Тарих • 06 Маусым, 2018

Тұлға: Жер жыршысы - Рахымжан Елешев

1008 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Рахымжан Елешев Қазақстан Республикасы ҰҒА-сы мен Ресей Ғылым академиясының академигі. Мені қызықтырып отырған оның осы жоғары лауазымды атағы ғана емес. Әңгіме тіпті ғылымның осынау биік шыңдарына оның қалай жеткенінде ғана емес. Таңғалдырар адами болмыс-бітімі мені неше алуан ойларға жетелеп отырған жайы бар.

 

Тұлға: Жер жыршысы - Рахымжан Елешев

Ойлап қарасам екеуміз екі түрлі салада өмір кешіп, өріс-кеңістігіміз бір-біріне онша жанаса бермейтін жағдайда екенбіз. Соған қарамастан осы Рахымжан атты азаматқа соншама бейіл беріп, қалайша табысып кеттім. Өзім де таңмын. Ол ауылшаруашылық ғылымы саласының маманы, мен тіл ғылымы саласынанмын. Біздерді  бір-бірімізге ынтықтырып қойған не нәрсе, қандай құдірет!

Шамасы, ел мен жер, тіл тағдыры саналы, сауатты адамдарды ертелі-кеш бір-бірімен табыстырмай қоймай ма деймін. Бәлкім, біздің де адамдық жолымыз осылайша келіп түйісіп жатқандай ма? Сан алуан ойға қалдым. Толғана, ойлана келе өзімізге шақ өмір жолдарын саралап шығуға тура келді.

Қазаққа белгілі бұл есімді мен ең алғаш өз балам Ерлан марқұмның тірі кезінде естіп жүрдім. Рахымжанның баласы Мұратпен менің ұлым бірге өскен, қимас жолдастар екен. Мұны көңілге бір түйіп қойдым. Екеуміздің алғашқы кездесу сәтіміз Атырау қаласында болды. Қазақтың сөзін ұстаған, қамын жеп жүрген бір топ білімдар жандар Атырау қаласында бас түйістірді. Бұларды жиып отырған ұлы Махамбеттің аруағы. Оның 200 жылдық салтанаты. Кезек тисе сөйлермін деп «Асыл сөздің алдаспаны» деген тақырыпта баяндама дайындап барғанмын. Осындай кездесулер барысында Ол мені өз еліне арнайы келген сыйлы қонақтардың біріндей қадірлеп құрмет көрсете бастады. Сөз білетін, азамат қадірін білетін жанға менің де ықыласым ерек. Міне, сол Махамбет тойы табыстырған біздердің бір-бірімізге деген ықылас ниетіміз тереңдей бастады. Біртіндеп отбасымызбен араласып, тіпті етене жақындықты сезіне түстік. Менің жарым Үміт пен Тұрғанай екеуі біздің арақатынасымызды тіпті бекіте түсті. Тұрғанай Түркістанның, Үміт Отырардың ханшайымы. Бірімен- бірі апалы-сіңлілердей үйір тартып, арамызды жақындастыра түсті. Отбасылық сыйластықтың ғажайып сәттері бастан өтіп жатты.

Бұл екеуінің іс-тірлігіндегі ұқсастықтарды байқамау мүмкін емес еді. Екеуінің де білімі жоғары. Жұбайларынан асып түспесе, кем түспейтін қабілет-қарымын тежеңкіреп ұстап, отбасыларының жағдайын бірінші кезекке қойған аяулы арулар еді. Кейінгі кездегі қайсыбір қазақ әйелдерінің бойынан табыла бермейтін осынау асыл қасиеттер бұлардың жұбайларын көкке көтерді. Егер Рахымжан мен Өмірзақтың мына ғажайып өмірде қол жеткізген жемістерінің бәрі әуелі Құдай, сосын еңбек, ең бастысы асыл жарларының сүйіп қосылған жандарына деген адалдығы, қалтқысыз қызметінің арқасы десек артық айт­қандық болмас.

Отбасылық рахаттың шербетін еркін татқан Рахымжанның өмірде, ғылымда жолы болмауы мүмкін емес еді. Алаңсыз ізденіс оны неше алуан биіктерге көтерді. Ең ғажабы ол Жер-ананың тоқтамай сайрайтын жыршысына айналды. Оның еңбектерімен таныса отырып жердің киесін, оның қадір-қасиетін, құнарын, ғажайып сыр-сипатын Рахаңдай білетін жандар сирек шығар деп түйдім. Ол жердің жыршысы, мен тілдің жыршысы ретінде жиі-жиі сыр шертісетін болдық.

Екеумізді жақындастыра түсетін тағы бір қасиет оның қазақтың әндеріне деген ынтықтығы, құмар­лығы, әншілігі. Ол Жер-ананы қалай қадірлесе, қазақтың қара өлеңін, халық әндерін сондай құрмет тұтады. Оның қазақы болмыс-бітімін нәрлендіріп тұрған осы қазақ әндеріне деген іңкәрлік. Қазақтың бұл мұрасына мен де айрықша ынтықпын. Оның Қазақстан елінің әсем табиғатына арнаған зерттеулерінің жөні бөлек. Әріптестері мен елдің көбі білетін ол еңбектерін мен таратып, талдап айтпадым. Бәрібір ол еңбектердің мән-мағынасын жеріне жеткізе суреттей алмас едім. Сондықтан да адам жанын нұрландыра түсетін оның адам-пенде ретіндегі мінез-құлықтарына жиірек ойысып отырмын. Мемлекеттен алған орден, медальдарын санамалап жатпадым. Тәйірі, нағыз адам болмысын олар да жете таныта алмайды ғой. Әрине еңбектің еленгені жақсы. Ол сол еңбегі еленген жандардың бір де болса бірегейі. Тағы бір атауға тұрарлық үлкен қасиет – адам қанша мақтау, мадақ сөз естіп жатқанмен, сол табиғи қарапайымдылығынан танбай жүруінде. Оның осы қасиеті де маған үлгі.

Оған Алла тағала айтатын ой берген, соны жеткізе алатын шешен тіл берген. Ұлттық ғылым академиясының келелі бас қосуларында сөйлеп кеткен сөзіне талай тәнті болғанмын. Елдің, ғылымның қамын Рахымжанша толғайтын адамның аман-есен ортаңда жүргені қандай ғанибет.

Мен де бар өмірімді қазақ тілінің қамын қаузаумен келемін. Құдайға шүкір мен де елеусіз емеспін. Ойлаған мақсаттарыма біртіндеп жетіп келем. Мерейлі де беделді жастың біразын абыроймен артқа тастадық.

Алайда өмір сіз бен бізге үнемі шуақты күндерін сыйлай бермейді. Жаның мен тәнің көтере алмас салмақ та салады білем. 48 жыл ғажайып өмір сыйлаған жарым Үміттен мен айырылдым. 50 жыл керемет бірлік пен ынтымақтың үлгісін танытқан Тұрғанайынан Рахымжан айырылды. Ешкімнің басына бермесін деп тілейтін бұл ауыр күндерді бірге көтерістік. Бір-бірімізге көңіл айтып, қолдап-қуаттап еңсе көтеруге тырыстық. Осы сәттерде де мен Рахымжан бойындағы жігер-қуаттан нәр алғандай болдым. Жүрек сыздады, алайда сыр алдырмадық. Бұл аз дегендей, бірінен кейін бірі ұлдар кетті дүниеден. Тағдырдың бұл берген сынағынан да өттік. Өз қайғымызды ішке үнсіз жұттық та, елдің, тәуелсіз Қазақстанның амандығын тіледік.

Әйтсе де кейінгі ұрпақ үшін қажет азаматтың ерен жетістіктерін арнайы атап өтпеудің жөн емес екенін сезгендеймін. Ол алғашқы студенттік күндерден бастап-ақ ғылым, білімге деген құштар көңілмен ерекше дараланып, көзге түсті. Мәскеу және Қазан қалаларында өткен студенттердің Бүкілодақтық ғылыми конференция­ларында баяндама жасап, жүлделі орындарды иеленді. Қоғамдық істерге белсене араласуының арқасында 1959 жылы Мәскеу қаласында өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысушылардың бірі болды. Осы жылдары  Ол қоғамдық жұмыстарға ерекше атсалысатын әрі үздік оқитын студенттерге ғана тағайындалатын Лениндік стипендияның иегері атанды.

Жоғары оқу орнынан соң Р.Елешев жолдамамен Қазақ ауылшаруашылық институтына (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) ұстаздық қызметке жіберіледі. Міне, содан бері бір жерде табан аудармай еңбек етіп, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Сонымен қатар инс­титутта әкімшілік жұмыстарды да қоса-қабат ала жүріп, факультет деканының орынбасары, деканы, ғылыми-жұмыстар жөніндегі проректор, бірінші проректор, «Топырақтану-агрохимия» ғылыми-оқу-өндірістік кешенінің жетекшісі сияқты жауапты міндеттерді мінсіз атқарды. Бүгінде ол «Топырақтану және агрохимия» кафедрасының құрметті профессоры.

Аса көрнекті ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері ретінде тұлғаланған Р.Елешевтің бастапқы еңбек жо­лының, шығармашылық қызметінің жақсы қалыптасып, дұрыс арна табуына академиктер Х.А.Арыстанбеков, М.Ғ.Ғабдуллин, С.Н.Толыбеков, К.И.Иманғазиев, Д.К.Мәденов ай­рықша ықпал еткен.

Рахымжан Елешұлының алғаш­қы ғылыми жұмыстары қант қы­зылшасына фосфор тыңайт­қыш­тарының әртүрлі формаларының салыстырмалы тиімділігі мен оларды қолдану технологиясын зерттеуге бағытталды. Олардың нәтижелері 1968 жылы «Жамбыл аммофосының агрохимиясы және оның басқа фосфаттармен салыстырмалы тиімділігі» тақырыбына қорғалған кандидаттық диссертациясына арқау болды.

Р.Елешевтің одан кейінгі ғылыми зерттеулері әртүрлі топырақ типтеріндегі фосфаттардың өзгеру химизмі мен мамандандырылған ауыспалы егістіктерге (малазықтық, көкөніс-малазықтық, қант қызылшасы және басқалар) тыңайтқыштардың тиімділігін бағалауды тереңдетіп зерттеу­ге бағытталып, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс агроценоздарында қоректік элементтердің балансы бойынша мәліметтер банкін жасаумен аяқталып, 1984 жылы К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясында докторлық жұмысын қорғауға себеп болды.

Осындай зерттеулерді жүргі­зудің арқасында Р.Елешевтің жетекшілігімен 38 ғылым кандидаты, 12 ғылым докторы, 6 PhD даярланды. Олардың ішінде академиктер: А.Л.Иванов (РҒА академигі), ғылыми-зерттеу институттарының директорлары А.С.Сапаров, Т.Е.Айтбаев және И.А.Үмбетаев, университет ректорлары – А.К.Күрішбаев, С.З.Елубаев, ҰҒА корреспондент- мүшесі Б.Н.Насиев бар. Көптеген шәкірттері ғылыми-зерттеу институттарында және жоғары оқу орындарында қызмет атқарып жүр.

Р.Елешевтің агрохимия және топырақтану саласы бойынша көр­некті ғалым болып қалыптасуына дүние жүзіне әйгілі ғалымдар септі­гін тигізді. Олар академиктер: С.И.Волькович, А.В.Соколов, Н.Г.Дмитри­ченко, Т.Н.Кулаковская, Ф.В.Янишевский, Б.А.Ягодин, В.Г.Минеевтер.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде 12 монография, 350-ден астам ғылыми мақалалар әртүрлі журналдарда жарияланды. Р.Елешев 57 жылдан астам үзіліссіз бір мекемеде, яғни Қазақ ұлттық аг­рарлық университетінде ұстаздық қызмет атқарып келеді. Академиктің басшылығымен жоғары оқу орындарына арналған 20-дан астам оқу­лықтар мен оқу құралдары шы­ғарылды және олар Қазақстанның барлық аграрлық университеттерінде пайдаланылып жүр. Оның ішінде «Агрохимия», «Тыңайтқыш қол­дану жүйесі», «Өсімдіктердің хи­миялық құрамы және минералдық қоректенуі», «Агрохимия практикумы», «Топырақтану геология негіз­дерімен», т.б. бар.

Мемлекеттік тілде жазылған «Аг­ро­химия және тыңайтқыш қолдану жүйесі» оқулығы үшін Р.Елешевке 2012 жылы А.Байтұрсынов атындағы сыйлық берілді.

Білім беру ісіндегі жоғары дең­гейдегі жетістіктері үшін Р.Еле­шев 2 рет «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттің гран­тының иегері атанды (2006, 2013 жж.). Сонымен қатар оның ТМД елдерінің ғалымдарымен бірлесіп шығарған «Агрохимия» оқулығы (2017 ж.) республикадағы көпшілік аграрлық жоғары оқу орындарының оқу үрдісінде негізгі оқулық ретінде пайдаланылуда.

Қазіргі уақытта Рахымжан Елеш­ұлы топырақ құнарлылығын сақтау мен жоғарылату; тыңайт­қыштарды қолданудың агро­экологиялық аспек­тілері және ауыл­шаруашылық өнім­дерінің сапасын басқару; тыңайт­қыштарды қолданудың қарқынды жүйесі мен егіншіліктің биологиялық жүйелерін салыстырмалы бағалау; құнар­лылықтың нормативтік көрсет­кіштерін ескере отырып топы­рақ үрдістерін биологиялық рет­теудің теориялық мәселелерін; маман­дандырылған ауыспалы егістіктерде тыңайтқыш қолдану жүйесі және химиялық құралдарды қарқынды қолдану кезінде өсімдік пен топы­рақта ауыр металдардың жиналу заңдылықтарын зерттеумен шұғыл­данып, оларды өндіріске енгізу жө­нінде әртүрлі басылымдарда жиі жариялап отырады.

