Тарих • 06 Маусым, 2018

Қасиет қонған Қараөткел

2175 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Астанаға келген адамды осы­нау ға­жайып өлкенің толып жат­қан құпия­лары-Қа­раөткел заманы қы­зық­тыруы заңды. 

Қараөткел ерте замандардан бері Ұлы дала­ның ірі сауда орта­лықтарының бірі болған жер. Оған бір дәлел – Қараөткел маңындағы ерте түрік көшпелі және отырықшы елдерінің толып жатқан қорған обалары мен қалалық қоныстары. Ю.Шмидт өзінің «Очерки киргизской степи к югу от Арало-Иртышского во­дораздела в Акмолинской области» кітабында Қараөткел туралы (Карауткульский брод. Шириною 35 сажен (1 сажын-2,1336 м-Ж.А.), глубиною по спаде воды 1 аршин (1 аршын-71,12 см), дно твердое» деп сипаттама жасайды.

Қасиет қонған Қараөткел

Қазақтың ауыз әдебиетінде Қараөткел аты жиі кездеседі, ал әндері мен күйлеріне келсек қа­зақ түгілі өзін шалақазақпын дейтін Ғазиз ақынның: «Атан­дым Ғазиз ақын бала жастан, Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан» дейтінін еске түсірсек болар.

Менен оқушыларым біздің байтағымыздың ең көне ес­керт­кіші қайсы деп сұрайды. Астананың ең ескі құрылыстары қаланың өз ішінде, ол – қазіргі Сине-Темпоре, бұрынғы Керуен сарай. Ресей осы жерге келіп бекініс қорғанын салған соң Керуен сарайды «Гостиный двор» деп атап жіберді. Ерте замандарда Қараөткел меридианалды сауданың орталығы болды. Сонау Қазан, Астрахан, Еуро­падан Есілді өрлеп келе жат­қан керуендер қазіргі Кене­сары көшесінің бойында Түркіс­таннан келген керуендермен табысады. Қараөткелден бастап Ащыөзекке (Соляная балка, Гребной канал, Ақбұлақ) дейін созылған Кенесары көшесі ол кез­де Үлкен базар көшесі аталды. Сауданың нағыз қайнаған жері Кенесары мен Бейбітшілік көшелері қиылысатын алаң ол кезде Кіші базар көшесі аталды. Бұл Керуен сарай ерте заманда салынды деуімізге ең бірінші себеп. 

Астана қаласының іргесінде орналасқан Күйгенжар өткелі туралы өте қызықты деректер бар. Солардың бірі әз Тәуке ханның ордасы Күйгенжардың қорымының ішінде орналасқан. Қорғанның оңтүстік жағы 60 метрдей, солтүстік жағы 40 метр, яғни қорған тік төрт бұрыш емес, бір жағының ені аздау. Қор­­ғанның ұзындығы 100 метр. Бе­кініс қорғанның сыртынан да, ішінен де терең ор қазылған және ол орлар Есілмен арық арқылы жалғасады. 

Ертеде Қараөткелдің жан-жағында жүздеген жел және су диірмендері болды. ХХ ғасырдың басында қаланы сипаттай келе П.Головачев: «Город окружен с одной стороны целой сотней ветряных мельниц» дейді. Нақты статистикалық деректерге қарағанда Қараөткелде 1913 жылы 70 шақты жел диір­мені болған. Есіл мен Нұра өзен­дерінің бойында, судың ағы­сын пайдаланып жасалған су диірмендерді ешкім санаған да жоқ шығар. 

ХХ ғасыр басында Қараөт­келдің жалғыз фотографы К.П.Шахов түсірген суреттердің бірінде екі қабатты сәнді, еңселі құ­рылыс көрінеді. Астыңғы қабаты кірпіштен, үсті ағаштан салынған өте сәнді үйдің бұ­рыш­тары мұнара тәрізді көте­ріл­ген. Шатыры көтеріңкі, орта тұсынан жоғары өрлеп ерекше сатыланған, терезе жақ­таулары мен шатырдың етегі бай ою-өрнектермен безендірілген. Бұл үй Керуен сарай алаңын (қазіргі Сине-Темпоре маңы) Шір­кеу көшесінен бөліп тұр, қазір­гі көшелер ретіне қарасақ Абай мен Бейбітшіліктің қиы­лысы. Қазақстан үкіметі Ақ­молаға көшіп келген уақытта осы үйдің орнына Парламент ғима­раты салынды. К.П.Шахов фотосуретіндегі үйдің иесі Ақмо­ланың атақты көпесі Ғали­асқар Халфин болатын. 

