Қазақстан • 08 Маусым, 2018

Жазылған жайдың жалғасы. Жомарт жандар көп болса...

989 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел газеті «Егемен Қазақстанның» биылғы 16 мамырдағы №89 санынан журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының «Алтын жүректі» азамат» атты мақаласын оқып, риза болғаным соншалық, қолыма еріксіз қалам алдым. Мақала кейіпкері Темірлан Шайжүнісов он екі жылда ауылына 90 үй салып беріпті. Не деген жомарттық! Не деген мәрттік! Міне, біз білетін қазақтың өр жігіттері осындай болса керек-ті. 

Жазылған жайдың жалғасы. Жомарт жандар көп болса...

Ақтерек ауылында бірың­­ғай қазақтар тұра­ды екен. Көрші ауылда не­міс­тер басым болса керек. Көшелерінің, үйлеріне ақтеректіктер тамсанып отыратын болған. «Біздің олардан қай жеріміз кем?» деп намысын жанған Темірлан әуелі екі үй салып, кейіннен оның санын тоқсанға жет­кізіп отыр. «Ақтерек» өн­ді­рістік кооперативінің төр­ағасы зейнеткерлікке шы­ғатындарға бірінші кезекте үй беріп келген.

Солтүстік, Батыс Қазақ­стан облыстарында дүлей тасқын салдарынан қан­шама тұрғындар зардап шекті десеңізші. Міне, сонда қайырымдылық қолын созған азаматтарды есітіп, көңіліміз бір марқайып қалған. 

Интернеттегі сайттарды ашсам, Ақтөбе облысының Шалқар ауданынан жағымды жаңалық жарияланыпты. Әншейінде әлеуметтік желі­лерден мұндай хабарларды жиі оқи бермейміз ғой. Ал «Stan.kz» сайтының хабарлауынша, осы аудандағы кәсіпкер Сәуле Дәулеталина қысылғандарға қол ұшын берген. Оқиға былай өрбиді. Осы ауданның тұрғыны Бағила Бекішева көр-жер сатып, шиеттей балаларын асырап отырған ана екен. Күйеуі Алдаберген Бекішевтің жасы 60-тан асып кеткен соң оны еш жер жұмысқа қабылдамаған. Енді өмірге 6 қыз, 1 ұл әкел­ген Бағиланың бір өзі қи­мыл­дамағанда қайтеді? Қас қылғанда «Алтын алқа» ие­сінің мүгедек қызы бар. Оның үстіне ұлының жүрегіне ота жасатқан. Жалғыз ұл да екінші топтағы мүгедек. Ауыр жұмыс түгілі жеңіліне де жегуге болмайды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қабылдау күніне шақыртыл­ған Сәуле тағдыр тауқыметін тартып жүрген отбасының ауыр тіршілігін осы жерде естіген. Содан Бағиланың шаңырағына өзі барыпты. Мұнан соң Сәуле журналис­терге былай деп ағынан жарылыпты:

– Мен де Шалқар ауданы­ның тумасымын. Олардың жағдайын естіген соң жаным шарқырап үйлеріне барып көрдім. Үйлеріне газ кірмеген. Отбасында тұрақты жұмыс істейтін бір жан жоқ. Бағила мүгедек балаларына берілетін жәрдемақыны құрап, содан артылдырып тары-талқан сатып әкеліп, оны өңдеп қайыра сатып, ілдебайлап күн көріп отыр екен. Оларды көріп жүрегім ауырды. Жағдайларын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Содан қасиетті Рамазан айын­да қайырымды іс жасауға бекіндім.

Міне, солай жүрегінде мейірім оты алаулаған Сәуле замандасымыз Бекішевтердің отбасына екі бөлмелі пәтер сатып алып береді. Мұнымен де тежелмей, үй ішіне азық-түлік жеткізіп беріп отыруды да қолға алған. Бала күнінен сырқат Гүлшатқа сауықтыру шараларын ұйымдастырмақ. Жаны жомарт Сәуле мұнымен де тоқтап қалмақ емес. Ол мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында ауданға сауықтыру кешенін салып бермек. Гүлшатты осы кешенде емдемек.

Сәуленің сезімтал жүре­гіне сүйсіндім. Бай-бақуатты адамдардың барлығы осындай болсашы деп тіледім.

Өкініштісі сол, екінің бірі Темірлан мен Сәуле емес. Барлық тапқан-таянғанын көртышқандай үйіне қанар­лап, вагондап таситындар әр жерде толып жатыр. Олардан қысты күні қар сұрап ала алмайсыз. Сұрап көріңізші, маңдайыңыздан ұрып, таң­дайы­ңызды түсіреді. Таң­дайы­ңызды түсірмеген күннің өзінде көңіліңізді түсіреді.

Мен бір бай адамды біле­мін. Бай болғанда да шірі­геннің дәл өзі. Соның қайы­рымдылық шараларға қатысқанын көрген де, естіген де емеспін. Әрине біреудің қалтасындағы ақшаны санау жақсы емес. Дегенмен күні кеше сол азаматтың үйіне жарамазан айта барған бір топ баланың Қытай қорғанындай үлкен шарбағынан өте алмай, тауы шағылып, кері қайтқанын көргенімде көңілім тіпті қалды. Сол құр­тымдай балақайлар не ала қояды дейсіз? Ал хан са­райындай зәулім үйі бар отбасының бала­ларға қайы­рымы болмаған соң не үміт, не қайыр?

«Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» делінеді Құран Кәрімнің «Сәбә» сүресі, 39 аятында. Иә, қазақ «алаған қолым береген» деп бекер айтпаған. Десек те, сұғанақ сараңдар дүниеқоңыздықтан арыла алмай жүр. Қасиетті Құран Кәрімде: «Сенен жетім­дер туралы да сұрай­ды. Оларды пайдалы және жақсы жетілдіру қайырлы іс. Егер олармен бір жерде өмір сүрсеңіз, олар сіз­дің бауырларыңыз. Алла жетім­дерге қамқор (болмақ) болғандар мен пасықтық жасағандарды біледі» дейді. Жаратушы Иемізден артып айта алмасымыз хақ. Дәл қазір қайырымдылық жасайтын кез. Қарап отырсаңыз, кембағал адамдар, әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған отбасылар әр ауылдан, әр қаладан табылады. Қасиетті Рамазан айында оларға қандай көмек көрсеттіңіз қайырымды жан? Баспанасыздарға үй са­лып бермегеніңізбен, тым құ­рығанда бір жетім­ді жұбатып, басынан сыйпадыңыз ба? 

Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жаны жомарт, қолы ашық адамдардың есесін Алла ешқашан жемек емес. Осыны біле тұра тоғышарлыққа салынатын тоңмойын сараңдар жазасыз қалмайтынын да ұмытпаулары керек.

Кезінде Шағырай шешен:
Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі. 
Үлгілі сөз білмеген,
Надандықтың белгісі.
Бар-жоғына қарамас,
Анық жомарт, ер кісі, – деген екен. 

Иә, анық жомарт, ер кісі бар-жоғына қарамайды. Жү­рек жомарт болсын деңіз. 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, 
Қазақстанның құрметті журналисі

Оңтүстік Қазақстан облысы