Президент • 08 Маусым, 2018

Елбасы Бейжіңде Халық батырлары ескерткішіне гүлдестесін қойды

438 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапары барысында Тяньаньмэнь алаңында орналасқан Халық батырларының ескерткішіне гүл шоғын қойып, қытай халқының ХІХ және ХХ ғасырлардағы ұлт-азаттық күресі барысында құрбан болған перзенттерінің рухына тағзым етті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі

Елбасы Бейжіңде Халық батырлары ескерткішіне гүлдестесін қойды

Халық батырлары ескерткіші Қытайдың ұлттық монументі саналады. Ескерткіш ХІХ-ХХ ғасырларда өмірін Қытай халқының революциялық күресіне арнаған батырларды мәңгі есте сақтау мақсатында 1949 жылы 30 қарашада Қытай халықтық саяси-консультативтік кеңесінің бірінші жалпы отырысында қабылданған қарар негізінде салынған. Жоба авторы - Лян Сычэн. Дегенмен ескерткіштің кейбір элементтерін оның жұбайы Линь Хуэйинь қосқан.

Құрылыс жұмыстары 1952 жылдың тамызынан 1958 жылдың мамырына дейін жүргізілген. Монументтің биіктігі кейбір бағалауларға қарағанда шамамен 37,94 метрді құрайды. Ал аумағы 3 мың шаршы метрді алып жатыр. 17 мың мәрмәр және гранит блоктардан тұрғызылған ескерткіштің салмағы 10 мың тонна.