары­ның ІЖӨ айналы­мындағы үлесі 2050 жыл­ға дейін 50%-ға жетуі тиіс» деген тап­сыр­ма қойған еді. 2016 жылдың қорытын­ды­сында бұл көрсеткіш облыста 41,9%-ға жетіпті. Яғни Батыс Қазақстан облысы республика бойынша көш басында тұр.

Елімізде кәсіпкерлікті да­мы­туға, қолдауға арналған мем­лекеттік бағдар­лама жетеді. «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы қолға алынғалы бері өңірде жалпы құны 99,1 млрд теңгені құрайтын 831 жоба мемлекеттік қолдауға ие болған. Жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын 57 жоба жетіспей тұрған инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде 28,2 мың жұмыс орнын сақтауға және жаңадан 5 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген.

– Соңғы екі жылда ауыл кәсіпкерлерінің бағдарламаға қызы­ғушылығы айрықша арт­ты. Ауылдық жерлерден жалпы құны 36 млрд теңгені құрай­тын 328 жоба мақұлданды. Кәсіп­кер­лерге мемлекет қолдауы да жыл сайын артып келеді. 2016 жылы бағ­дар­ламаға қатысушылар өз­дері­не берілген субсидияның 1 тең­ге­сінен 6 теңге салық төле­ген болса, 2017 жылы ол көрсет­кіш 3,6 теңге болды – дейді А.Жалмағамбетов.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ламасы шең­берінде «Уральская торгово-про­мыш­лен­ная компания» ЖШС қор­ғаныш қабаты бар пластик құбыр өн­діруге қажетті қосымша құ­рал-жабдықтар сатып алды. «Орал Кабель» ЖШС электр кабе­лін өн­діруге қажетті құрал-жаб­­д­ық­тарға қол жеткізді. Ал «Стекло-Сервис»ЖШС шыны­ны өнер­­кәсіптік өңдеу бойынша өн­ді­рістік кешенді ұлғайту және қайта жаңғыртудың екінші кезе­ңін бастады. Осының бәрі мемлекет қолдауымен жасалып жатыр.

2015-2017 жылдары өңірде 45 кәсіпкер жалпы сомасы 76 млн теңгені құрайтын инновациялық гранттарға ие болған. 2017 жылы 19 кәсіпкер 47 млн теңге грант алды. Осының ішінде 13 жоба ауылда жүзеге асады.

2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биыл Ақжайық өңіріне 300,3 млн теңге бөлінбек. Несиелер екінші деңгейлі банктерден 6 пайызбен беріледі.

– Біздің басқарма – 2015-2019 жыл­дар­ға арналған индуст­рия­лық-ин­новациялық даму мем­­ле­кет­­тік бағ­дарламасын, «Биз­­нес­тің жол картасы-2020» бағ­дарл­а­­ма­­сын және 2015-2019 жыл­дарға ар­налғ­ан нәтижелі жұмыс­пен қам­туды және жаппай кәсіп­кер­лік­ті дамыту бағ­дар­ламасын жү­зеге асы­ратын уәкі­летті орган. Сон­дық­тан қолынан іс келетін жан­дар­ға мемлекет көмегін көр­се­туге әзірміз, – дейді Арман Жалмағамбетов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы