Қазақстан • 06 Маусым, 2018

Шахрат Нұрышев: Қазақстан-Қытай қарым-қатынас­тары стратегиялық әріп­тестіктің жаңа кезеңіне өтті

606 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 7-10 күндері аралы­ғын­да Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен бара­ды және Циндао қаласында өтетін ШЫҰ саммитіне қатысады деп жоспарланғаны белгілі. Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріп­тес­тікті дамыту – еліміздің сыртқы саясаттағы негізгі басым­дықтарының бірі. Бүгінгі күні өзара тиімді байланыстар барлық бағытта қарқынды дамуда. Осы орайда, маңызды сапар аясында межеленген мәселелер жөнінде еліміздің Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат НҰРЫШЕВПЕН сұхбат құрған едік.

Шахрат Нұрышев: Қазақстан-Қытай қарым-қатынас­тары стратегиялық әріп­тестіктің жаңа кезеңіне өтті

– Шахрат Шәкизатұлы, бү­гін­гі күні Қазақстан-Қытай қа­рым-қатынастарының даму қар­­­қыны қандай межеде? Осы мә­се­ле­ге тоқталып өтсеңіз. Со­ны­­­мен қатар Елбасы сапары шең­­б­ерінде Қазақстан мен Қытай бас­шыларының күн тәрті­бін­де қандай мәселелердің қам­­ты­луы жоспарланып отыр?

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл жолғы Қы­тай­ға мемлекеттік сапары Бей­жің қаласынан басталады. Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіс­сөздері, сондай-ақ ҚХР Мем­ле­кет­тік Кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен, Бүкілқытайлық ха­лық­тар өкілдері жиналысының Тұрақ­т­ы комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшумен және Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі қытай­лық ірі іскер тұлғалармен кездесу­лері жоспарланған.

Қазіргі таңда Қазақстан-Қытай қарым-қатынас­тары жан-жақты стратегиялық әріп­тестіктің жаңа кезеңіне өтіп, барлық салалардағы ынтымақ­тас­тықты қамтып отыр. Сонымен қатар екі мемлекеттің басшылары арасындағы өте тығыз жеке байланыс түрлі екіжақты ынтымақ­тас­тық мәселелерін және өзекті ха­лықаралық және өңірлік проблемаларды талқылау мақсатындағы жоғары деңгейдегі жыл сайынғы кездесулерді ұдайы өткізу үрдісін жолға қоюға көмектеседі.

Менің пікірімше, ҚХР Төраға­сы Си Цзиньпиннің «Жібек Жолы­ның экономикалық белдеуін» құру туралы бастамасын 2013 жылы Қазақстанға сапарының бары­сында алғаш жариялауы және соңғы бес жылда біздің елі­мізге үш мәрте сапармен келуі – екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенінің айқын көрсеткіші. 

Кейінгі бірнеше жылда энергетика, көлік, қаржы және инвес­ти­ция салаларындағы ынтымақ­тас­тықта оң серпін байқалады. Соның ішінде, соңғы екі жылда арадағы сауда айналымы ілгерілеу жолына бет алды. Мысалы, өткен жылы екіжақты сауда айналымының көлемі 10,5 млрд АҚШ долларына же­тіп, 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30%-дан артық өсті. 

Елбасының Қытай еліне осы жолғы мемлекеттік сапарының өзара саяси диалогты одан әрі ны­ғайту, өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар бо­йын­ша пікір алмасу, сауда-эконо­мика­лық ынтымақтастыққа қар­қын беру, «Нұрлы жол» жаңа эконо­ми­калық саясатын «Жібек Жолы­ның экономикалық белдеуі» бас­та­масымен ұштастыру, біздің еліміздің қаржы-инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту және транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру тұрғысынан маңызы зор болады деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша тараптар осы жолы қандай салаларда әріптестікті одан әрі нығайтуға күш-жігер салады?

– Біз 2017 жылы екі ел арасын­дағы дипломатиялық қарым-қаты­настардың 25 жылдығын атап өттік. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты әрі қарқынды өзара іс-қимылды үлгі тұтарлық ынтымақтастық деп нық сеніммен айтуға болады. Қытай біздің стратегиялық әріптесіміз және негізгі шетелдік инвесторлардың бірі қатарында. Түрлі деңгейдегі тығыз саяси диа­лог, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастық, партияаралық және пар­ламентаралық байланыс­тар өзара қатынастарды нығайтуға оң септігін тигізуде. 

Өзара сауда айналымындағы байқалған оң серпінге қарамас­тан, біздің елдеріміздің арасын­да әлі де толық пайдаланылмаған әлеует бар. Әсіресе энергетика, көлік, мұнай-химия, қайта өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеу, жаңа технологиялар және инвестициялар бағытындағы ынтымақтастықтың келешегі мол.

2017 жылғы мамырда Бейжің­де өткен «Бір белдеу, бір жол» фору­мын­да сөйлеген сөзінде Қытай Төр­ағасы Си Цзиньпин Қазақ­­стан өзінің транзиттік-көлік­тік әлеуетін арттыру бойынша әлемдегі «жеңімпаз» қатары­нан табылатынын атап өтті. Сон­дықтан бізге Қытай іске асырып жатқан «Жібек Жолы эконо­микалық белдеуін» құру бастамасын ұтымды пайдалану қажет. Осы стратегиялық негізге сүйене отырып, екі ел арасында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын «Жібек жолы экономикалық белдеуімен» ұштастыру туралы келісімге қол қойылған болатын. Қазақстан аумағында іске қосылған көлік дәліздерін то­лық пайдаланудың арқасында Мем­лекет басшысы алға қойған мақ­саттарға – «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша кон­тейнерлік тасымалдау көлемін 2020 жылы 2 миллионға дейін ұлғайтуға және транзиттік тасымалдан түсетін пайданы 5 миллиард АҚШ долларына жеткізу мүмкін болады. 

Қытай нарығына мұнай, газ және уран сияқты шикізаттар­ды тасы­мал­даумен қатар, соңғы уақыт­та баламалы энергетика сала­сын­дағы ынтымақтастық та жан­дана бастағаны байқала­ды. Энер­гияны қалпына келтіру көз­дері мен күн панельдерін өндіру бағытында әлемдік көшбасшы саналатын Қытай аталған сала­дағы ынты­мақтастықты нығайтуға қызы­ғушылық білдіруде. Бұған халық­аралық ЭКСПО-2017 көр­ме­сіне және биылғы ХІ Астана эконо­микалық форумына өз сала­ларын­дағы ірі қытайлық ком­пания­лардың қатысқаны да дәлел.

Сонымен қатар Қазақстан Қытай нарығына ауыл шаруашы­лығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту бойынша зор мүмкіндіктерге ие. Халық санының әрдайым көбеюі, орта таптың өсуі және экологиялық таза өнімге сұраныстың ұлғаюы біздің кәсіпкерлерге Қытайға бағдарланған өндірістік күштерді құру және оның белсенділігін арттыру үшін жақсы мүмкіндіктер береді. Осы мақсатта екі елдің арасында қазақстандық жылқы түлігі (асыл тұқымды жылқы), бал, ұсақ малдың мұздатылған еті үшін карантиндік талаптар бойынша, сондай-ақ бидай, бидай кебегі, майбұршақ және рапс үшін фито­санитарлық талаптарға сәйкес құжат­тарға қол қойылған. Мем­лекет басшысының алдағы са­пары­ның барысында экспортталатын сиыр етіне және жоңышқаға қойы­латын талаптарға қатысты құжаттарға қол қою жоспарлануда. Арпа, жүгері, шошқа еті, күріш, бұршақ, зығыр тұқымы, асқабақ, қарбыз және кәдіні экспорттау бойынша құжаттар  келісілуде.

Биылғы жылғы қарашада Шан­хай қаласында Қытай тара­пы­ның ұсынысы бойынша 1-ші халық­аралық импорт көр­месі өтеді. Оған әлемнің жүзден астам елдерінен өнім өндірушілер қатысады деп күтілуде. Қазақстан да аталған көрмеге белсенді қатысуды жос­парлап отыр. Жақында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытай сапалы шетелдік өнімдердің жеткізілуіне өз есігін кеңінен ашуға ниетті екенін мәлімдеді. Сондықтан менің ойымша, бұл қазақстандық өндірушілердің қытайлық тұтынушыларға экспорттайтын органикалық және «жасыл» өнімдерінің көлемін ұлғайтуға ең жақсы мүмкіндік болмақшы. 

Бұдан өзге, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын ескере отырып, Қытайдың интернет қыз­метін, электрондық ком­­­­мер­­ция, экономика салала­рын цифр­­ландыру, үлкен мәлі­мет­­­терді дамыту және ғарыштық техноло­гияларды дамыту салаларындағы тәжіри­бесін зерделеу пайдалы болар еді. Қытай соңғы жылдары осы сала­ларға қомақты қаржы салып, соның арқасында жақсы нәтиже­лерге қол жеткізді және әлемдегі көшбасшы мемлекеттер қатарына қосылуда.

– «Жібек Жолының эконо­ми­калық белдеуінің» негізгі бөлігінің бірі темір жол тасымалы екені мәлім. Екі мемлекеттің трансконтинентальды тасымалдау көлемін ұлғайту мә­селесіндегі іс-қимылдары қан­шалықты жүзеге асады?

– «Жібек Жолының экономи­калық белдеуі» бастамасын, одан кейінгі аса ауқымды «Белдеу мен жол» стратегиясын іске асыру­дың бастапқы кезеңінен бастап Қазақстан қытайлық тараппен және басқа да серіктестерімен өзінің транзиттік-көліктік әлеуе­тін тиімді пайдалану ісіне айтар­лықтай күш салды.

Бірлесе қабылданған шаралар­дың нәтижесінде «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдау көлемі 2015 жылдан бастап жыл сайын екі есе қарқынмен өсуде (2015 жылы – 47,4 мың ЖФЭ, 2016 жылы – 104,6 мың ЖФЭ, 2017 жылы – 201 мың ЖФЭ).

Соңғы жылдары қабылданған шаралардың қатарына, мысалы, «Үрімші (ҚХР) – Қазақстан – Ресей – Латвия – Роттердам (Нидер­ланды)», «Чанша (ҚХР) – Қазақ­стан – Түрікменстан – Теге­ран (Иран)», «Лодзь (Польша) – Ресей – Қазақстан – Чэнду (КХР)» бағыттары бойын­ша жаңа кон­тей­нерлік пойыз­дардың іске қосыл­ғанын атап өту­ге болады. Сонымен бірге Қытай­дағы әріптестермен бірлесіп Әзербайжан, Грузия, Түркия және басқа мүдделі елдермен жаңа «Транскаспийлік халықаралық көлік бағытын» ашу және ілгерілету бойынша бірқатар жұмыстар жасалды. 

2018 жылғы 4 айдың ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау көлемі 3,92 мил­лион тоннаны құрады, бұл 2017 жылғы осындай кезеңдегі көрсеткішінен 33%-ға артық. Осы кезеңде «Достық-Алашанькоу» және «Алтынкөл-Қорғас» шек­ара­лық өткелі арқылы «ҚХР-ЕО-ҚХР» торабымен 726 кон­тей­нерлік пойыз қатынасы ұйым­дас­тырылды. 2017 жылы олардың саны 3 мыңнан асқан болатын. 

Келешекте жаңа контейнер­лік по­йыздарды іске қосу, сонымен қатар қытайлық әріп­тес­термен кө­лік және логистика саласындағы екі­жақты байланыстарды нығайту есебі­нен құрылған барлық көлік­тік дәліздер бойынша Қазақ­стан аума­­ғы арқылы жүк тасымалдау кө­­ле­м­і­­нің одан әрі ұлғаюы күті­луде. 

– 2017 жылғы маусымда Астанадағы ШЫҰ саммитінде Үндістан мен Пәкістан осы ұйымға толық құқықты мүше болды. Осы орайда келешекте ұйымның халықаралық қарым-қатынастардағы рөлі қандай болады деп ойлайсыз?

– 2017 жылғы маусымда Ас­тана­да Шанхай ынтымақтастық ұйымы жаңа форматқа ауысу ба­ғытына қадам жасады – ұйым­ға екі ірі және беделді ел – Үнді­стан мен Пәкістан кірді. Бұл ШЫҰ-ның жаңа тарихи кезең­ге қадам басуының дәлелі. «Шанхай алтылығы» «Шанхай сегіздігіне» айналды. Көптеген елдердің ШЫҰ аясында қандай да бір мәртебеге ие болуға ықылас танытуы оның беделінің жоғары екенін көрсетеді. Сегізжақты өзара әрекеттесу форматы ШЫҰ-ның халықаралық істердегі рөлін көтеруге оң әсерін тигізеді. 

17 жыл ішінде ШЫҰ өз қыз­метінде өңірдегі қауіпсіздікті нығай­ту, экономикалық ынтымақ­тас­тықты дамыту, мәдени-гума­нитарлық өзара әрекеттесуді кеңейту және шарттық-құқықтық базаны құру жолында қыруар іс тындырды. Бүгінде өңірлік кешенді проблемаларды тиімді шешуге әлеуетті беделді және көпбейінді ұйымға айналды. 

Ұйым түрлі халықаралық бір­лес­ті­к­термен ынтымақ­тас­тықты нығайтуға бағытталған жұмыс­тарды да жүйелі жүргізуде. Соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымымен өзара іс-қимылын ерекше атап өтуге болады. ШЫҰ 2004 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының жанында бақы­лаушы мәртебесіне ие. 2010 жылы екі ұйымның хатшылықтары ара­сындағы ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойылды. 

– Циндао қаласында өтетін самитке қатысты болжамы­ңыз қандай? Қандай уағдалас­тықтар жасалуы мүмкін?