Р.Елешев агрохимия ғылымының нағыз көшбасшысы және осы мамандық бойынша кадр даярлаудың қазақстандық мектебін құрды. То­пырақтардың фосфат режімін бас­қару мәселелерін зерттеу бо­йынша ғылыми жұмыстары үшін 1989 жылы КСРО-ның (Мәскеу қ.) ғылыми сыйлығын иеленді. 1991 жылы Рахымжан Елешұлы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) корреспондент-мүшесі, ал 1993 жылы толық мүшесі болып сайланды. Бір жылдан кейін Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының толық мүшесі, 1995 жылы – Халықаралық аграрлық білім академиясының академигі (Мәскеу қ.), 1996 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі, ал 2004 жылы – Қазақстан жоғары мектебі академиясының академигі болып сайланды. Сонымен қатар Р.Елешев К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының (2006 ж.), Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің (2008 ж.), Брянск мем­лекеттік ауылшаруашылық ака­­­демиясының (2009 ж.), Абай атын­­дағы ұлттық педагогикалық университетінің (2013 ж.), Атырау мұ­най және газ университетінің (2016 ж.) құрметті профессоры.

Қазақстан егіншілігі топырақ­тарының құнарлылығын реттеу мә­селелері бойынша жүргізілген ғы­лыми жұмыстарының топтамалары үшін Р.Елешев пен бір топ ғалымдарға (А.К.Күрішбаев, А.С.Сапаров, С.Б.Рамазанова) А.И.Бараев атындағы Қазақстан Республикасының ғылыми сыйлығы берілді.

Бүгінгі күндері академик Р.Елешев ТМД елдері мен алыс шетелдердің жетекші ғылыми орталықтарымен тұрақты байланыс жасап, агрохимия, агроэкология мен топырақтану мәселелері бойынша бірлескен зерттеу­лер жүргізеді, бірнеше рет көптеген халықаралық конгрестер мен конференцияларда Қазақстанның агрохимия ғылымын лайықты таныта білді. Ол ICARDA, INTAS, Халықаралық даму банкі, ҚР ҰҒА, ҚР АШМ ғылыми бағдарламалары бойынша халықаралық жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысады, қазіргі уақытта екі халықаралық және төрт республикалық жобаларды жүргізуге жетекшілік етуде. Оның бас­тамасымен һәм белсене араласуымен 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университеті және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (2011 ж.) базасында Достастық елдерінің агрохимиктері мен агроэкологтарының халықаралық форумы өткізілді.

Рахымжан Елешұлы аграрлық сала министрлігі және ведомство­ларымен тығыз байланыста, ауыл шаруашылығын химияландыру және егіншілік пен өсімдік шаруашылығына тыңайтқыш қол­данудың озық технологияларын енгізу мәселелері бойынша облыстық әкімшіліктерге консультациялық көмек көрсетіп отырады.

Академик Р.Елешев қоғамдық қызметтерді белсенді атқарды. Ол ҰҒА Президиумының мүшесі, ұзақ жылдар бойы Қазақ ҰАУ жанындағы докторлық диссертациялар Кеңесінің төрағасы болды, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрлігі ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі, агрохимия және агроэкология бойынша Достастық елдері мемлекетаралық кеңесінің вице-президенті. 1987-1991 жылдары КСРО ЖАК сарапшылар кеңесінің құрамына кірсе, ал 1997-2001 жылдары ҚР ЖАК президиум мүшесі және сарапшылар кеңесінің төрағасы болды.

Р.Елешевтің ғылыми-педа­гоги­ка­лық және қоғамдық өмір­дегі белсенді қызметтері ескерусіз қалмай, Үкімет тарапынан өз бағасын алуда. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1980 ж.), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2002 ж.), «Тыңға 50 жыл» медалімен (2004 ж.), топырақтану және агрохимияның корифейлері В.В.Докучаев (1995 ж.) және И.И.Синягиннің (2007 ж.) естелік медальдарымен марапатталды.

Академик Р.Елешевке 1998 жылы ғылым мен ғылыми-педагогикалық қызметтерде сіңірген еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­­кері» атағы беріліп, 2005 жылы Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Жарлығымен «Құрмет» ор­денін еншілесе, ал 2010 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Оған өзі туып-өскен Қаратөбе ауданы мен Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы берілді және кіндік қаны тамған ауылдың бір көшесі академиктің атымен аталады.

Рахымжан Елешұлы бүкіл саналы өмірін арнаған оқу орнына шексіз берілген, аграрлық университетінің нағыз патриоты, тіпті іргелі ұжымның беделін еңбегімен еселей арттырып, Қазақстанның қазіргі аграрлық ғылымының арқасүйер алтын діңгектерінің бірі болып отыр. Міне, осы айтылғандарға сүйене отырып біз Оны Жер-ананың талмас жыршысы дейміз.
 

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
ҰҒА академигі