Жазғы спорт • 05 Маусым, 2018

Маңғыстауда «Ралли Қазақстан-2018» өтіп жатыр

427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстаудың құмды, таулы, ой-шұқыр, жыра-жықпылды, тұзды сор ақтаңдақтап жатқан даласы – автошабандоздардың аламан алаңына айналғанына биыл екінші жыл. 2017 жылы алғаш рет FIA Халықаралық автомотоспорт федерациясы «Ралли Рейд Әлем кубогы» кезеңі тәуелсіз Қазақстан тарихында Маңғыстау облысында сәтті өткізілген болатын.

Маңғыстауда «Ралли Қазақстан-2018» өтіп жатыр

Мәдениет және спорт министрлігі және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Автомотоспорт федерациясының ұйым­дас­тыруымен Халықаралық автомобиль фе­дерациясының FIA Ралли Рейд Әлем кубогының кезеңі Маңғыстауда 27 мамыр мен 2 маусым аралығында өтеді.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Спорт – бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілек­тес­тіктің символы» деп атап өткендей, спорт – қоғамның тірегі! Оны әрбір спортшы жүрегімен түсіне білу қажет. Сон­дық­тан да саламатты өмір салтын ұста­на­тын қазақстандықтар жылдан-жылға көбейіп келеді. Оны құрлық, әлем және Олимпиада жарыстарында қазақстандық спортшылардың бағындырған белес­те­рінен нақты көруімізге болады, – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов автоаламанның ашылу салтанатында.

«Ралли Рейд Әлем кубогы» кезеңі бойын­ша өткізіліп жатқан байқауда 13 елден 64 автошабандоз чемпион атағы үшін бақ сынасса, Қазақстан атынан 7 жүйрік қатысуда.

Алты кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар 2500 шақырым жолды еңсеруі қажет. Бірінші кезеңде олар Ақтау қаласынан шығып, оңтүстікті бетке алып 210 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан Кендірлі шипажайына барады. Екінші күні Сенек елді мекеннің айналасындағы айналма учаскесі арқылы шөл даламен шығысқа, үшінші кезеңінің бағыты Кендірліден шығысқа қарай жол жүреді. Төртінші кезеңі Жаңаөзен қаласы айналасында өтеді, содан кейін қатысушылар Ақтау қаласына оралады. Екінші қорытынды кезеңі Ақтау қаласынан солтүстікке қарай бағытта өтеді. Аяқтау кезеңінде спортшылар Каспий теңізі жағалау сызығымен өтіп, 2 маусымда Ақтау қаласында жағалау алаңында аяқтады.

«Ралли Қазақстан-2018» Ұлттық сыныпқа және T1, T2, T3 автокөліктердің категориясына арналған. Нақтырақ айтсақ, Т1 – жақсартылған сериялық автомобильдер, Т2 – сериялық модельдерден ерекшелігі бар жеңіл автомобильдер болса, Т3 – жеңіл автомобильдер.

«Ралли Қазақстан-2018» жарысына FIA Әлем кубогының көшбасшысы Якуб Пшигонски, Дакар чемпионы франциялық Люк Альфанд, Africa Eco Race-2018 Ралли Рейд жеңімпазы ресейлік шабандоз Владимир Васильев, биыл өткен Абу Даби Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы чехиялық Мартин Прокоп, сондай-ақ ралли Қазақстан кезеңінің және Әлем кубогының 2017 жылғы иегері автошабандоз Катар Насер Салех әл-Аттия сынды тәжірибелі де танымал спортшылар қатысады.

– Биылғы раллидің бағытына өзгеріс­тер енгізу үшін көп еңбектендік. Автоспорт әлеміндегі танымал спорт түрінің бірі және жұртшылықтың, әсіресе жас­тар­дың қызығушылығына ие – раллидің «ойлы-қырлы» Маңғыстау жерінде өтіп жат­қанына өте қуаныш­тымыз. Маң­ғыс­таудың керемет пейзаждары жә­не біре­гей табиғи кешендері барлық дең­гей­дегі қатысушыларға күрделі сынақ жасай ала­тын болады, – деді АМСФ президенті Марат Әбіқаев.

Дала төсін құйындата жүйткір темір тұлпарлар мен оларды тізгіндеген ерлерге маңғыстаулықтар ақ жол тілеп жолға салды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы