Аймақтар • 08 Маусым, 2018

Солтүстік Қазақстан облысында «Өңір» депутаттық тобының көшпелі отырысы болды

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобы Қазақстан Республикасы Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындарында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің өзекті мәселелері мен келешегін талқылау мақсатында осы өңірде отырыс өткізді.

Солтүстік Қазақстан облысында «Өңір» депутаттық тобының көшпелі отырысы болды

«Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Михаил Бортник кездесуді аша келіп, Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттыру және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын түбегейлі ұлғайту міндетін алға қойғанын еске салды. Біз әлемдік нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз керек. Жолдауда «Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек. Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет», - деп атап өтілген болатын. Президент агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін 5 жыл ішінде арттыруды және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды кем дегенде 2,5 есе ұлғайтуды тапсырды. Осы міндеттерді іске асыру үшін ауқымды жұмыстарды атқаруға тура келеді.

Сенатының депутаттарының Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралау барысында көз жеткен кейбір оң нәтижелерге қарамастан, M.Бортник бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. Оның ішінде шикізатты дайындау мен сақтау жүйесінің кенже қалуы, қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігінің шектеулі болуы, ауыл шаруашылығы ғылымының өндірістен алшақтығы, тауар өткізу нарықтарының тарыла бастауы және тағы басқа мәселелер айтылды.

M.Бортниктің айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының, сондай-ақ тауар өндірушілердің ресурстарын тарта отырып, бұл мәселелерді кешенді түрде шешу керек.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев саланы дамыту стратегиясына кластерлік сипатты енгізу қажеттігін атап өтті. Кластерлік әдіс қана осы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді құралы болып табылады.

Отырыста Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, Қазақ ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы Гайни Сарбасова және басқалар қатысты.

Сөз сөйлеушілер астықты жан-жақты өңдеу мен өнімдерден қосымша құн алудың маңыздылығын атап өтті.

Бидай, мал шаруашылығы, майлы дақылдар мен сүт саласы бойынша айтарлықтай экспорттық әлеуеті бар, астық дақылдарын өндіруде әлемде екінші орын алатын Қазақстанға дүние жүзінің азық-түлік нарықтарына шығудың тамаша мүмкіндіктері бар.

Сенатор Ерік Сұлтанов ауыл шаруашылығы өнімдерін бұдан да терең өңдеуге көшіру қажеттігі мен жоғары қосымша құнмен экспортқа шығу туралы айтты.

Талқылауға сенаторлар Ерік Сұлтанов, Рашит Әкімов, Бекмырза Еламанов, Мұратбай Жолдасбаев және Сергей Плотников, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдардың, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшылары қатысты.

Сенаторлар көшпелі отырыс барысында «Тайынша май» серіктестігінде, «BioOperations» (дән ұлпасы мен крахмал зауыты), «Петропавл трактор зауыты», «Маслодел», «РимКазАгро» мекемелері мен ет коминатында болып, өндіріске инновациялық технологияларды енгізу жұмыстарымен танысты.