Астана маңында киелі ескерт­кіштер аз емес, солардың ішінде Целиноград ауданы Семеновка ауылы жанындағы Қараменді батыр кесенесі ерекше. 1922 жы­лы Қазақстанда Кеңес үкіметі жаңа орнап жатқан аласапыран тұста қараөткелдік қазақ аза­маттары қаланың Атбасарға шығатын жағында Қараменді батырдың бейіті маңында (қазіргі Семеновка ауылы) Кене­сары мен Наурызбайдың қаза тап­қанына 75 жыл толуына ар­нап ат шаптырып, ас берген. Осы аста қазақтың Хан Кенесі, оның соңынан ерген серіктері Наурызбай, Ағыбай, Жанайдар, Жеке батыр, Бұғыбай, Танаш, Басығаралардың аттары аталып, олардың аруақтарына дұға оқылыпты.

Ақмоланың көне ескерткіш­терінің бірі және көпшілікке белгісізі, жергілікті қазақ «ішкі­ түрме» деп атайтын ХХ ғасыр­дың басындағы сәулет өнерінің біре­гей ескерткіші әуелде «Мү­ге­дектер үйі» атанған. Біз бұл жерде осы ғимаратты архи­тек­туралық ескерткіш деп ата­ғанымызбен, шын мәнінде ол ескі құрылыстардың тізімінде де жоқ. 

Қазіргі Т.Бигельдинов көше­сінде орналасқан үш қабатты үй Совет кезінде НКВД-ның ішкі түрмесі аталған. 1914 жы­лы бірінші жаһан соғысы бастал­ғаннан кейін екі қабатты болып қызыл кірпіштен өрілген бұл үй қазыналық ақшаның есе­бінен 1915-1917 жылдары бұ­рыңғы Училищная көше­сін­де салынды. Ішкі түрме біздің тарихымыздың қаралы кезеңімен тығыз байланысты. 

Бұрыңғы-соңғы тарихты па­рақтасақ Қараөткел ешқашан дін орталығы болған емес, бірақ қазақ заманында өткел маңында шағын мешіттер болған. Оның негізгі себебі біреу – бұл қо­ныс ежелден Ұлы даладағы үл­­кен сауда орталығы, тоғыз жолдың торабы, оның үстіне Есілдің осы тұсы даланың ұлы билеушілерінің тақ орнатқан жері. Ресей билігі орнағаннан кейін, Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдай­мендіұлы осы дәстүрді жалғас­тырып бекініс жанынан­ мешіт салғызады. Белгілі өлке­нтанушы А.Ф.Дубицкий Қараөткелдің алғашқы мұсылман мешіті 1838 жылы салынды деп жазады (А.Ф.Дубицкий. Пройдемся по улицам Целинограда. Целиноград,1990. с.22). Оның пі­кірінше, мешітті патша үкіметі Ресей мен Орталық Азия арасындағы сауданы қолдау мақсатымен салған. 

Қараөткелдің алғашқы ме­ші­ті қорғанның ішінен емес, сыртына ағаштан салынды. Қа­раөткелдің ескі мешіті 1920 жылы Совет үкіметі орна­сымен отқа оранды. Ескі мешіт­тің жанып кеткеніне ызалы мұсыл­мандар қаражат жинай бастады. Осы бір азамат соғысынан жаңа ғана құтылған, елдің қолындағы мал селдіріп қалған жоқшылық уа­қыт­та қазақтың өз арасынан шыққан ірі сауда әулеті Қос­шығұловтар мешітті қайта жаң­ғыртуды өз мойындарына алды. Осылайша жанып кеткен ағаш мешіттің орнына қүйген қызыл кірпіштен көтерді. 

Кірпіштен соғылған мешіт­тің өмірі ұзақ болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда 1930 жылдар­дың басында қазақ жеріне ұлы апат аштықты пайдаланып боль­шевиктердің мешітті жап­қаны анық. 

Большевиктер мешітті бірден қиратқан жоқ, алдымен оны тарихи-өлкетану мұражайына берді. А.Ф.Дубицкий мұражай мешітке 1930 жылы көшіп кел­ді дейді, яғни мешіттің де осы жылы жабылғанына дәлелдің бірі. Мұражай болған уақытта мешіт­тің сәулеттік бейнесіне еш өз­геріс енген жоқ, оның биік мұнарасы да, күмбез шатыры да, тастан өрген сыртқы шарбағының бағандары да сақ­талды... Мешіттің шарба­ғынаның сыртынан мұражайдың шыныдан фотопавильоны салынды. 1940 жылы тарихи-өлкетану мұражайы казачья слободадағы Константин-Елена шіркеуіне көшірілді де, ескі мешітті үкімет «Казпиво» аталатын зауытқа берді. Ақыры коммунистер бертіңгі уақытта оны тас-талқан қылып бұзып, орнын бес қабатты тұрғын үймен жапты. 

