Қазақстан • 08 Маусым, 2018

«Men qazaqpyn» жобасы жалғасады

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Qazaqstan» Ұлттық арнасының «Men qazaqpyn» жобасына байланыс­ты баспасөз мәслихаты өтті. Шараға «Қазақстан» телерадиокорпорациясы аймақтарды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан мен «Qazaqstan» Ұлттық арнасы арнайы жобалар бөлімінің жетекшісі Қуаныш Сүлейменов қатысты.  

«Men qazaqpyn» жобасы жалғасады

2018 жылдың мамыр айынан бас­тап «Men qazaqpyn» жобасының екінші маусымына іріктеу кезеңдері басталған болатын. 

Ержанар Әшейханның айтуынша, «Men qazaqpyn» халықаралық мега-жобасы былтыр ел көлемінде 14 облыс орталығы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыды. 

«Биыл дәл қазіргі уақытқа дейін 176 елді мекенде өткіздік. Жоба жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Бүгін Ақтөбе облысының Темір, Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті аудандарында өткізіледі. 183 аудан орталығы, облыстық маңызы бар қалаларды қамтыған аудандық іріктеудің соңғы күні 19 маусым деп белгіленген. Бүгінге дейін 1300-дей өнерпаз аудандық іріктеулерде бақ сынады. Оның 391-і дара шығып, облыстық іріктеуге жолдама алды. 5 маусым күні Шымкент қаласында «Men qazaqpyn» халықаралық мега-жобасының облыстық іріктеуі өткізілді. 270-тей адам сайысқа түсіп ән, күй, жыр-терме аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды», деді ол.

Аталған жобаның негізгі мақсаты еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу, төл өнеріміз күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.

«Men qazaqpyn» халықаралық мега-жобасының ІІ маусымына қатысушылар 3 мемлекеттен (Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Моңғолия) қатысады. Ресей Федерациясы Астрахань өңірінен күй аталымы бойынша 8 адам қатысып, 2 күйші жобаға қатысуға жолдама алды. Қазір республикамыздың әр өңірінде мега-жобаның іріктеу кезеңдері кестеге сай өткізіліп жатыр. Облыстық, қалалық іріктеу кезеңдері нәтижесінде әр аталым бойынша 1 өнерпаздан мега-жобаға жолдама алады. «Men qazaqpyn» мега-жобасының ІІ маусымы 2018 жылдың қыркүйек айының бірінші аптасынан бастап эфирге шығады. Ал финалдық кезеңі 2018 жылдың 16 желтоқсанына жоспарланып отыр», деді Қуаныш Сүлейменов. 

Айта кетейік, Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен «Qazaqstan» РТРК» АҚ бірлесіп, 2017 жылы «Мен қазақпын» атты халықаралық телевизиялық мегажобасын алғаш рет жүзеге асырған болатын.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»