Медицина • 08 Маусым, 2018

Бала дәрігері болудың бақыты бөлек

969 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл дүниеде сәбиден пәк, сәбиден таза, сәбиден адал кім бар? 

Бала дәрігері болудың бақыты бөлек

Бір қызығы, баламен жұмыс істейтін үлкендердің, мысалы, тәр­биеші-мұғалімдердің де бойларында кішкентайларға тән қасиеттер аңғарылып қалады. Бала дәрігері де солай. Алдына ауырып келген баланы құшақтап, еркелетіп, аялап отырып қарайтын ақ халатты абзал жанның жүзінен де жылылық есіп тұрады. Атырау облысының Жылыой ауданындағы орталық аудан­дық аурухананың бала дә­рігері Гүлзипа Қалиеваны ел осындай жақсы мінезі үшін құрметтейді.

Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған балауса қыздың жалғыз арманы бар еді. Ол дәрігер болсам дейтін. Он бір балалы отбасынан шыққан Гүлзипа Алдиярқызы бауыр­мал, мейірімді болып өсті. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде білім алып, педиатр мамандығын таңдады. Биыл міне, отыз үшінші жыл, мамандығына адалдықпен қызмет етіп ке­леді. Мұғалімдер мен дәрі­гер­лер жаппай базар жаға­лап кеткен тоқсаныншы жыл­дардағы тоқырауда да ол сүйік­ті ісінен қол үзген жоқ. 

Дүниеде бауыр етің – ба­лаңның ауырғанынан ауыр не бар? Осы жылдар ішінде Гүлзипа Алдиярқызы сан түрлі тағдырмен кезікті. Сәбиін ажалдан арашалай алмай зар жылап қалған ананы көрді, туабітті дертке шалдыққан баланы көрді, солармен бірге қамықты, қайғырды. Бірақ бір сәби дүниеге келсе, бір нәрестенің ауруынан айыққанын көр­се, риза болған ата-ана­ның алғысын естісе, қиын­дық­тың бәрін ұмытып, солармен бірге қуанды. Өзі қарайтын учаскедегі барлық баланы ол жатқа біледі. Ден­саулықтарында дімкәстік бар балалар үшін алаңдап отырады. Жазып берген дәрісін уақытында қабылдап жүрген-жүрмегенін де тексеру күнделікті әдетіне айналып кеткен. 

«Мен 25 жыл бойы Гүл­зипа Алдиярқызымен бірге бір кабинетте жұмыс істе­дім», – дейді медбике Мас­кура Елемесова. – Осын­дай жайлы, жүрегі жы­лы адам­мен қызметтес екенім­ді мақтанышпен айтып жүремін. Нағыз бала дәрі­гері осындай болуы керек шығар, ол қолына алған сәби жылағанын қояды. Баланы еркелетіп, әлдилеп, ойнатып отырып денсаулығын тексереді». 

«Бала дәрігері болу­дың бақыты бөлек», – дей­ді Гүлзипа Қалиева. – 31 жыл педиатр болдым, қа­зір медицинаға енгізіл­ген өзгерістер бойынша от­басылық дәрігермін. Педиа­трия факультеттері жабылды дегенді естігенде көңіл-кү­йім түсті. Болашағын ой­лаған ел балаға жағдай жасай­ды, осы ретте ана мен ба­ла денсаулығын қорғауға бағыт­талған мемлекеттік бағ­дарламалардан ел үлкен үміт күтеді, мен де күтемін».

Тәжірибелі, жастарға үйретер тағылымы мол дә­рі­гердің алған мақтау қа­ғаз­дары да, алғыс хаттары да көп. Бірақ ол алдына ауырып келген жанның, мейлі жас болсын, мейлі кәрі болсын, құлан таза айығып кеткенін көргеннен артық қуаныш бар деп ойламайды. Жұмысында сенімді серіктес, білікті дә­рігер болса, үйінде екі бала­ның анасы, асыл жар, өнегелі келін. 

Қарапайым адами бақыт деген де осы болса керек. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

Атырау облысы, 
Жылыой ауданы