Астананың Абай атындағы көшесін бойлап қаланың ескі орталығына жақындасаңыз оң жағыңыздан биік қызыл кір­піштен қаланған, жасыл қа­ңылтыр телпек киген баған­дары, темірден иілген шарбақ аркасы, биік қақпа кездеседі. Бұл заманында Жасыл мешіт немесе Татар мешіт аталған құры­лыстан қалған қалдық. 

Татар мешітінің құрылысы кезінде осы қаланың ең бай адамы атанған Нүркей Зәбировтің қаражатына салынған. Көпестің бір әдеті қандай құрылыс салса да жасыл бояумен сырлайды екен. Осы себепті «Жасыл ме­шіт» атанып кетті. Бұл мешіт­тің қай жылы жабылғаны туралы мәлімет жоқ, бірақ осы құрылыстың көп жылдар Пио­нерлер үйі ретінде қыз­мет жа­сағанын қаланың ескі тұр­ғын­дары біледі. Кейін келе Пионерлер үйі қалалық партия ко­митетінің ғимаратына кө­шірілді. Осы кезде мешіттің ағаштарын отынға алу белсенді жүргізілді. Мешіт қызметін қайта қалпына келтіру мүмкін емес еді. Ақыр түбінде оның ор­нына үш қабатты тұрғын үй салынды. 

Қазақ арасында біз саудаға бейім халық емеспіз деген ұғым қалыптасқан. Оның се­бе­бін кейбір бауырларымыз көшпелі өмір салтынан, жал­қаулығымыздан, не табиғи кеңді­гімізден іздейді. Бұл ешқандай тарихи негізі жоқ бос әңгіме. Қазақтың өзінің ішкі саудасы, айырбасы болғаны ешкімге де жасырын емес шығар, мал жеке меншікте болғандықтан, әр адам жеке басының мүлік дү­ниесіне иелік жасағандықтан сауда мен айырбастың болуы заңды. Қараөткел өңірінен шыққан, І гильдия көпесі деген биік дәрежеге көтерілген Қосшығұловтар соның дәлелі.

Өкінішке қарай Қосшығұ­ловтармен байланысты құры­лыс­тардың негізгілерін Совет үкіметі қиратқан. Қосшығұ­ловтардың қара шаңырағында 1975 жылға дейін Ақмола об­лыстық соты отырды. Сот өзге жерге қоныс аударғаннан кейін, Жас­тар сара­йын саламыз деген сылтаумен бұл жердегі кө­пес үйлері қиратылды. Қазіргі Абай мен Республиканың қиы­лысында совет заманында Гор­совет отырған үйде Уәли Қос­шығұловтың отбасы мекен етті. Совет заманында Насос заводы деп атақ алған мөлтек ауданда Мұқан Қосшығұловтың от басының үлкен ағаш үйі болды. Қосшығұловтардың Абай мен Республиканың қиылысында қы­зыл кірпіштен салынған (бұ­рыңғы Ленин көшесі, 77-үй) екі қабат атақты кәмпит-то­қаш фабрикасы Целиоградта Тұр­мыстық үй (Дом быта) және Мәскеу қонақ үйлерін салған кезде 1975 жылдары қиратылып, орны бір заман бос тұрды. 

Қосшығұловтар 1890 жылы Қара­өткелдің тура ортасында қа­зына қаржысына «Керуен сарай», орысша «Гостиный дворды» қайтадан қалпына келтірді. Керуен сарайда 72 ірі дүкен және 10 ұсақ сауда сөрелері ашылды, бұл кезде қала саудасының ішкі айналымы 1,5 миллион рубльге жеткен еді. Керуен сарайдың алдында аттар мен түйелерді байлайтын керме, шойын бағаналарға сүйенген күнқағарлар, кирил­лица мен араб жазуымен жазыл­ған дүкен атаулары, жарнама­лар Керуен сарайдың кіре бері­сіне көрік беріп тұрды. Қара­өткелге еңбектері сіңген, Совет дәуірінде жазықсыз жапа шеккен, қаланың тарихынан аттары күшпен өшірілген осынау әулетке бір назар аудармай тұр. Астанадағы мыңға жа­қын көшенің біреуінің атын осы әулетке беруге болады деп есеп­тейміз. 

