Аймақтар • 08 Маусым, 2018

Өскемен қаласының әкімі уақытша еңбек демалысына кетті

564 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өскемен қаласының әкімі уақытша еңбек демалысына кетті

Осыдан екі ай бұрын шамасында, нақтырақ айтсақ, 15 сәуірде Риддер қаласында мас күйінде көлік тізгіндеген аталған шаһар әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев 19 жастағы Евгений Смольниковті қағып, бозбала оқиға орнында көз жұмған болатын. Кейін әкім орынбасарының жанында Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың да болғаны анықталған-ды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резоннанс тудырып, көлік апатынан қайтыс болған жігітің ата-анасы мен риддерлік тұрғындар өз наразылықтарын білдіріп, Өскемен әкімінің қызметтен кетуін талап еткен-ді. Қос шенеунікке қатысты іс жақында Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің әдеп кеңесінде қаралып, Риддер қаласы əкімінің орынбасары Б.Құрманбаевты қызметінен босату, Өскемен қаласы əкімі Қ.Тұмабаевқа қызметіне толық сай емес деген ескерту беру туралы шешім шығарылған еді. 

6 маусымда Қуат Тұмабаев Риддер­дегі жол-көлік апатына байланысты арнайы мәлімдеме жасады. «Құрметті өскемендіктер, жуықта болған жол-көлік оқиғасына байланысты көптеген материалдар жиналды. Мен жол апатына куә болдым, марқұмның туыстарына шын көңілмен қайғырып көңіл айтамын. Осыған байланысты менің айналамда көптеген қаңқу сөздер тарай бастады. Мемлекеттік қызметте жүргендіктен менің іс-әрекеттерім ең алдымен қоғамдағы сенімді күшейтуге бағытталуы тиіс. Сол себептен мен тергеу жұмыстары кезеңінде жалақым сақ­тал­­майтын еңбек демалысына кету туралы шешімге келдім», деді Қ.Тұмабаев.

Әзірге Өскемен қаласы әкімінің міндетін қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина атқаратын болады.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН