Жеңіл атлетика • 08 Маусым, 2018

Ольга Рыпакова үздіктер қатарынан көріне алмады

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жеңіл атлетикадан Норвегияның астанасы – Ослода өткен «Гауһар лигасы» додасының бесінші кезеңіне қатысқан Ольга Рыпакова үздіктер санатынан көріне алмады.    

Ольга Рыпакова үздіктер қатарынан көріне алмады

Бұл жерлесіміз үшін биылғы маусымдағы алғашқы жарыс еді. Біраз уақыт жарыс жолына шықпаған Ольга Рыпакованың әлі бабына келе қоймағаны Ослода анық байқалды. Үш қарғып секіру жаттығуында 14 метр 12 сантиметрлік көрсеткішпен ол алтыншы орында қалып қойды. Бұл бәсекеде бас жүлде колумбиялық Катрин Ибаргуэнге бұйырды. Рио Олимпиадасының жеңімпазы 14 метр 89 сантиметрге секірді. Екінші және үшінші орындарды америкалық Тори Франклин мен ямайкалық  Кимберли Уильямс иеленді. 

«Гауһар лигасының» алтыншы кезеңі енді 10-маусымда Швецияның бас шаһары – Стокгольмде өтеді. Сол жарыста да Ольга Рыпакова бақ сынайды. Ал 30-маусымда айтулы дода Парижде жалғасады.    

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»