Ф.Назаров сияқты елшілердің деректеріне қарап ХІХ ғасырдың басында Қараөткел маңында Құдайменді сұлтан, кейіннен оның ұлы Қоңырқұлжа сұлтан сияқты Шыңғыс тұқымының өкілдері жайлағанын білеміз. Қазақтың ауызша айтылатын шежіре аңыздары бұл кезең туралы тамаша мәліметтерді сақтаған. Ол кезде қазақ төреле­рінің мықты әулеттері, соның ішінде Сәмеке хан ұрпақтары, әлі де Түркістанмен байланысын үзбеген. Белгілі дәрежеде Мәу­реннахр мен Түркістан-Ташкент аймақ­тарынан Қараөткел арқы­лы солтүстікке өтетін сау­да керуендері де Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың ұрпақ­тарының бақылауында және қамқорлығында болуы керек. Біздің есебімізше подполковник Шубиннің ұсынысына қара­мастан Қараөткелдің ор­ны­на Ақмоланы округ ор­та­­лығына, яғни бұйрыққа (при­­каз), қазақтың бұрыңғы ұғы­мымен айтсақ дуанға (диван) арнап таңдаған Сәмеке хан­ның тұқымы Қоңырқұлжа Құ­дай­мендіұлы. Негізгі себеп қа­зақтың Сарыарқа аймағына шеңгелін сала бастаған орыс­тарды меридианалдық саудаға араластырмау, Қараөткелден түсетін пайдаға ортақтастырмау, қазақтың көші-қон және қатынас жолына бөгет жасамау. 

Қараөткелдің алғашқы аға сұл­таны Қоңырқұлжа Құдаймен­діұлына да, осы жерде заманында билік құрған оның аталары Сәмеке, Әбілмәмбет хандарға да қаламызда бір ескерткіш жоқ. Тіпті бұл жердің хан жайлауы болғанын да ешкім білмейді. Біз Сәмеке, Әбілмәмбет хандар арқылы қазақ тарихын тануға, Қараөткелдің Түркістан сияқты қалалық аймақпен байланысы туралы түсінігімізге қажетті тамаша дерек алар едік.

№19 Ақмола бекінісі тура­лы өлкетану әдебиетінде көп жазылған, ол түсінікті де Ре­сей және Совет заманында қа­зақ даласына өркениетті осы бекіністер әкелген сияқты су­рет­­теді. Бекіністің алғашқы құ­рылыстарын салған инженер-подпоручик Попов деген адам екен. Оның жанына Сібір әскерінен 52 солдат бекітілген. Осы солдаттардың көмегімен 1834 жылы Попов Ақмола дуа­нының басқармасы отыратын үйді, орыс деректерінде «приказ» деп атайды, қызметкерлерге арналған бір-екі үйді аяқтағанға ұқсайды.

Қазақстанды әскери отарлау кезеңінің аяқталуына байланысты 1860-шы жылдары бұрыңғы бекіністерге қала статусын беру саясаты жүргізілгені белгілі. 1862 жылдың 7 мамырында Ішкі істер министрлігі Сібір комитетіне Ақмоланы қала атауға болатыны туралы ұсыныс жасап, Сенат осы жылдың 23 қазанында жарлығын шығарды. Ресми түрде Ақмоланың округ­тік қала мәртебесін алғаны туралы жұртшылықты таныстыру 1863 жылдың 16 маусымында болды. 

1864 жылғы санақ бойын­ша Қараөткелде 4777 адам өмір сүрсе, соның басым ­көп­ші­лігі «Казачья станица» мен «Татар­ская слободкада» мекен­дейтін. Бекіністің өз ішінде 36 мекеме үйі, 39 жеке меншік үй болды. Стансада 119 үй, 4 қазыналық мекеме үйі болды. Татар слободасында 105 үй. Қаланың өзі осы кезеңде 25 шаршы шақырым аймақты алып жатқанымен, оның шаруашылық мүдделері қала аймағынан ондаған шақы­рым сыртқа шығып кетті. 

1876 жылы Ақмола бекінісі ресми түрде жабылды, бұдан әрі Ақмоланың азаматтық қала есебінде тіршілігі толыққанды жүрді. 

Айта берсек, Ақмолаға байланысты шертер шежіре көп. Оның біразын жеке кітап етіп жазғанымыз бар. Көзі қарақты оқырман одан хабардар болар. Бұл жолы көкейдегі көп ойлардың кейбіріне ғана тоқтал­дық.

...Арқа төсіндегі ажарлы Астанамыз бүгінде Алаштың алтын алқасындай көз жауын алады. Көркіне көз тоймайды. Ел дамуының локомотивіне айналды. Елбасының төл туындысы саналатын сәулетті шаһардың тарихи түп-тамыры арғы ғасырларда жатқанын кейінгі жастар біле жүрсе дұрыс болар еді.

Жамбыл Артықбаев,

тарих ғылымдарының докторы, профессор