– Ең алдымен, Циндао қала­сын­дағы саммиттің ерекшелігі жиын­ның алғаш рет ұйымға мүше сегіз мемлекеттің қатысуы­мен өтуі екенін айта кетейік. 2017 жы­лы Астанада жаңа мү­ше­лер­­ді қабылдау туралы шешім «шан­­хайлық алтылық» фор­­ма­­тында қабылданған болатын. Сон­дықтан бұл саммитке әлем назарын тігеді деп ойлай­мын. Бұл тұрғыда әлемдік қоғам­дас­тықты ШЫҰ-ның одан әрі қан­дай бағытта дамитыны қызық­тыратыны сөзсіз.

Екіншіден, ШЫҰ-дағы Қытай­­дың ағымдағы белсенді төр­­аға­­лығымен Циндао саммитінің қар­­саңында дайындыққа барлық жа­ғдай жасалып жатқанын атап өткен жөн. Бұл қауіпсіздік сала­сын­дағы өзара іс-қимылға, сон­дай-ақ практикалық және гумани­тарлық ынтымақтастыққа тың серпін берері сөзсіз. 

Үшіншіден, саммиттің мәні мен мазмұнының сапалы болуын қамтамасыз ету бағытында бірлескен үлкен жұмыстар жүргі­зілуде. Осының нәтижесінде қол қойылуы жоспарланған құжаттар топтамасы қомақты болмақ.

Төртіншіден, саммитке мүше мемлекеттерге және байқау­шы­ларға, сондай-ақ халықаралық ұйым­дардың басшыларына ең өзекті деген халықаралық және өңірлік мәселелердің ағымдағы жағ­дайы мен келешегін талқы­лауға мүмкіндік береді. Бұл ШЫҰ кеңістігіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді деген сенімдеміз.

– Бір жыл бұрын елімізде Елбасының тапсырмасы бо­йынша «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасын іске асыру бас­талды. Осы бағдарламада ма­ңыз­­ды жобаның бірі ретін­де жаһандық әлемде қазіргі заман­ғы қазақстандық мәде­ниет­ті ілгерілету мәселесі қамтыл­ды. Бұл жұмыс қалай жүріп жа­тыр? Қытайда қазақ­стан­дық мә­дениетке деген қызығу­шылық бар ма?

– Қазіргі таңда екі мемлекет халық­тарының бір-бірін жақ­сырақ білуі үшін өзара мәде­ниетті, тілді, тарихты, өнерді кеңі­­нен танытуға бағытталған ауқым­­ды жұмыс жүргізу керек екенін мойындау қажет. Ең жа­қын көрші екеніне қарамастан, Қытай­да Қазақстан туралы жан-жақты ақпараттың аз екені әлі де сезіледі. Дегенмен, бұл бағытта алға жылжу бар. Менің пікірімше, бұл мәселені ілгерілетуге бірқа­тар қадамдар жасалды. Атап айтсақ, оның қатарында Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы «Жібек Жолындағы эко­но­микалық белдеуді» құру бас­тамасын ілгерілету үшін Қазақ­станды таңдауы, Қытайдағы ән байқауында Димаштың сәтті өнер көрсетуі және оның Қытай аудиториясына кеңінен танымал болуы, Қытайда туристер үшін Қазақстанды дәріптеу бойынша өткізіліп жатқан жүйелі жұмыс бар. Сонымен қатар ет, астық, ұн, бал және тағы басқа қазақ­стандық сапалы өнімдерге сұраныс­тың өсуі, Қытайдағы төрт үздік оқу орны – Бейжің, Шанхай, Далянь және Сиань шет тілдері университеттерінде Қазақстан орталықтары мен қазақ тілін оқыту кафедраларының ашылып, сәтті жұмыс істеп жатқаны да – Қазақстанның танымалдығын арттыратын мәселелер.

Қазіргі уақытта, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын іске асы­ру мақсатында Елшілік жоғары оқу орындарына арналған Қазақ­стан тарихы туралы оқу­лықты қытай тіліне аудару және басып шығару, қазақстандық көр­кем фильмдерінің дубляжын және көрс­етілуін қамтамасыз ету, Қазақ­стан әртістерінің гаст­роль­дерін ұйымдастыру, біз­дің еліміздің ішкі саяси жағ­дайын қытайлық әлеуметтік желі­лерде белсенді насихаттау бо­йынша жұмыстар атқаруда. Менің ойымша, бұл қадамдар Қытай қоғамына Қазақстанның мәдениеті мен тарихын жақыны­рақ танытуға көмектесуі тиіс. Соның нәтижесінде екі ел арасын­дағы достық пен тату көршілік нығая түседі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»