Қазақстан • 07 Маусым, 2018

Менингит алғашқы медициналық көмекке тәуелді

1048 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы кезде менингококк жұқпасы бойынша орын алған ахуалға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласына келіп, арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Министрдің оңтүстік мегаполистегі бұл сапарына Қазақстан баспасөз клубының ұсынысы түрткі болғанын атап өткен жөн. Өйткені қазір алматылықтар менингитке қатысты алаңдаулы жағдайда, алып-қашты қауесеттермен қатар, смартфондар арқылы тараған түрлі теріс ақпараттар тұрғын­дарды үрейде ұстап отыр.

Менингит алғашқы медициналық көмекке тәуелді

БАҚ өкілдері әдеттегіден көп жинал­ды және осы саланың сан қат­парлы мәселелеріне орай Бір­тановқа қойылған сауал­дар легі де көп болды. Бұл жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев пен Алма­ты облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да қатысып, қо­сымша мәліметтер беріп отырды.

Денсаулық сақтау министрі бас­таған делегация алдымен Алма­ты мен Алматы облысын­дағы жұқпалы аурулар ауруханасын аралап шықты. Бұған негіз де жоқ емес. Алматы облысы Қас­келең қаласындағы жұқпалы ауру­лар ауруханасының мүшкіл жағ­дайы туралы науқастар әлеу­меттік желіде жариялаған болатын.

Министр Қаскелең ауруха­на­сындағы жағдайдың ақиқатында көңіл көншітпейтінін көзімен көріп, «Қаскелең қаласындағы аурухананың жағдайы нашар. Мен қазір құзырлы органдарға Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасын жауып, Қаскелең орталық ауруханасына қосу туралы арнайы тапсыра бердім. Орталық ауруханада арнайы қосымша ғимарат бар. Ғимарат жаңа. Өте ауыр науқастар Алма­тыға немесе Талдықорғанға тасымалданатын болады», деді.

Соңғы тәулікте ауруды жұқ­тырған тағы бір науқас тіркелген. Ауру асқынып тұрған Алматы соңғы үш күнде тыныш. Жаңа науқас тіркелген жоқ». Министр менингитке шалдыққандармен байланыс­та болғандардың саны төрт мыңға жеткенін және олар­ды анықтауда аз жұмыс атқарыл­мағанын атады.

– Олармен дәрігерлер тіке­лей жұмыс істеп жатыр. Медици­налық көмекке келер болсақ, об­лыс­тағы тұрғындарға көрсеті­летін көмектің төмен екені туралы арыздар келіп түсті. Министрлік енгізген ережелердің бұзылу жағ­дайлары да орын алған. Ере­жеге сәйкес, науқасты бір ауру­ха­надан екінші ауруханаға жіберу­ге рұқсат жоқ. Талғардан Қас­келеңге жіберілген науқас қайтыс болған. Соған байланысты тексерулер жүргізілді, – деді Е.Біртанов.

Осылайша министр дертке шал­дық­қандарға алғашқы меди­ци­на­лық көмек көрсетуде кем­ші­ліктердің кеткенін жасырған жоқ.

Сондай-ақ Алматы мен облыс­тағы ауруханалардың бір­қа­тарында инфекциялық бөлім­нің жоқ екенін біліп отыр. Сон­дық­тан да науқастар амалсыз Қас­келеңдегі жұқпалы аурулар ауру­ханасына жеткізіліп отыр­ған.

– Талғар ауруханасында инфек­циялық бөлім ашылды. Есік қаласында бұрыннан бар екен. Қаскелеңде болып қайттық. Бұл жерде инфекциялық ауруха­на бар. Бірақ, аздық етеді. Сон­дықтан жанында орналас­қан орта­лық ауруханада да инфек­ция­лық бөлім ашылсын деген тапсырма берілді. Алматы облысы әкімдігінің шешімімен барлық аудандық ауруханаларда қосымша төсектер қойылды, – деді Е.Біртанов.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда республика бойынша 59 адам менингококк жұқпасын жұқтырған. Республика бойынша менингококк жұқпасынан 13 адам көз жұмған. Алматыда 5 адам көз жұмды. Олардың 2-еуі – 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жеке­меншік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны белгілі болды.

– Алдымен нақты айтып кетейін, қазіргі таңда елімізде менингит эпидемиясы жоқ. Індет басталды, енді кеш деген қауесет қате. Бұл үшін аптасына елде 1800 адамда осы диагноз дәйектелуі тиіс. Сол кезде ғана бүкіл елде жаппай менингитке қарсы егуді бастауға болады. Ал вакцинаны алдын ала еккізу керек. Егер бүгін салғызсаңыз, оның иммунитетке әсер етуіне кемі 2-3 апта қажет болады. Қазіргі жағдайда А вак­цинасы ғана әсер етеді, – деді министр.

Ведомство басшысы менингококк инфекциясына қарсы екпе алу ешқандай да мәселені шешпейтінін, өйткені мұның жақын­дарымызды А және С менин­гококктан сақтағанымен, В то­бын­дағы менингококктан сақтай алмайтынын атады. Өйт­кені, елдің бірде-бір тұр­ғыны ме­нин­гококктың барлық нұсқасы­нан сақтайтын екпені таба алмайды.

– Менингит – күнделікті және жыл сайын болып тұратын ауру. Бүгін де бар, ертең де болады, яғни жыл сайын қайталанатын жағдай. Алдыңғы және былтырғы жылдармен салыстырғанда, биылғы көрсеткіш төмен. Ең бастысы – халықты дұрыс ақпараттандыру. Біз жергілікті емха­наларға қажетті ақпараттар таратуға тап­сырма бергенбіз. Мұндай жағ­дайда қажетті ақпаратты алу үшін алдымен әр адам өзінің жеке дәрігеріне жүгіну керек. Бұл дүние­жүзілік тәжірибе, – деді ол.

Осы мәселеге орай Алматы облысы әкімінің орынбасары Ж.Омар халыққа түсіндіру жұ­мыс­т­ары бел­сенді жүргізіліп жат­­қанын атады. Бір жағынан об­лыс халқының басым көпшілігі ауыл­­дық жерлерде тұрады. Сон­дық­тан әрбір аудандық, ауыл­дық әкім­діктерде штаб құрылып, қызу жұмыс жүріп жатыр деді ол.

Сондай-ақ министр менингококк инфекциясына қарсы вакцина баға­сын арзандату бойынша жұмыс­тар жүргі­зілетінін мәлімдеді. Баспа­сөз мәслихатында соңғы жағдайлар­ға байланысты антибиотиктер бір­ден қымбаттап, бетперделер қат болып шыға келгеніне қатыс­ты мәселе көтерілді.

«Антибиотиктер де, бетперделер де мемлекет тарапынан бері­летін тегін медициналық қыз­метке кірмейді. Сондықтан министр­лік оның бағасын реттеуге құқылы емес. Расында эпидемиологиялық маусымда дәрілер 2-3 есе қымбаттап шыға келеді. Қазіргі заңнамалар бойынша министрлік мемлекет тарапынан беріліп жатқан дәрілердің бағасын ғана реттей алады. Бұл заттар жекеменшік дәріханаларда сатылады. Сондықтан оның бағасын реттеуге біздің құқымыз жоқ. Бірақ Елбасының тапсырмасы бойынша, арнайы заң жобасын әзірледік. Қазір Парламентте қаралуда. Келер жылдың аяғына дейін заң жобасы дайын болады. Дәрілік заттардың бағасын өзгерту үшін міндетті түрде жылына 2 рет арнайы процедура жасалуы керек», деді министр.

Е.Біртанов бұл мәселеге жер­гі­лікті әкімдіктердің де аралас­қаны дұрыс дей келе: «Жергілікті атқару органдары, әкімдіктер жеке кәсіпкерлермен жұмыс істеп, олар­дың әлеуметтік жауап­кер­ші­лігін көтеруге барын салуы тиіс», деді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